Қарағандылық белсенді Бақытжан Жансеитов «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ» болды деп айыпталып, полиция оны қамауға алды
Қарағандыда «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» бабы бойынша кезекті қылмыстық іс қозғалып, өңірге белгілі белсенді Бақытжан Жансеитов қамауға алынды.
Құқық қорғаушы ұйымдардың хабарлауынша, 30 маусым күні Қарағанды полиция департаменті қызметкерлері Жансеитовтың үйінде тінту жұмыстарын жүргізіп, кейін өзін қамауға алды. Полиция департаментінде оның үстінен Қылмыстық кодекстің 272 бабы, 1-тармағы бойынша іс қозғалғанын хабарлады. Бұл – «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» бойынша айып екені белгілі. Аталмыш бап бойынша Жансеитов 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Істі қозғауға себеп болған жағдай – «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты экстремистік деп танылған ұйымның жұмысына араласып, арнайы жиындар өткізіп, жаппай тәртіпсіздіктер жасауға дайындалу. Бірақ, Жансеитовтың нақты қандай заңбұзушылыққа барғаны нақты айтылмады.
Еске сала кетсек, Бақытжан Жансеитов 2019 жылы «Древний Рим» деп аталатын кафедегі қақтығыста ұлынан айрылған азамат. Сол жылы аталмыш кафеде екі топтың арасында төбелес болып, Жансеитовтың баласы пышақталды. Алған жарақаттарынан ол көз жұмды. Артынша бұл Қарағандыда наразылықтарға әкеліп, күштік құрылымдар мен әкімдіктің ықпалымен ғана бұл жағдай басылған болатын.
Белсенділердің үстінен «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» баптарын қозғау соңғы кездері жиі белең алып отыр. Алматыда АЭС құрылысына қатысты референдум алдында бес белсенді қамауға алынып, олардың үстінен дәл осы баппен іс қозғалған еді. Жақында олардың ісін Алмалы аудандық соты қарағалы жатқаны да белгілі болды.
Бақытжан Жансеитовтің ендігі жағдайы қалай болатыны белгісіз. Әйелі Думан Нубирбекованың айтуынша, Бақытжанның үйіндегі барлық электронды құрылғыларды тартып алып, одан «ештеңе хабарламау туралы» қолхат жаздырып алды.