«Қазақстан билігі адам құқығын сақтап, халықаралық стандарттарға сай болуы керек» деді ПАСЕ арнайы қабылданған қарарда
Еуропа кеңесінің парламенттік Ассамблеясы (ПАСЕ) Қазақстанға қатысты арнайы қарар қабылдап, оны демократиялық реформаларды жалғастыруға үндеді.
ПАСЕ Қазақстан билігін саяси тұтқындарды босатуға, белсенділерге қарсы қаржылық қысымды тоқтатуға шақырды.
Оның қарарында былай делінген: «Ассамблея Марат Жыланбаев, Асқар Сембай, Асылбек Жамұратов, Айдар Сыздықов, Асанәлі Сүйеубаев сияқты қамауда отырған оппозиция белсенділерін және журналист Думан Мұхамметкәрімді толық ақтап, дереу босатуға шақырады. Олар азаматтық құқықтарын бейбіт түрде жүзеге асырғаны, соның ішінде Қазақстанның Ресей Федерациясына қарсы салынған санкциялардан жалтаруына көмектескенін әшкерелегені үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылған».
Сонымен бірге, ПАСЕ депутаттары Киевте қастандықпен қаза болған оппозициялық журналист Айдос Садыковтың мәселесіне де тоқталды.
Қарарда бұған қатысты былай делінеді: «Ассамблея сондай-ақ оппозициялық журналист және саяси босқын Айдос Садықовқа қарсы жасалған саяси қастандыққа қатысты тергеудің болмауын, 2022 жылғы қаңтар оқиғалары кезінде наразылық білдірушілерге күш қолданылғанын, Президент Тоқаевтың Ресей Президенті Путиннен көмек сұрағаннан кейінгі сыртқы күштердің араласу рөлінің белгісіздігін және ескертусіз оқ атуға бұйрық берілгенін қатаң түрде айыптайды».
Одан бөлек, ПАСЕ депутаттары Қазақстанды өзі қол қойған халықаралық шарттарды сыйлауға, соған сәйкес, демократиялық реформаларды жүзеге асыруға да шақырды. «Ассамблея 2004 жылы Қазақстан Парламентімен жасалған Ынтымақтастық туралы келісімнің елдегі парламенттік демократия қағидаттарын, құқық үстемдігін, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды құрметтеуді ілгерілетуге бағытталғанын еске салады.
Осы тұрғыда Ассамблея аталған салалардағы жалғасып жатқан қиындықтар туралы баяндамаларды мұқият назарға алады. Атап айтқанда, ол шынайысаяси плюрализмді қамтамасыз етудің, сот жүйесінің тәуелсіздігін арттырудың, сөз бостандығын нығайтудың және азаматтық қоғамның дамуына мүмкіндік беретін орта құрудың маңыздылығын ерекше атап көрсетеді».
Қаңтар оқиғалары тұсында адамдарды азаптаған лауазымды тұлғаларды жазаға тарту мәселесіне қатысты да тоқталды: «Сондай-ақ, Ассамблея 2022 жылғы қаңтар оқиғаларымен байланысты адам құқықтарының бұрынғы бұзушылықтары үшін жауапты тұлғаларды әділдікке тартудың және азаптау мен қатыгез қарым-қатынастың алдын алу тетіктерін одан әрі күшейтудің қажеттігін баса айтады».
Қазақстан билігіне ПАСЕ депутаттары мынадай мәселелерді ашық қойды: «Демократиялық қоғамдағы ашық қоғамдық пікірталас пен сынға негізделген конструктивті көзқарастың маңыздылығын мойындау, шынайы саяси плюрализмді дамыту және мазмұнды саяси бәсеке мен азаматтардың қатысуын қамтамасыз ету; Плюралистік және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары ортасын қамтамасыз ету және тәуелсіз журналистика мен азаматтық қоғамның қызметіне шектен тыс шектеу қоюдан аулақ болу, соның ішінде олардың жұмысына кедергі келтіретін заңнамалық және әкімшілік тосқауылдарды жою.
Сонымен бірге, халықаралық құқық стандарттарына сай әрекет етуге шақырғанын да атап өткен жөн.
Қазақстан билігі бұл қарарға қатысты қандай да реакция білдірмегенін атап өткіміз келеді. Ондағы талаптар орындала ма, әлде қарар қағаз жүзінде қала ма – ол жағы да беймәлім.