• Басты
  • >
  • Белсенділердің сотынан журналистер қуылды

Белсенділердің сотынан журналистер қуылды

08.08.2025

Алмалы аудандық сотының судьясы АЭС құрылысына қатысты референдум қарсаңында ұсталған белсенділердің сотына келген журналистерді процестен шығарды. Депутат Ермұрат Бапи бес белсенді «түрме жазасына кесілмейді» деді

АЭС құрылысы жөніндегі референдум қарсаңында ұсталған бес белсендінің үстінен басталған сот процесі жалғасты. Сотталушылар Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев, Айдар Мүбәраковқа «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру» және «жаппай тәртіпсіздікке дайындалу» баптары бойынша айып тағылды. Олардың ісін Алматы қаласы Алмалы аудандық соты қарастырып жатыр.

7 тамыз күнгі өткен сот процесі дау дамайдан басталды. Бұған себеп – төрағалық етуші судья Ернар Қасымбеков журналистерді сот залына кіргізуден бас тартуы болды. The Qazaqtimes жетекшісі Қойшыбек Мүбарак пен «Дат» газетінің тілшісі Азамат Шорманханұлын судья процеске қатыстырудан бас тартып, залдан шығарып жіберді. Журналистер бұған наразылық танытқанымен, оған судья Қасымбеков еш мән бермеді. «Полиция қызметкерлері шығарады көнбесеңіздер!» Деп мәлімдеді төрағалық етуші судья. Журналистерді ашық сот процесіне кіргізуден бас тартуы немен байланысты екені түсініксіз. Заң бойынша ашық сот процесіне кез келген азаматтың қатысуына рұқсат бар. Журналистердің ондай процестен хабар таратуға да мүмкіндігі болуы тиіс. Егер сот процесі жабық болса, онда оған ешкімді де қатыстырмайды. Ал бұл процестен журналистерді не себепті аластатқаны түсініксіз болып отыр.

Сотталушылар мен олардың қорғаушысы Төлеген Берліқожа соттан қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайды шақырып, одан куәгер ретінде жауап алуға шақырды. Рысбек Сәрсенбай сотталып жатқан белсенділермен бірге АЭС мәселесіне қатысты жиындарға қатысқан. Айыптау актісінде де оның есімі аталады. Алайда, судья Қасымбеков Сәрсенбайды куәгер ретінде шақыру өтінішін кері қайтарып, қоғам белсендісінен жауап алуға мүмкіндік бермеді. Рысбек Сәрсенбайдың өзі бұған қатысты былай деді: «Мен сотқа келіп, жауап беруді жөн санадым. Себебі, дәл осы азаматтармен бірге жиындарға қатыстым, оларды білемін. Тіпті прокурордың айыптау актісінде менің аты жөнім аталды. Алайда, мені тергеуге де, сотқа да шақырмады. Ешкім жауап алмады. Сотқа келіп, өз ойымды, көрген білгенімді айтқым келеді. Бұл азаматтармен түрлі соттарда жүріп таныстық. Олар ешқандай да «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырушылары» емес. Думанның Қонаевта өткен сотында бірге жүрдік. Сонда бұл азаматтар «бассыздыққа бармайық, заң бұзбайық, барлық шағымдарымызды прокурорға жеткізейік» деді. Саяси ұстамдылығын танытты. Жастарға заңсыздыққа бармайық деп жүрді. Егер қандай да заңсыз әрекеттерге барғанын байқасам, оны да айтар едім. Бірақ, олар тек қана заң аясында әрекет етті. Оларға «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деп айып таққаны орынсыз деп санаймын».

7 тамыз күні өткен сот процесіне депутат Ермұрат Бапи де қатысты. Журналистер оған өздерін сот залына кіргізбей жатқанын айтып шағымданғанымен, депутат «прокуратураға, аудандық сот төрағасына шағым жазыңыз» деп жауап қайырды. Рысбек Сәрсенбай «заң бойынша, Конституция бойынша олардың құқығы аяқ асты етіліп отыр» дегеніне мәжіліс депутаты «бізде қашан заң мен Конституция жұмыс жасайтын еді, соны білмейсіз бе» деген жауап қайырды. Алайда, бұл заңсыздыққа қатысты өзі қандай да депутаттық әрекетке баратынын я бармайтынын айтпады.

Ермұрат Бәпи сот процесінен кейін мынаны айтты: «Идеология саласында жүрген, құқық қорғау органдарында жұмыс жасайтын лауазымды адамдармен сөйлестім. Оларға бес азаматты соттаудың қажеті жоқ екенін түсіндірдім. Қазір бізде 29 саяси тұтқын бар. Бес адам сотталса, оның саны 34-ке жетеді. Саяси тұтқын деп танылған азаматтардың санын көбейткеннен кім ұтады? Меніңше, мұны құзырлы орган басшылары түсініп отыр. Сондықтан, бұлар түрме жазасына кесілмей, бас бостандығы шектелумен құтылады деп отырмын. Түрмеде бірнеше ай отырды. Олардан қоғамға да, билікке де еш қауіп жоқ. Түрмеге қамағаннан ешкім ұтпайды. Билік те, қоғам да. Сондықтан бес белсенді бостандыққа шығады деп ойлаймын». Депутат сотталушылардың бірі – Нұрлан Жаулыбаевпен түрмеде кездескенін, онымен әңгімелескенін жеткізді.

Сот процесі аяқталуға жақындап келеді. Бес белсенді шынайы түрме жазасына кесіле ме, әлде Бапи айтқандай, шартты жазамен құтыла ма, уақыт көрсетеді. Қалай болғанда да, зейнеткер адамдардың сотқа тартылуы – халықаралық ұйымдардың наразылығын тудырғаны рас. Біз белсенділердің сот процесін назарда ұстаймыз.