Думан Мұхамедкәрімнің денсаулығы нашарлады
  • Басты
  • >
  • Думан Мұхамедкәрімнің денсаулығы нашарлады

Думан Мұхамедкәрімнің денсаулығы нашарлады

24.09.2025

Қорғаушысы Ғалым Нұрпейісовтың айтуынша, журналистің салмағы 57 келіге дейін түсіп, жағдайы нашарлады. Сонымен бірге, Думанның камерасында әлдебір жарылыс болғанын мәлім етті

24 қыркүйек күні Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросында баспасөз мәслихаты өтіп, онда журналист, саяси тұтқын ретінде танылған Думан Мұхамедкәрімнің жағдайы туралы сөз болды. Жиынға қатысқан журналист Рысбек Сәрсенбайұлы, Думанның әкесі Алмас Тілепов, қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов және заңгер Маржан Аспандиярова журналистің денсаулығына алаңдаушылық білдірді. 

Алдымен сөз алған Рысбек Сәрсенбайұлы былай деді: «Бүгінгі баспасөз мәслихатында журналист, саяси тұтқын Думан Мұхамедкәрімнің мәселесі көтеріледі. Қазір ол Қызылордадағы жазасын өтеу мекемесінде отыр. Оның денсаулық жағдайы нашар екенін білеміз. Таяуда Қызылордаға барып қайттық. Қорғаушысы Нұрпейісов өзімен кездесті. Мекеме басшысымен сөйлестік. Думанның хатын жария етеміз бүгін. Соны барынша таратуға шақырамыз».

Рысбек Сәрсенбай түрме басшылығымен кездесуде Думанды қалалық ауруханаға жатқызу керектігін айтқанын жеткізді. «Сол талапты орындатуымыз тиіс», деді Р.Сәрсенбай.

Думан Мұхамедкәрімнің әкесі Алмас Тілепов журналистің хатымен таныстырды: «Думан көпшілікке арнайы хат жолдады. Ол бірнеше талап қойды. Өзіне қауіп төніп тұрғандықтан, заңға сәйкес, Алматыдағы жазасын өтеу мекемесіне жіберуді сұрап отыр. Қызылордада өзіне қысым жасалып жатқанын мәлімдеді. Президент әкімшілігі, Бас прокуратура мен парламент депутаттары бірлесіп, өзімен жүздесуді талап етіп отыр. Бұрынғы қысым қазір одан да үдей түскенін жария етті. Арнайы тергеу тобы келіп, камерада атылған жарылғыш заттың қайдан шыққанын сұрап отыр. Фархад Сейтімов сияқты қызметкерлердің өзін балағаттағанын айтып отыр. Оны жазаға тартуды сұрап отыр. Қазір Думанның хат жазбақ түгілі, кітап оқуға мүмкіндігі жоқ. Салмағы күрт түсіп кетті. Зиябеков деген полковник, ол Қызылорда қылмыстық атқару жүйесі комитеті басшысының орынбасары қызметін атқарады, Думанға әбден қысымды күшейтіп отыр. Сол себепті, құзырлы органдарға арыздануға мәжбүр болды. 6 қыркүйек күні камерада жарылыс болды. Оны тек қана жарты айдан соң тергеуші келіп тексерді. Атүсті қарады бәріне. Бейнекамаралардың жазбалары тексерілмеді. Бұл жағдайды әділ тергейді дегенге еш сенім жоқ қазір. Өміріне қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді. Үйіме жақын жерде өлуге мұрсат беріңдер деп отыр. «Асылып өлді немесе тілініп өлді» дегенге еш сенбеңіз. Ондай ойым жоқ мүлдем. Әділдік үшін күресемін. Міне, осы сөздерді Думан Мұхамедкәрім өз қолымен жазып берді». 

Қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов мынаған тоқталды: «17 қыркүйек күні Қызылордаға барып, Думан Мұхамедкәріммен кездестім. Бір жарым сағат бойы кіргізбей тұрды мені. Ақырында жүздестік. Қорғаушы ретінде Адам құқығы Омбудсмены Ластаевқа наразылығымды білдіремін. Ол өзінің қызметін дұрыс атқарып жатқан жоқ. Шетелге барады, таза киініп жүреді, бірақ, құқығы сақталмаған азаматтардың мүддесін мүлде қорғамайды. Бұған дейін Омбудсмен болған Азимовамен байланыста болдық. Ол қолдан келгенше көмегін көрсететін. Ластаевта мүлде ондай жоқ. Жыланбаевтың мәселесі де айтылды оған. Еш назар аудармайды».

Сонымен бірге, аштық жариялауына қатысты былай деді: «Думан Конституцияның отыз жылдығы қарсаңында аштық жариялағанын мәлімдеді. Бірақ негізгі мәселе – 6 қыркүйекте камерада болған жарылысты тергемеу. Шегелер шашылған бұл жарылыстан. Неге соны тексермейді? Ойлаңызшы, егер ол Думанның көзіне тигенде не болар еді? Бетіне тисе ше? Өміріне қауіпті жағдай емес пе бұл? Думан қатаң режимде жазасын өтеп жатыр. Ондай жерге бөтен адам кіре алмайды. Онда жарылыс қалай болды?

Біздіңше, билік мынадай қадамға барады. Мұндай жағдай орын алмады дейді. Артынан Думанның өзін психиатриялық тексерістен өткізеді. Көзіне бірдеңе елестеп жүр деп айтуы да мүмкін. Бұл әдейі солай жасала ма деп отырмыз.

Думанды осылайша қорқытып жатыр ма деп санаймыз. «Тыныш отыр, артық әрекетке барма» деген ескерту болуы ықтимал. Қызылорданың құзырлы органдары бұл жағдайды түгелдей тексеруі тиіс.

Түрме әкімшілігіне арнайы хат жолдадық бұл мәселе туралы. Қазір жауабын күтіп отырмыз».

Ғалым Нұрпейісов Думанның денсаулық жағдайына қатысты да көргенін айтты. Ол былай деді: «Думанды бұл жолы көргенде төбе шашым тік тұрды. Салмағы 90 келіден асатын бұрын. Қазір небәрі 57 келіге түсіп қалды. Беті әжім әжім қазір. Мойны ақсақалдікі сияқты түсіп қалған. Кәдімгі егде адамға ұқсап қалды. Оған жақсы ем дом керек. Медициналық реабилитация қажет. Оны қалалық ауруханаға емге жібереміз деген уәде берген еді. Бірақ, ол орындалмады. Думан жатуы тиіс палата бос емес деген жауап келді. Түрменің ішінде емделеді деген уәде етілді. Бірақ, медициналық бөлігіне тағы да жатқызылмады. Карцердің ішінде емделіп жатыр. Оның денсаулығына қатысты құқығы толық тапталып жатыр. Тіпті қорғаушы Нұрпейісовты шақырмаймыз, өзіміз тағайындаған қорғаушыны ғана жібереміз дейді. Думанның айтуынша, қорғаушысы кеткен соң оған қысым күшейеді. Бұрын түрмеден шыққан кезде мені тексермейтін. Бұл жолы жағдай мүлде басқаша болды. Барлығын тексерді. Думанның хаттарын тартып алды сол жерде. Әдейі солай жасап отырғаны түсінікті».

Сонымен бірге, қорғаушысы түрме робасына қатысты да тоқталды. Нұрпейісов былай деді: «Одан роба киюді талап етіп жатыр. Жақсы, соны киейін депті Думан. Бірақ, мені жаопы баракқа жібересің бе деп сұраған Думан. Түрме әкімшілігі бұдан бас тартты. Яғни, роба кисе де, кимесе де, жалпы баракқа жібермейміз деп отыр. Себебі, Думанды қауіпті адам көреді түрме қызметкерлері. Бұл мәлімдеменің барлығын Думанның сұрауы бойынша жасап отырғанымды ескертемін».

Заңгер Маржан Аспандиярова мынаны айтты: «17 қыркүйекте кешке дейін Қызылордадағы мекемеде болдық. Келесі күні де сол жерде жүрдік. Түрме басшысымен кездестік. Денсаулық жағдайына қатысты түрме қызметкерінен сұрадық. Қалалық ауруханадан дәрігер келді. Ол толық ем алып жатыр деп айта алмаймыз. Бетінің терісі салбырап кеткен Думанның. Қорғаушысы оның бәрін айтты қазір. Думан Мұхамедкәрімнің құқығы аяқасты етіліп жатыр қазір. Омбудсмен қайда қарап отыр? Құзырлы орган басшылары неге үнсіз? Думанды Қызылордадан Алматыға ауыстыру қажет. Оның тұрғылықты жері Алматы облысы емес пе? Парламент депутаттары неге кірмейді Думанға? Олардың кез келген мекемеге баратын құқығы бар. Неге бармайды олар? Думанды жоғалтып алсақ не болады? Дулаттан айрылдық. Арон Атабектен айрылдық. Енді Думаннан айрылып қалмауымыз тиіс».

Думан Мұхамедкәрімді халықаралық ұйымдар саяси тұтқын ретінде танып, Қазақстан билігінен оны дереу босатуды, негізсіз айыптардан бас тартуға шақырды. Алайда, ресми билік бұл талаптарға қатысты үнсіздік танытып отыр.