Марат Жыланбаевты қолдап, таңғы жүгіруге шығуға беттеген белсенділерді полиция бөлімшеге әкетті. Құқық қорғаушы Төреқожина өзін қылмыстық іс бойынша тергегенін айтады
17 тамыз күні құқық қорғаушы Бақытжан Төреқожина үйінен шыға бергенде ұсталып, полиция қызметкерлері оны Алматыдағы Алмалы аудандық бөлімшесіне жеткізді.
Төреқожинаның айтуынша, оны Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша тергеді. Бұл «Қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге де ұйымның экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметiне соттың тыйым салу немесе тарату туралы шешiмiнен кейiн олардың қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу» деп аталатын бап. Қаңтар оқиғасына дейін экстремистік деп танылған «ДВК» мен «Көше партияларының» жұмысына қатысты деген белсенділердің біразы осы баппен сотталған еді. Төреқожинаның бұл ұйымдарға қандай қатысы бары түсініксіз.
Санаулы уақыттан соң Төреқожинаны полиция қызметкерлері өздерінің көліктерімен үйіне апарып тастады. Айтпақшы, одан бөлек үйлерінен шыға бергенде тағы бірнеше белсенді ұсталды. Бұған себеп – олар Алматының Орталық стадионы маңына барып, Марат Жыланбаевтың құрметіне марафон жүгіруді көздеді. Дәл сол күні Қазақстанда спорт мерекесі тойланып жатқанын да атап өту керек. Алматыдан бөлек, Орал мен Астанада да белсенділер ұсталып, Жыланбаевты қолдау акциясын өткізбеуге полиция бар күшін салды. Десе де, Астанадағы Кенесары ескерткішінің маңына аздаған белсенділер жиналып, таңғы жаттығу өткізді. Соның өзінде Астана қалалық әкімдігінің өкілдері келіп, «жиындарың заңсыз» деп ескерту жасады. Оларды тарауға шақырды. Алайда, таңғы жаттығудың не себепті «заңсыз жиын» деп қабылданғаны түсініксіз. Оны Әкімшілік кодекстің қай бабына жатқызуды көздеді билік өкілдері? Полиция өкілдері болып жатқан жағдайды үнсіз бақылап тұрды.
Төреқожинаның өзі ұсталуына қатысты былай деді: «Бұл менің құқық қорғау қызметім үшін жасалып жатқан қудалау! Билік мені қорқытып, үнсіз қалдыру үшін не істерін білмей отыр! Мені ҚР ҚК 405-бабы бойынша тыйым салынған ұйымға қатысты қылмыстық іс аясында куә ретіндетергеді, бірақ тергеу барысында маған бірде-бір сұрақ қойылған жоқ! Полициядан мені аула арқылы жасырын шығарып, күшпен үйіме қайта алып келді, және мені қолдауға келген адамдармен кездесуге рұқсат бермеді! Біздің елде не болып жатыр?!».
Айтпақшы, Төреқожинадан бөлек, Орал қаласында Маруа Ескендірова мен Роза Қариева да ұсталып, оларды тергеуге әкетті. Шығыс Қазақстан облысында Серік Ыдырышев атты белсендіні де полиция үй алдынан ұстады. Алматыда Төреқожинадан бөлек, Нинагүл ДЖуманиязова, Шегебекұлы Нұртай және Күміс Құлманова да ұсталды. Оларды полиция бөлімшесіне әкеткені белгілі болды. Басқа белсенділерді полиция сыртынан торуылдап, үйлерінен шығуға мүмкіндік бермеді.
Қазіргі таңда жеті жыл жаза мерзімін Степногорск түрмесінде өтеп жатқан Марат Жыланбаевтың жағдайы ауыр дейді жақтастары. Ол аштығын жалғастырып, үкімге қарсы наразылығын ашық білдіруде.