Халықаралық ұйымдар КазТАГ журналистеріне қысымды тоқтатуға шақырды
  • Басты
  • >
  • Халықаралық ұйымдар КазТАГ журналистеріне қысымды тоқтатуға шақырды

Халықаралық ұйымдар КазТАГ журналистеріне қысымды тоқтатуға шақырды

11.12.2025

Асет Матаев пен Гүлнар Бажкенованың қылмыстық ісіне ҚР Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева да назар аударды

Freedom Finance қаржылық ұйымының басшысы, Ресейден келген олигарх Тимур Турловтың арызы бойынша КазТАГ ақпараттық агенттігінің жетекшісі Асет Матаев пен оның бас редакторы Амир Касенов Алматы қалалық полиция департаментіне тергеуге шақырылды. Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 274 бабы бойынша іс қозғалып, журналистер «күдікті» деп танылды. 

Бұған байланысты бірқатар халықаралық ұйымдар мәлімдеме жасап, КазТАГ басшылығын қудалауды тоқтатуға шақырды. Штаб пәтері Нью Йоркте орналасқан Журналистерді қорғау комитеті (СPJ) бұған байланысты мынадай мәлімдеме жасады: «Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) КазТАГ ақпарат агенттігінің директоры Асет Матаев пен бас редактор Амир Касеновқа жалған ақпарат тарату бойынша тағылған айыптарға, сондай-ақ ертең өздеріне тапсырылуы тиіс тергеуге шақыру қағазына байланысты алаңдаушылық білдіреді. Бұл оқиға дәл осындай айыппен белгілі журналист Гүлнар Бажкенованың өткен аптада қамауға алынғанынан кейін орын алды. Біз Қазақстан билігін жала жабуды қылмыстық жауапкершіліктен алып тастауға және жалаға қатысты істердің тек азаматтық сот тәртібімен қаралуын қамтамасыз етуге тағы да шақырамыз». 

Халықаралық ұйымдардан бөлек, қазақстандық «Әділ сөз» ұйымы да Матаев пен Қасеновты қудалауды тоқтатуға шақырды. ««Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры МИА «ҚазТАГ» бас директоры Асет Матаевқа және агенттіктің бас редакторы Амир Қасеновке қатысты қозғалған қылмыстық іс пен тергеу әрекеттерін жүргізу барысында жіберілген заңбұзушылықтарға байланысты қатты алаңдаушылық білдіреді. «Әділ сөз» МИА «ҚазТАГ» Қазақстандағы ең тәжірибелі әрі ықпалды ақпарат агенттіктерінің бірі екенін атап өтеді. Қордың айтуынша, бұл жай ғана БАҚ емес, елдің қазіргі тарихының маңызды бір бөлігі.

«Ақпарат кеңістігінің едәуір бөлігі жаһандық платформалардың алгоритмдері арқылы басқарылатын қазіргі жағдайда ұлттық тәуелсіз медиа ресурстарды сақтау – қоғамдық маңызы бар және мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты мәселе», – делінген хабарламада.

Дәл осы баппен «Орда» порталының жетекшісі Гүлнар Бажкенова да қылмыстық қудалауға ұшырауда. Алматы қалалық соты оны үйқамақта ұстау бұлтартпау шарасын өзгеріссіөз қалдыруды жөн көрді. Журналистің қорғаушысы Мұрат Адамның сөзінше, сот Бажкенованы не себепті үйқамақта ұстау керегін де түсіндірмеген. Қорғаушылардың бірде бір аргументі де назарға ілінбеді дейді Адам мырза. 

КазТАГ журналистері мен Бажкенованың қудалануына қатысты вице-премьер – Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева да пікір білдірді. «Бүгінде Қазақстанның медиа кеңістігінде бірнеше сот процесі өтуіне байланысты талқы жүріп жатыр. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл процестерді, соның ішінде Orda.kz пен ҚазТАГ-қа қатысты істерді ерекше назарда ұстап отыр.

Біз үшін елімізде сөз бостандығының сақталуы мен барлық ақпарат таратып отырғандардың заң аясында жұмыс істеуі аса маңызды. Кәсіби журналистика адалдыққа, объективтілікке және тексерілген ақпараттың нақтылығына негізделуі керек.

Мұндай жағдайлар әрдайым медиа қауымдастықты алаңдатады. Себебі бұл сөз бостандығы мен заңды журналистік қызмет секілді аса маңызды мәселелерге тікелей қатысты.

Кәсіби бұқаралық ақпарат құралдары заңды бұзбай жұмыс істеген жағдайда ғана мемлекет олардың құқығын тиімді қорғай алатынын түсінуі тиіс. Ал егер тараптар арасындағы қатынастар құқықтық алаңға ауысса, мемлекеттік органның араласуы сотқа қысым ретінде қабылдануы мүмкін.

Қалай болғанда да, біз кәсіби журналистерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық істердің барынша ашық әрі объективті қаралуы қажет екенін әрдайым талап етіп келеміз» делінеді Балаеваның Фейсбук парақшасында. Асет Матаев пен Амир Касенов те, Гүлнар Бажкенова да өздеріне тағылған айыппен келіспейді. Қоғамдық кеңістікте журналистерді қолдаған көптеген жарияланымдар шығуда. Журналистерді қудалау – Қазақстандағы сөз бостандығы жағдайына орасан зор нұқсан келтіретіні сөзсіз.