«Не молчи» қорының төрайымына қатысты Черногория соты шешім шығарып, оны Қазақстанға қайтаруға болмайды деген уәжге тоқтады
«Не молчи» қоғамдық қорының басшысы, әйелдер құқығын қорғаумен айналысатын белсенді Дина Таңсәрі Черногориядан Қазақстанға экстрадицияланбайтын болды.
Таңсәрі өзіне қатысты шыққан сот шешіміне қатысты жаңалықтармен бөлісті. Оның айтуынша, алғашқы және апелляциялық сот инстанцияларында істі қараған судьялардың әйел болуы — ерекше мәнге ие жағдай.
«Әйелдер үшін мұндай процестерде гендер факторының ескерілуі маңызды», – деп мәлімдеді Таңсәрі.
Экстрадициядан бас тартуға төрт негізгі фактор әсер еткен:
- Қазақстан Бас прокуратурасы жіберген қылмыстық іс материалдарының күмәнді жағдайы. Құжатта арнайы «істің жағдайын ескере отырып» деген тұжырым бар.
- – Іс материалдарын сараптай келе, Черногория билігі бұл қудалаудың саяси астары бар деген қорытындыға келген.
- – Черногория Қазақстанға қайтарылған жағдайда Дина Таңсәрі азаптауға және қатыгездікке ұшырауы мүмкін деген қауіптің барын мойындады.
- – Құқық қорғаушы 2023 жылдың 12 қазанында саяси баспанаға өтініш берген. Ал қылмыстық іс соның төрт күнінен кейін, 16 қазанда, ШҚО-дағы адвокат Кабдиевтің арызы негізінде қозғалған. Қазақстан билігі экстрадицияны тек 2024 жылдың 4 мамырында сұраған. Яғни, саяси баспана статусы экстрадиция шешімінен бұрын берілген. Халықаралық заңнамаға сәйкес, бұл статус шешуші мәнге ие.
Дина Таңсәрі осыдан екі жыл бұрын Қазақстан аумағынан шығып, елден кетіп қалды. Оған себеп – өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалуы еді. Құқық қорғаушы бұл қылмыстық істің астарында саяси тапсырыс бар деп қабылдаса, еліміздің құзырлы органдары оны «алаяқтық» жасады деп айыптап отыр.
Дина Таңсәрі – «Не молчи» қорын құрып, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге қолдау көрсете бастаған соң танылды. Оның айтуынша, қордың жұмыс істеуіне қарапайым азаматтардың қолдауы көмектесті. Яғни, донаттар жинау арқылы жәбірленушілерге психологиялық және заңдық көмек жасалды. Қазір де «Не молчи» қорының әлеуметтік желідегі парақшаларында түрлі кейстер жария болып тұрады.