Мәжіліс депутаттары ЛГБТ насихатына қарсы нормаларды мақұлдады.
Халықаралық ұйымдар мұны «адам құқығын шектеу» деп бағалады
Халықаралық ұйымдардың сынына ұшыраған «дәстүрлі емес жыныстық
ұстанымды насихаттауға» тыйым салуды көздейтін түзетулерді мәжіліс
депутаттары қабылдады.
Бұл «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мұрағат
ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң
жобасына қатысты түзетулер болып отыр.
Балаларды денсаулығына және дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау
мақсатында түзетулерде бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация
желілері мен онлайн-платформалар арқылы, сондай-ақ қоғамдық кеңістікте
педофилияны және (немесе) дәстүрлі емес жыныстық ұстанымды
насихаттайтын ақпаратты таратуға шектеу қою нормалары көзделген.
Қарапайым тілмен айтқанда, бұл ЛГБТ насихатына қарсы түзетулер.
Мәжіліс депутаттары бұл нормалардың қабылдануын толыққанды қолдап
отыр. Олардың ойынша, ЛГБТ мен педофилия насихатына толыққанды тыйым
салынады, келешек ұрпақтың мінез құлқына әсер ететін ақпаратқа шектеу
қойылады.
Сонымен бірге, елде көрсетілетін барлық фильмдер арнайы сараптамадан
өтеді, ал ЛГБТ насихаты болуы мүмкін кітаптар мен туындылардың
барлығына «18+» белгісі қойылады. Яғни, кәмелеттік жасқа толмаған
балаларға оларды қарауға шектеу салынады.
«Түзетулер күшіне енген кезде, мұндай контент 18+ белгісімен
таңбаланатын болады. Осындай көріністер бар материалдарға 18 жастан
асқан көрермендерге ғана қолжетімділік беріледі», – деді мәдениет
вице-министрі Кочетов.
Бұл түзетулерді қабылдамауға шақырып, Қазақстан билігіне жеті бірдей
халықаралық ұйым үндеу жасаған еді. Access Now, Азаматтық құқықтарды
қорғаушылар (Civil Rights Defenders), Денсаулық, құқық, гендер және
жыныстық әртүрлілік мәселелері жөніндегі Еуразиялық коалиция, Адам
құқықтары жөніндегі Хельсинки қоры, Human Rights Watch, Адам құқықтары
жөніндегі халықаралық әріптестік және Норвегиялық Хельсинки комитеті
бұл нормалардың қабылдануы Қазақстанның адам құқығын қорғау бойынша
міндеттелемерді орындамауының көрінісі болады деп мәлімдеді.
Олар былай деді: «Қазақстан ұмтылып отырған демократиялық қоғамда дәл
қазір ұсынылып отырған кемсітушілікке жол беретін және адам құқықтарын
бұзатын ережелердің болуы мүмкін емес».
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары атап өткендей, егер бұл түзетулер
қабылданса, ЛГБТИК+ өкілдеріне қарсы бағытталған нормалардың қандай
негізге сүйеніп дәлелденетіні белгісіз болып қалады.
Олардың ойынша, бұл өзгерістерге сүйеніп, ЛГБТ өкілдерін әкімшілік жен
басқа да жаза түрлеріне тарту жеңілдей түседі.
«Полиция тарапынан көрсетілетін зорлық-зомбылық, қоқан-лоққы мен
ЛГБТИК+ қауымдастығының өкілдеріне қатысты адам қадір-қасиетін
қорлайтын әрекеттер — бұл құқықтарды қолдайтын адамдар арасында құқық
қорғау органдарына деген терең сенімсіздік туғызды», – деп мәлімдеді
құқық қорғау ұйымдары. Олар сондай-ақ мұндай қылмыстар үшін көбіне
ешкімнің жауапқа тартылмайтынын атап өтті.
Одан бөлек, халықаралық құқық қорғау ұйымдары бұл өзгерістер
қабылданған жағдайда «әлемдік қауымдастық бұл шешімді қатаң сынға алуы
тиіс» деп атап өтті.
Енді бұл түзетулерді сенат мақұлдауы тиіс. Егер парламенттің жоғары
палата сүзгісінен өтсе, жаңа нормалардың қабылдануы үшін президент қол
қоюы керек болады.
Сынға ұшыраған өзгерістер қабылданды
13.11.2025