Журналист Думан Мұхамедкәрімнің қорғаушысы оның әлі де тәртіптік изоляторда отырғанын, денсаулығы нашарлап кеткенін хабарлады
Жеті жылға бас бостандығынан айрылып, Қызылорда түрмесіндеотырған журналист Думан Мұхамедкәрім сотқа жазасын жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы өтініш хат жазудан бас тартты. Бұл туралы онымен кездесуден шыққан қорғаушысы хабарлады.
Айта кетерлігі, Думан Мұхамедкәрім 19 сәуірден бастап тәртіптік изоляторда отыр. Түрме әкімшілігі журналист роба киюден бас тартқаны үшін оны изоляторға 19 тамызға дейін қамады. Қорғаушысының айтуынша, журналистің денсаулық жағдайы нашарлап кеткен. Белі ауырады, ұзақ отыра да, тұра да алмайды. Соған байланысты, дәрігерлер оған төсек жағдайында жату керек деген нұсқаулық берді. 30 маусым күні Думан Мұхамедкәрімді түрме әкімшілігі ауруханаға апарып, ем-дом алуға апармақ. Себебі, қазір беріп жатқан дәрілері журналиске көмектесуін қойды.
25 маусым күні Думанның түрмеде «жазасын» өтегеніне 2,8 жыл болды. Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, оның түрмеде отырған әрбір күні 1,5 күн болып есептеледі. Соған байланысты, ол өзіне белгіленген 7 жылдың үштен бірін өтеді. Қылмыстық кодекстің нормасына сәйкес, ол өзіне тағайындалған түрме жазасын жеңілдетуді сұрап, не айыппұл төлеуді, не бостандығын шектеуді сұрап сотқа өтініш хат жазуына мүмкіндігі бар. Алайда, Думан Мұхамедкәрім мұндай өтініш беруден түбегейлі бас тартты. Бұл оның саяси позициясының мығымдығын көрсетеді деп ойлаймыз.
Думанға түрме ішінде түрлі арандатулар ұйымдастырған басқа сотталушылар басқа колонияға ауыстырылғаны да белгілі болды. Бірақ, түрме әкімшілігі журналиске қысым көрсетуін тоқтатар емес. Олар Мұхамедкәрімнен роба киюді және әжетхана жууды талап етуде.
Атап өтерлігі, тәртіптік изолятор деген түрме ішіндегі түрме деуге болады. Оған тәртіпке көнбейтіндер, оны бұзатындар қамалады. Думан Мұхамедкәрім бір адамдық аядай камерада отыр. Серуендеуге бір сағатқа ғана далаға шығарады. Бірақ, 40-градустық ыстықта далада жүру мүмкін емес деген журналист. Мұхамедкәрім өзіне жолданған кітаптар мен газеттерді оқып жатқанын жеткізген. Осыған байланысты, журналист өзіне кітаптар жолдауын сұрайды. Естеріңізге салсақ, Думан Мұхамедкәрім көп жылдардан кейін алғаш рет бір мандатты округтер бойынша өткізілген мәжіліс сайлауынан соң шамамен екі айдан соң қамалды. Оған дейін бірнеше рет әкімшілік қамауға алынды. Думан Мұхамедкәрімді халықаралық ұйымдар да, қазақстандық құқық қорғаушылар да саяси тұтқын ретінде таныды. Ол билікті қатаң сынап, Қаңтар оқиғасынан зардап шеккен азаматтар туралы материалдар дайындап көпшілікке белгілі болды.