Сенат халықаралық ұйымдардың наразылығын тудырған ЛГБТ насихатына тыйым салатын өзгерістерді қабылдады.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына келесідей өзгерістер енгізілді: Ұлттық архив қоры мен тұжырымдамалық аппарат құрамын қазіргі кезеңнің, оның ішінде цифрландырудың шындықтарын ескере отырып кеңейту; ауылдық жерде жұмыс істейтін архив қызметкерлеріне қосымша ақы төлеудің заңдылығы; архивтерге «Ұлттық» мәртебесін беру арқылы архив саласының имиджін арттыру; өскелең ұрпақты дәстүрлі емес жыныстық қатынастар мен педофилияны насихаттаудан қорғау.
ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы өзгерістерге ЕуроОдақ өкілдері де өз қарсылығын білдірді. Атап айтқанда, желтоқсан айының басында ЕуроОдақтың Қазақстандағы Елшісі Алешка Симкич сенат төрағасының орынбасары Жақып Асановпен кездесіп, бұл өзгерістерді қабылдамауға шақырды. Елшінің айтуынша, Еуропалық Одақ Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесіп, аталған түзетулер халықаралық және конституциялық міндеттемелерге қарамастан, кемсітушілікті институционалдық деңгейде бекіту қаупін тудырады деп санайды.
«Мен бұл мәселені билік өкілдерінің назарынa жеткіздім: Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы (БҰҰ АЖЖКБ) да бұл түзетулер кемсітушілікті институционалдандыруы мүмкін екенін атап өткен. Біз мұны өте маңызды проблема деп бағалаймыз және бұл туралы Сенатқа да хабардар еттім. Алдағы уақытта қандай шешім қабылданатынын көре жатармыз», деді Симкич.
«Біздің пайымдауымызша, Қазақстанда заңдардың қолданылу тәжірибесін ескерсек, [бұл түзетулер] іс жүзінде кемсітушілікке алып келуі ықтимал. Біз мұндай үгіт-насихаттың бар екеніне сенбейміз: ЛГБТ-насихат деген ұғым жоқ. Біз бұл бастаманың тұжырымдамалық негізімен түбегейлі келіспейміз» деп мәлімдеді Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Алешка Симкич.
Соған қарамастан, сенат екі оқылымда заңға түзетулерді қабылдап, оны президентке жолдады. Егер мемлекет басшысы оған қол қойса, заңға енгізілген түзетулер қабылданады деген сөз.
Сонымен бірге, Алматы қаласы әкімдігі феминистік ұйымдарға 7-8 наурыз күндері шеру өткізуге рұқсат беруден бас тартқаны белгілі болды. Бұл туралы аталмыш қозғалыстың өкілдері хабарлады.
«Төрт шешімнің барлығында бірдей негіз көрсетілген: «мәлімделген тақырып бойынша бейбіт жиналыстар өткізу қоғамдық тәртіптің бұзылу қаупін төндіреді» деген уәж. Алайда шешімдерде нақты құқықтық немесе фактілік негіздемелер келтірілмеген», — деп көрсетілген ұйымдастыру комитетінің мәлімдемесінде.
Феминистік ұйымдар 2024 жылы да, биыл да шеру өткізуге рұқсат ала алмай келе жатқаны белгілі. Соңғы рет олар 2023 жылы Ганди паркінің алдында бейбіт жиын өткізіп, өздерінің құқығын сақтауды талап еткен болатын.
