Айдос Садыковтың есімі Франциядағы мемориалды тақтаға жазылды
  • Басты
  • >
  • Айдос Садыковтың есімі Франциядағы мемориалды тақтаға жазылды

Айдос Садыковтың есімі Франциядағы мемориалды тақтаға жазылды

13.10.2025

Нормандияның Байе қаласында қастандықпен қаза тапқан журналистердің есімі жазылған мемориалды тақтаға Украинада атылған журналист Айдос Садыковтың аты енгізілді. Бұл тақта ресейлік журналист, кісі қолынан қаза болған Анна Политковская құрметіне орнатылған еді.

Украина астанасы Киев қаласында кісі қолынан қастандықпен қаза болған журналист, «Басе» YouTube арнасының негізін қалаушы Айдос Садыковтың есімі Францияның Байе қаласындағы мемориалды тақтаға жазылды.

Бұл тақта 2006 жылы ресейлік журналист Анна Политковскаяның қазасынан кейін «Шекарасыз тілшілер» ұйымының бастамасымен орнатылды. Қазіргі күнге дейін оған 73 журналистің есімі жазылды. Олардың барлығы – кәсіби міндетін орындап жүрген кезде қаза болған журналистер. Әлемнің түкпір түкпірінде көз жұмған тілшілер. Солардың қатарына Айдос Садыковтың аты қосылды.

Мемориалды тақтаға Садыковтың есімін қосу жиынына оның жары Наталья Садыкова қатысты. Ол «Айдостың көзінің алдында қастандықпен өлтірілгенін» мәлімдеді. Оған Қазақстан билігі айыпты деп ашық айтты.

Сонымен бірге, жиынға «Шекарасыз тілшілер» ұйымының мүшелері де қатысты. «Айдос Садыковты батыл әрі мықты журналист ретінде білеміз. Ол өзінің кәсіби қызметін атқарғаны үшін қастандықпен өлтірілді. Оны атқан адамдар Қазақстанда жүр. Біз президент Тоқаев билігінің Украина құзырлы органдарымен бірлесіп Садыковтың қазасын тергеуге неге араласпай отырғанын білмейміз.  Біз оның қазасына кімнің кінәлі екенін табу үшін күресімізді жалғастырамыз» деді «Шекарасыз тілшілер» ұйымының мүшесі Жанна Кавелье.

 Айдос Садыков бұл мемориалды тақтаға жазылған алғашқы қазақстандық журналист. Наталья Садыкованың айтуынша, оның есімі Анна Политковская, Павел Шеремет тәрізді қастандықпен өлтірілген журналистермен бір қатарға енді.

Былтыр Киевте қаза тапқан журналистің өліміне қатысты тергеу жұмыстары тоқтап қалғандай әсер қалдырады. Қазақстанның құзырлы органдары Украина тарапымен қандай да серіктестік орнатудан қашқақтап отыр. Украина бас прокуратурасы Қазақстанға екі бірдей хат жолдаса да, тергеуге көмек сұраса да, ресми түрде Астана оларға қол ұшын бермей отыр. Оған қастандық жасағандардың бірі – Алтай Жақанбаев алғашқыда ұсталды деген мәлімет тарады. Бірақ, қазір оның қайда жүргені белгісіз. Ал Айдосты атты деп Украинада айыпталған Мейрам Қаратаевтың қайда екені мүлде беймәлім. Халықаралық ұйымдар Айдос Садыковтың қазасын жан жақты тергеуді, шындықты ашуды талап етіп бірнеше мәрте үндеу жасады. Варшавада өткен ЕҚЫҰ Адам өлшемдері бойынша халықаралық конференцияда да Айдос Садыковтың есімі бірнеше рет аталды. Бірақ, Қазақстанның құзырлы органдары бұл мәселеге қатысты үнсіздік танытуды жөн көріп отыр.