Бас прокуратура Ресей белсендісін экстрадицияламақ
  • Басты
  • >
  • Бас прокуратура Ресей белсендісін экстрадицияламақ

Бас прокуратура Ресей белсендісін экстрадицияламақ

14.02.2026

Алексей Навальный штабының еріктісі Юлия Емельянова Ресейге қайтарылса, ұзақ жылға түрмеге қамалуы мүмкін деп қауіптенеді қорғаушылары

Қазақстан Бас прокуратурасы ресейлік белсенді, Навальный штабының еріктісі болған Юлия Емельянованы отанына экстрадициялау туралы шешім шығарды. 

«Антивоенный комитет» хабарлауынша, ҚР Бас прокуратурасы Емельянованы Ресейге қайтару туралы шешім шығарды. Көрші мемлекет оған қатысты «телефон ұрлау» ісі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қазіргі таңда ресейлік белсенді тергеу изоляторында отыр. Мұның алдында Бас прокуратура оның экстрадициясы туралы мәселені кейінге қалдыратынын хабарлаған болатын. Себебі, Емельянова біздің елден саяси баспана алуға өтініш түсірген еді.

Юлия Емельянова Алматы әуежайында 2025 жылдың күзінде ұсталды. ОНың қорғаушысы Мұрат Адамның айтуынша, Ресей күштік құрылымдары оны 12 мың рубль тұратын телефон ұрлады деп айыптап отыр. Олардың құжаттарына қарағанда, Емельянова бұл қылмысты 2021 жылы жасаған-мыс.

«Антивоенный комитет» пікірінше, Емельянованың үстінен қылмыстық істің қозғалуында саяси астар бар. Ресейде ол саяси белсенді ретінде танылып, марқұм саясаткер Алексей Навальныйдың Санкт-Петербургтегі штабында ерікті болды. 

Қорғаушы Мұрат Адамның айтуынша, бұл істің саяси астары бары анық. «12 мың рубль немесе 60 мың теңге тұратын телефон үшін адамды басқа мемлекеттен іздеуге сала ма? Бұл күлкілі сома емес пе? Сондықтан, оны қудалаудың саяси астары бары анық» дейді Адам. 

Cонымен бірге, Мұрат Адам Жоғары сотқа шағым жолдағанын да жеткізді. Егер Емельянова Ресейге қайтарылса, билік органдары оны ұзақ жылға түрмеге қамауы мүмкін деп қауіптенеді қорғаушылары. 

Қазақстан бұған дейін саяси астары бар істер бойынша айыпталған Ресей азаматтарын экстрадициялаған. 2026 жылдың басынан бері ел билігі шешен белсендісі Мансур Мовлаев пен әскери қызметтен қашқан Семен Бажуковты Ресейге беруге келісті, сондай-ақ ІТ-маман Александр Качкуркинді депортациялады. Мәскеуге ұшып барған соң Качкуркинді ресейлік күштік органдар «мемлекеттік сатқындық» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында қамауға алды.

Қазіргі таңда шешен белсендісі Мансур Мовлаевтың мәселесіне қатысты халықаралық ұйымдардың назары ауып тұр. Мовлаевтың қорғаушыларының айтуынша, белсендіні Ресейге экстрадицияласа, оны шешен билігінің қолына тапсыруы мүмкін. Ал онда барса, Мовлаевтың өміріне қатер төнеді деп қауіптенеді олар.