Қытай туын өртеген белсенділерге қатысты сот басталмақ
  • Басты
  • >
  • Қытай туын өртеген белсенділерге қатысты сот басталмақ

Қытай туын өртеген белсенділерге қатысты сот басталмақ

23.01.2026

Қытай бас консулдығы «Атажұрт» белсенділерінің Қытай туын өртеу акциясына алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан сыртқы істер министрлігіне хат жолдағаны белгілі болды

23 қаңтарда Талдықорған қаласында «ұлтаралық араздықты қоздырды» деп айыпталған «Атажұрт» тіркелмеген партиясының 19 белсендісінің соты басталады. Естеріңізге сала кетсек, олар «Қытай туын және Қытай басшысының суретін өртегені үшін» қылмыстық іске тартылып, оларды тергеу соты қамауға алу туралы санкция берген еді.

Белсенділер бұл істің артында саяси мәселе тұр деп санайды. Олардың жақындарының сөзінше, белсенділер осы арқылы Қытайда қамауға алынған Әлімнұр Тұрғанбайдың мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдіруді жөн көрген. Сол үшін түрмеге қамауды, сотқа тартуды белсенділердің туыстары қысым деп санайды. 

Осы күндері «Азаттық» радиосы мақала жариялап, онда белсенділерге қатысты қудалаудың артында Қытай билігі тұр деген тоқтамға келеді. «Азаттық Алматыдағы Қытай бас консулдығының Қазақстан сыртқы істер министрлігіне жолдаған дипломатиялық нотасын қолға түсірді. Онда белсенділер ұйымдастырған 13 қарашадағы наразылық “Қытай Халық Республикасының абыройына қарсы ашық арандату және Қытай коммунистік партиясының, сондай-ақ Қытай басшысының беделіне тіл тигізу” деп сипатталып, Қазақстан билігінен “жан-жақты тергеуді” талап етеді», делінеді бұл мақалада.

Қытай бас консулдығының Қазақстан сыртқы істер министрлігіне жолдаған хатында былай делінеді: «Кейінгі жылдары “Атажұрт” ұйымы Қытайға қарсы бағытталған көптеген шара ұйымдастырды. Бұл оқиға заңсыз “Атажұрт” ұйымы тарабынан әдейі жоспарланған және Қытайдың ұлттық қадір-қасиетіне қарсы ашық арандату деп білеміз, сондай-ақ Қытай коммунистік партиясының және Қытай басшысының имиджін қорлау деп бағаланады. Бұл жағдай екі ел арасындағы достық қарым-қатынасқа айтарлықтай теріс әсерін тигізді. Қытай тарабы бұл оқиғаға байланысты елеулі алаңдаушылық білдіреді. Екі ел арасындағы саяси қарым-қатынастың жоғары деңгейін ескере отырып, бас консулдық өкілдіктен бұл мәселеге айрықша назар аударып, тиісті шара қабылдап, жан-жақты әрі байыпты тергеу жүргізуді және жағымсыз салдардың мейлінше азаюуын қамтамасыз етуді сұрайды. Бас консулдық тергеу нәтижелеріне үміт артады».

Қытай Елшілігінің ту өртеуге қатысты мәселе көтергенін Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі де растады. «2025 жылғы қарашада Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінде Қытайдың Қазақстандағы елшісімен кезекті кездесу өтті. Оның барысында екіжақты күн тәртібіндегі мәселелермен қатар Алматы облысы Ұйғыр ауданында 2025 жылғы 13 қарашада болған оқиға да талқыланып, Қытай тарапына бұл мәселеге қатысты Қазақстанның құқық қорғау органдары қабылдаған шаралар жөнінде ақпарат берілді», деді СІМ ресми өкілі Жетібаев «Азаттыққа» жолдаған жауабында. 

Қазір бұл акцияға қатысқан 13 белсенді тергеу изоляторында қамауда, алтауы үйқамақта отыр. 

Соттың қандай тоқтамға келетіні әзірше белгісіз. Бірқатар халықаралық ұйымдар бұл істің саяси астары бар деген қорытындыға келгені де мәлім. Халықаралық адам құқықтары жөніндегі серіктестік (IPHR) пен Қазақстандағы Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро бірлескен мәлімдемесінде бұл істі “саяси астары бар” деп айыптап, оның Қазақстанның халықаралық адам құқықтары жөніндегі міндеттемелеріне сай келмейтінін атап өтті.