Петропавлда белсенді Нұрбол Өнерханның үстінен 405 баптың 2 бөлігі бойынша («экстремистік ұйымның жұмысына араласу») қылмыстық іс қозғалып, үйінде тінту амалдары жүргізілді.
Бұл туралы белсенді Әсет Әбішев хабарлады.
Нұрбол Өнерханның үйіндегі тінту амалдары қалай басталғаны туралы видеоны Әбішев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Онда бірнеше полиция қызметкерлері бейнеленген. Видеода айтылған мәліметтерге қарағанда, тінту жұмыстары 8-желтоқсан күні жүргізілген. Өзін полиция капитаны «Евгений Романов» деп таныстырған адам қолында қылмыстық іс жөнінде қаулы барын айтады. Өнерхан видеода өзіне 405-баптың 2-бөлігі бойынша іс қозғалғанын хабарлап үлгереді, ары қарай видео түсірілім тоқтайды. Бұл бап бойынша белсенді екі жылға түрме жазасына немесе сол мерзімге бостандығын шектеу жазасына ілінуі мүмкін.
Естеріңізге сала кетсек, Өнерхан бұған дейін де дәл осы баппен қылмыстық қудалауға ұшыраған болатын.
