Жанар Секербаева өзін «көп балалы ана, дәстүрлі құндылықтарды ұлықтаушы» деп таныстыратын Зиуар Жұманованы ұрып соқты деп айыпталды
Feminita ұйымының белсендісі, ЛГБТИК өкілі Жанар Секербаеваның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Оны Қылмыстық кодекстің 109-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни «Ұрып-соғу» айыбымен жазаға тартпақ. Егер кінәлі деп танылса, «сексен айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не жиырма бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады».
Секербаеваның өзі мұны саяси астары бар қудалау деп санайды. Ол былай деді: «Мені белсенділігім үшін және ориентациям үшін жазалағысы келеді. Feminita-дағы әріптестеріммен бірге 11 жыл бойы Қазақстандағы ЛГБТИК+ өкілдерінің құқықтарын қорғағаным үшін бе? Қорықпай өмір сүріп, белсенділікті тастамағаным үшін бе? Әділетсіздік, дискриминация, әйел құқығының бұзылуымен жан-тәніммен күресемін. Осындай лас арандатушылықтарды ұйымдастырып жатқандардың (неге екені белгісіз, оған мемлекеттік органдар да қатысады – Ж.С) алдында бір қадам да артқа шегінбеймін. Қазақстанның басты мәселесі жемқорлық, ақылдылардың елден кетуі, экономикалық дағдарыс, фемицид, адам өлімі мен суицид деп ойлап едім, бірақ авторитарлық алпауытқа қарсы тұрған бір лесби болады деп ойламаған едім».
«Азаттықтың» жазуынша, «қылмыстық іс 2025 жылы 22 қарашада “Френч” дәмханасындағы оқиғадан кейін Зиуар Жұманованың өтініші бойынша қозғалған. Сол күні Жұманова өзге де әйелдермен Секербаева және өзге де белсенділер отырған дәмханаға барып, рұқсатсыз видео түсіріп, айқайлай бастаған. Осыдан кейін полиция шақырылған».
Жұманова полицияға арызында “өзін ұрғанын, баспалдақтан құлап қалғанын” айтқан. Ал белсенді Секербаева керісінше өзінің сол кезде өзінің соққыға жығылғанын, бірақ өзінің шағымын полиция қабылдамағанын алға тартады.
Жанар Секербаева ЛГБТ қозғалысының белсенді өкілі ретінде танылды соңғы жылдары. Оның ұйымы жыл сайын 8-наурызда феминистік шеру өткізуге өтініш тапсырады. Екі рет ондай шеруді Алматыда өткізіп, оған жүздеген адам жиналған еді. Былтырдан бастап Алматы қаласы әкімдігі Секербаева мен оның жақтастарына ондай жиын өткізуге рұқсат бермей отыр.
Сонымен бірге, Feminita қозғалысы ЛГБТ үгіт насихаты үшін жазаға тарту туралы заңға өзгерістерді қатаң сынауымен көзге түсті. Халықаралық ұйымдардың сынына қарамастан, Қазақстан парламентінің қос палатасы ЛГБТ насихатына тыйым салатын өзгерістерді заңға енгізді.