Блогер әрі белсенді Ұлан Шамшет полицияның заңды талабына мойынұсынбады деген айыппен қамауға алынды
Блогер әрі азаматтық белсенді Ұлан Шамшет 15 тәулікке қамалды. Бұл туралы оның қорғаушысы Диас Ахметов хабарлады.
Ұлан Шамшеттің өзі Фейсбуктағы парақшасында полиция қызметкерлерінің өзіне тінту жасауға келген сәтін көрсеткен видеоны жариялады.
«Менің үйіме полиция қызметкерлері келді. Не үшін келдіңіздер?» деп сұрайды. Полиция қызметкері Шамшетке тінту жұмыстарын жүргізу үшін келгенін, қолында соттың қаулысы барын айтады. «Есірткі сақтауға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Соның аясында сіздің үйіңізді тінтеміз» деп жауап қайырды полиция қызметкері. Одан кейін Шамшет куәгер ретінде келген екі адамды ауыстырып, оның орнына көршілерін шақыруды ұсынды. Осымен видео байланыс үзілді.
Кейіннен белгілі болғандай, Ұлан Шамшеттің үйінен ешқандай да есірткі заттары табылмады. Бірақ, полиция қызметкерлері оны медициналық тексерістен өткізуді талап етті. Бұдан белсенді бас тартты. ««Ол сараптама өтуден бас тартты, себебі оған аталған процедураны өткізу үшін заңды және негізді дәлелдер ұсынылған жоқ», – деп түсіндірді мұны қорғаушысы.
Бұған байланысты Ұлан Шамшеттің үстінен Әкімшілік кодекстің 667 бабы бойынша, яғни, полиция қызметкерінің талабына мойынұсынбау, құқық бұзушылығы тіркеліп, оны сотқа тартты. Сот Шамшетті 15 тәулікке қамау туралы қаулы етті.
«Сот осы жайттардың барлығын ескерген жоқ. Оның үстіне, сот Улан Шамшеттің үшінші топтағы мүгедек екенін, онкологиялық дертпен ауыратынын, сондай-ақ аяқтарының сырқаты бар екенін назарға алмай, оны 15 тәулікке қамауға алу туралы шешім қабылдады. Бұл шешімге шағым түсіретін боламыз», – деді белсендінің қорғаушысы.
Ұлан Шамшетке дейін «есірткі қолданды» деген айыппен Ресей православ шіркеуінің бұрынғы діни қызметкері Иаков Воронцов ты қамалған еді. Оны алдымен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алып, кейін қылмыстық іс бойынша екі айға тергеу изоляторына жапты.
Шамшеттің қорғаушысы былай деді: ««Бүгін үкіметтің әрекеттерін сынға алған журналист ұсталды. Ертең не болады? Келесі кім? Бұл оқиғалар тізбегі немен байланысты? Әрбір істің өзіне тән құқықтық мән-жайлары бар — бағасын сот береді. Алайда қоғам сұрақ қоюға құқылы».
Ұлан Шамшет – almakz.info сайтының редакторы, блогер әрі азаматтық белсенді ретінде белгілі.