Астанада ЛГБТ белсендісі пикетке шықты
  • Басты
  • >
  • Астанада ЛГБТ белсендісі пикетке шықты

Астанада ЛГБТ белсендісі пикетке шықты

05.12.2025

ЛГБТ насихатына қатысты заңдағы өзгерістерге наразылық білдірген белсендіні полиция ұстады

Астанада, үкімет ғимараттары орналасқан маңда, ЛГБТ белсендісі Яра Тычина пикет өткізіп, заңға енгізілгелі жатқан өзгерістерге қарсы наразылық танытты.

Естеріңізге сала кетсек, жақында мәжіліс заңға өзгерістер енгізіп, ЛГБТ үгіт насихаты үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуды көздейтін нормаларды қабылдады. Қазір бұл заң жобасы сенаттың қарауында.

Халықаралық ұйымдар бұған наразылығын білдіріп, аталмыш өзгерістерді қабылдау – адам құқығын өрескел бұзуға әкеледі деген тоқтамға келді. Олар Қазақстан билігіне үндеу жасап, ЛГБТ насихаты үшін жазаға тарту туралы өзгерістерді қабылдамауға шақырды.

Осыған байланысты Яра Тычина Астанада жалғыз адамдық пикет өткізді. Жиынға келе салысымен ол былай деді: «Мен бұл өзгерістерге үзілді кесілді қарсымын. Себебі, ол менің құқығымды ғана емес, таныстарымның, достарымның, әріптестерімнің құқығын бұзады. Менің отбасымның басым көпшілігі ЛГБТ өкілдері. Олардың да құқығы аяққа тапталғалы отыр. Бұл заңның ЛГБТ үгіт насихатына еш қатысы жоқ. Одан кейін біздің бас қосуымызға да тыйым салынады деген сөз».

Сонымен бірге, Яра Тычина бұл өзгерістер Ресейдегі заңды қайталау деп мәлімдеді. «Ресейге ұқсамайық, олардың заңын көшірмейік» деп мәлімдеді ЛГБТ белсендісі.

Осы сөзді айта бергенде, Тычинаға полиция өкілдері келіп, «өткізіліп жатқан жиын заңсыз, тарауларыңызды сұраймыз» деді. «Сіздің әкімдіктен ешқандай рұқсатыңыз жоқ» дегенді қайталады полиция қызметкерлері.

Журналистер бұған қарсылығын білдіріп, «жалғыз адамдық пикет үшін әкімдіктен рұқсат сұрау керек пе?» Деген сұрақ қойды. Осыдан кейін полиция өкілдері Тычинаны ұстап, бөлімшеге алып кетті.

Көп ұзамай Яра Тычина полициядан босатылды. «Маған бөлімше ішінде ешқандай да қысым жасалмады. Бірақ, менің заңды өкілімді бір сағаттай кіргізбеді. Ешқандай артық ауыс әрекет жасамады. Барлығы дұрыс. Заңсыз әрекеттерге бармады полиция қызметкерлері. Қысым жасалмады», деді Яра Тычина.

Бұл ЛГБТ өкілдерінің алғаш рет заңдағы өзгерістерге наразылық ретінде пикетке шығуы. Одан кейін де наразылық жалғасады деп отыр аталмыш ұйым белсенділері.

Соңғы кездері қоғамда ЛГБТ насихатына қарсы заң қабылдау керек пе, жоқ па деген мәселе қызу талқыланып жатыр. Былтыр ЛГБТ қарсыластары петицияға 50 мың қол жинап, бұл мәселе министрлік деңгейінде, қоғам белсенділерінің қатысуымен де талқыланған еді. Халықаралық ұйымдар ЛГБТ өкілдерін қудалау – адам құқығын аяққа таптау деп мәлімдейді.

Қазақстан билігі АҚШ президенті Дональд Трамптың саясатын мысал ретінде келтіреді. Түптің түбінде, қандай тоқтамға келетіні белгісіз ресми органдардың.