Соғысқа қарсы иеромонах Алматыда қамалды
  • Басты
  • >
  • Соғысқа қарсы иеромонах Алматыда қамалды

Соғысқа қарсы иеромонах Алматыда қамалды

14.02.2026

Иеромонах Иаков Воронцов есірткі қолданды деген айыппен әкімшілік қамауға алынды. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды

Бұрынғы шіркеу қызметкері, иеромонах Иаков Воронцов Алматыда ұсталды. Бұл туралы журналист Данияр Молдабеков хабарлады. 

«Түнде Иаков Воронцовтың үйіне полиция қызметкерлері келіп, тінту жұмыстарын жүргізіп, өзін полиция департаментіндегі уақытша ұстау изоляторына алып кетті» деп жазды журналист. 

Кейін белгілі болғандай, Воронцовтың үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, оны он тәулікке қамау туралы шешім шықты. 

«Воронцовқа медициналық емес мақсатта есірткі қолданды деген іс қозғалды. Соған сәйкес, ол он тәулікке қамалды» деп хабарлады иеромонахтың қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-1-бабына сәйкес, «есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну, егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, жеке тұлғаға қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады». Бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанған жағдайда жаза екі есе ұлғайтылады.

Алайда, Иаков Воронцовқа тағылған айып мұнымен шектелмейді. Алматы қалалық полиция департаменті оның үстінен қылмыстық іс қозғап, тергеу әрекеттері басталғанын хабарлады.

«Алматы қаласы Полиция департаментінің тергеу басқармасында есірткі құралдарын тұтынуға арналған притон ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде. Күдікті ретінде 1986 жылы туған ер адам ұсталды.

Тінту шаралары барысында ұнтақ тәрізді заттар тәркіленді. Медициналық куәландыру нәтижесінде оның есірткі құралдарын қолданғаны расталды» деді қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.

Сонымен бірге, Воронцовпен бірге есірткі тұтынды деген азаматтар да іздестіріліп, оларға қатысты тергеу амалдары жүргізілетінін де хабарлады полиция қызметкерлері.

Соған қарағанда, Иаков Воронцов әкімшілік қамаудан кейін бірден қылмыстық жауапкершілікке тартылып, тергеу изоляторына қамалуы мүмкін деп болжайды бірқатар құқық қорғаушылар. 

Иеоромонах Воронцов – Қазақстан православ шіркеуін Орыс православ шіркеуінен бөлу керек деген ұсыныс көтерген дін қызметкерінің бірі. Одан бөлек, Воронцов Украинадағы соғысқа қарсылық білдіріп, Ресей билігіне, Кремльді қолдаған дінбасыларға ашық наразылығын танытқан еді. Құқық қорағушылар Воронцовты қудалаудың астарында саяси мәселе бар ма деп күдіктенеді.