Украинадағы басқыншылық соғысты айыптаған бұрынғы шіркеу қызметкеріне «есірткі притонын» ұйымдастырды деген айып тағылды
Орыс православ шіркеуінің бұрынғы қызметкері Иаков Воронцов екі айға қамауға алынды. Оған Қылмыстық кодекстің 302 бабы («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтыну үшiн притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және осы мақсаттар үшiн үй-жайлар беру») және 296 бабы («Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу») бойынша айып тағылды. Егер бұл баптар бойынша кінәсі дәлелденсе, бұрынғы шіркеу қызметкері үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Воронцов бұған дейін 10 тәулік әкімшілік жазасын өтеп шыққан болатын. Ол босатылуы тиіс күні оның жақтастары Алматы қалалық полиция департаментінің алдына жиналып, бұрынғы діни қызметкерді күтіп алуға келді. Алайда, қорғаушылары Воронцовты тергеушілерге әкеткенін хабарлады.
«Ол қазір 72 сағатқа қамауға алынды. Алдағы уақытта тергеу соты болады. Содан кейін Воронцовты үйқамаққа жібере ме, әлде қамауға ала ма – белгілі болады» деді қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов.
Иаков Воронцов өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. «Менің үйімде ешқандай заңсыз притон ешқашан болған емес. Рухани жұбаныш пен ізгі сөз іздеп түрлі адамдар келетін. Олар әңгімелесу және бірге дұға ету үшін — менің пікірлесім, діндесім ретінде келетін. Үйімнен табылған әлгі ұнтақ маған тиесілі емес. Менің пайымдауымша, оны әдейі жала жауып, қаралау және беделімді түсіру мақсатында тастап кеткен».
Иаков Воронцовтың жақтастары мұны саяси астары бар қудалау деп санайды. Себебі, бұрынғы шіркеу қызметкері Украинадағы басқыншылық соғысты айыптап, оны тоқтатуға үндеді. Одан бөлек, Воронцов Орыс православ шіркеуінен бөлініп, тәуелсіз шіркеу құруды да ұсынған болатын. Осының бәрі оны қудалауға әкеп соқты деп санайды жақтастары.
«Иаковтың көктамырлары мен буындары ауырады. Сол себепті біз оған дәл қазір қажет болып отырған толыққанды емді үй жағдайында алуына мүмкіндік беретін үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануды сұрадық. Ол тергеуден жасырынуды да, тергеу барысына кедергі келтіруді де ойламайды. Алайда прокурор оны екі ай мерзімге қамауға алуды талап етті. Сот: «Қорғау тарапының үйқамақ қолдану туралы өтініші қанағаттандырылмасын, екі ай мерзімге қамауға алу шарасы қолданылсын», – деп қаулы етті. Мен бірден бұл шешіммен келіспейтінімді және оған шағым түсіретінімді мәлімдедім. Сондай-ақ оған тиісті медициналық көмектің көрсетілуін қамтамасыз ету мәселесі бойынша Денсаулық сақтау департаментіне және Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне жүгінетін боламыз», – деп хабарлады ҚазТАГ агенттігіне қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов.