Астанадағы Ұлттық ұлан әскери бөлімшесінде 21-жастағы сарбаз қаза болды. Анасы ол «өз өзін өлтірді» дегенге сенбейді.
«Сарбаздың басына екі рет оқ атып, істі өз өзін өлтіру деп жауып тастады». Осындай тақырыппен Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының баспасөз клубында жиын өтті.
2023 жылы 9 қазан күні Астанадағы №6636 Ұлттық ұланның әскери бөлімшесінде 21-жастағы Қайсар Сұлтанов көз жұмды. Ресми версияға сәйкес, ол өз өзіне қол жұмсады. Сонымен, іс жабылды. Бірақ, анасының шағымдарынан кейін, бұл істі тергеу осымен үшінші рет, қайта жанданды. Анасы баспасөз жиынында көптеген сараптама қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, Қайсар Сұлтанов өз өзін өлтіруі мүмкін емес.
Баспасөз жиынында сөз алған заңгер, жәбірленуші тараптың өкілі Инга Иманбай былай деді: «Адам өз өзінің басына екі рет ата алмайтыны анық. Ол ойға кірмейтін дүние. Қайсар екі рет өз өзіне атты дейді. Бірінші оқ пен екінші оқтың атылуының арасында алты минут өткен. Сарапшылардың қорытындысы бұл. Бірінші оқтан кейін оның миының жартысы шашылып кеткен. Алты минуттан кейін ол қалайша өз өзін екінші рет атады? Қандықол қылмыскер сонда кім? Қайсарды атқан кім? Қандай шендегі қызметкер? Оны анықтау керек емес пе? Әскердегі өлім саны неге азаймай тұр? Себебі, осындай жағдайларды дұрыс тексермейді. Өз өзіне қол салды деп істі жаба салады. Қайсардың анасы екі жылдан бері әділдік үшін күресіп келеді. Шындықты іздеп жүр. Барлығы ондайға бармайды, өкінішке қарай. Әскердегі өлімді азайту керек. Қазақстанға мықты қарулы күштер керек. Ол сөзсіз. Бірақ, әскерде тәртіп болу керек емес пе? Халықтың сенімі азайып келеді осындай жағдайлардан соң. Баласын әскерге жібергісі келмейді. Сол үшін билік ойлануы керек. Қайсардың, Ербаянның ісін мұқият тергеуі қажет. Қайсардың ісін қайта алайық. Екі оқтан бөлек, оның дене жарақаттары да болды. Яғни, оны біреу ұрып соққан ғой. Қайғылы жағдайдан бір күн бұрын Қайсарды анасы көрді. Ешқандай жарақат болмады. Демек, сол қазасының алдында болған жағдай ғой бұл».
Қайсар Сұлтановты анасы Сәуле Тлеубергенова мынаған назар аударды: «Мен Сұлтанов Қайсардың анасымын. 2023 жылы Қарағанды университетін бітірген соң оны әскерге шақырды. Астанада борышын өтеді. Бір айдан соң менің баламды өлтірді. Ұлттық ұланның ғимаратында өлтірді. Үш рет қылмыстық іс жабылды. Өз өзін өлтірді деді. Тергеу ешқандай дерек көрсетпеді мұны дәлелдейтін. тергеушілер шындықты ашуға еш әрекет етпеді. қылмыскерді жасыруға көмектесті деп айта аламын. Сондықтан, тергеуді өз қолыммен жасадым. Сарапшыларды шақырдым. Бірінші оқтан кейін оның миы шашылып кеткен, бүкіл басы жарақат алған. Алты минуттан кейін ол қалай өз өзін екінші рет атады? Бұл мүмкін емес қой. Сарапшының қорытындысына сәйкес, ол бірінші оқтан кейін ешқандай әрекет жасай алмайды. Бірден қайтыс болады. Барлық видео жазбалар өшірілген. Оған да сараптама қорытындысын жасаттым. Дискті түгел форматтағаны анық болды. Серверге өзгерістер енгізілген. Не үшін жасады мұны? Оқиға болған орындағы видеоны көрдім. Полиция бейне таспа түсірген. Терезе ашық болды. Бұл екінші қабатта жаттығу халында болған оқиға. Баламды атқан адамдар екінші қабаттан секіріп, қашып кеткен болуы мүмкін. Сол күні нарядқа үшінші взвод шыққан. Менің балам бірінші взводта борышын өтеді. Не үшін оны нарядқа шығарды? Меніңше, балам әскерилердің қылмысын көрген. Бәлкім, олардың қару жарақ ұрлағанын көрді. Сол үшін оны әдейі нарядқа шығарды. Өлтіру үшін. Үшінші взводта басқа сарбаз болмады ма? Қасақана бірінші взводтағы баламды шығарды».
Сонымен бірге, сарбаздың анасы қайғылы жағдайға дейін баласын көргенін де айтты: «Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын баламды алып кеттім демалысқа. Көңіл күйі жақсы болды. Денесінде жарақат болмады. Аман сау еді. Яғни, балама қарсы күш қолдану ол қайтыс болатын күні болды. Сот сараптамасында оның денесінде жарақат іздері болды дейді. Төрт бес күн бұрын болды дейді. Шын мәнінде, мен ондайды көрмедім. Көзі көгерген дейді. Қайсарды жаттығу залына келгенде бетінен ұрған тәрізді. Сүйтіп, оны құлатты да, атты. Қайсар өз өзіне қол салған жоқ. Бұған сенбеймін. Оның өз өзін өлтіретіндей ешқандай негіз болмады».
Сәуле Тліеубергенованың айтуынша, «Әскерде мұндай жағдайға соқтыққан жалғыз ана мен емеспін. Неше жыл бойы әділдікке жете алмай жүрміз. Ешкім көмектесе алмайды бізге. Әскердегі өлімнің барлығын жауып жатыр. Не суицид дейді, не мениншит дейді. Сонымен, істің бәрін жабады. Шенеуніктердің балалары неге әскерге бармайды? Өздері балаларын неге әскерге аттандырмайды? Бәлкім, сонда тәртіп орнайтын шығар».
Жиынға қатысқан белгілі журналист Жан Ахмадиев былай деді: «Қорғаныс министрлігіне ашық айтқым келеді. Әскерге жәберген балаларды табытпен қайтаруға кім рұқсат берді? Неге қылмыстың бетін ашпайсыздар? Өз сарбаздарын бейбіт күнде қорғай алмай жүрген әскерилер, соғыс болса қайтеді? Министр өз орнын босатсын, егер қызметін атқара алмаса».
Жиында белгілі болғандай, Қайсар Сұлтановтың ісі бойынша тергеу ашылды қазір. Бірақ, тергеушілер әлі күнге дейін оның анасын да, қорғаушысын да тергеуге шақырмады. Үш ай болды тергеудің басталғанына. Бірақ, ешкімді шақырмайды. Әскери прокуратура қайда қарап отыр деген сауал туындайды. Шынында да, жәбірленуші тарап, қорғаушысы шақырылуы керек емес пе?
Қорғаушы Инга Иманбай «кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғауды талап етті. Қылмысты жасырғандарға қатысты да тергеу басталуы керек деп санайды. Осының бәріне заңдық баға беріліп, тергеу дұрыс бағытта жүрсе деген талаптарын білдірді баспасөз жиынына қатысушылар.
Жәбірленуші тарап Бас прокуратураға, Қорғаныс министрлігіне үндеу жасап, Қайсар Сұлтановтың қазасына қатысты объективті тергеу өткізуді сұрады. Олар қолдарында көптеген дерек барын алға тартты. Сараптама қорытындысына сәйкес, сарбаз өз өзін өлтіре алмайды деген құжат та бар. Олай болса, неге іс қозғалып, кісі өлтірушіні неге іздемейді деген сауал қойды.