• Басты
  • >
  • Ақнәрдің анасы президенттен көмек сұрады

Ақнәрдің анасы президенттен көмек сұрады

23.05.2025

Мемлекет басшысына жолдаған үндеуінде Гүлстан Қамит қызының қазасына байланысты жүріп жатқан тергеудің әділетсіздігін айтты

«Қызымды жетінші қабаттан лақтырып жіберді. Қасында болған екі қызды қылмыстық жауапкершіліктен құтқарып отыр. Құзырлы органдар істі дұрыс тергемеді» деп әділдік іздеп жүрген Гүлстан Қамит президентке үндеу жолдады.

Естеріңізде болса, өткен аптада Ақнар Гүлстан есімді бойжеткеннің қазасына байланысты баспасөз мәслихаты өтіп, онда анасы болған мән жайды түгел баяндап берген болатын. Бұл туралы біз өзіміздің алдыңғы материалымыздың бірінде жаздық.

Жақында Гүлстан Қамит Бас прокуратура өкілдерімен кездесіп, қылмыстық істің жай жапсарын айтып берді. Бүгін оның президентке үндеуі жария болды.

Бұл хатта Гүлстан Қамит былай дейді: «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Мен, Гүлстан Қамит, сізге қарапайым ана, қайғыдан қан жұтқан әйел ретінде жүгініп отырмын. Мен – 2024 жылдың 20 шілдесінде Алматы қаласында жұмбақ жағдайда қаза тапқан Ақнәр есімді қыздың анасымын.

Қызым Ақнәр – бес тілде еркін сөйлейтін, КИМЭП университетінің түлегі, арманы асқақ, болашағынан зор үміт күттірген дарынды жас еді. Ол жетінші қабаттан құлап көз жұмды. Бірақ дәлелдер мен видеоматериалдар оның бұл қадамға өз еркімен бармағанын анық көрсетеді. Денесінде азаптаудың ауыр іздері болды. Телефонынан табылған видеоларда қызымды ұрып-соғып, қорлап жатқан сәттер бейнеленген. Қауіпсіздік камераларынан алынған жазбаларда оны терезеден лақтырып жібергені айқын көрінеді.

Оқиғадан кейін қызымның барлық мүлкі – ақшасы, заттары, тіпті киімдері де жоқ болып шықты. Оның жанында болған екі қыз – Ранна Асқар мен Дидар Мұқият – осы қылмысқа тікелей қатысы болуы мүмкін. Соған қарамастан олар бостандықта жүр. Бірі тіпті елден шығып, қайта оралды, бірақ ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ.

Алматы қалалық тергеу органдары мен прокуратурасы бұл істі жеңіл баппен – «өзіне-өзі қол жұмсауға итермелеу» деп бағалап, шынайы тергеу жүргізбей отыр. Қаншама дәлел мен куәлік бола тұра, істің бағыты өзгертілмей, күдіктілер жауапқа тартылмай келеді.

Құрметті Президент мырза!

Сізден аналық жүрекпен, қайғыдан қажыған жан айқайымен, әділдік іздеген азамат ретінде өтініш етемін:

– Ақнәр ісі бойынша тергеуді Қылмыстық кодекстің 99 және 126 баптары бойынша қайта саралау туралы нұсқау беруіңізді;

– Алматыдағы тергеу органдарына сенімсіздік білдіре отырып, істі Астана қаласынан арнайы тергеу тобының бақылауына тапсыруыңызды;

– Қызымның өліміне күдікті тұлғаларды қамауға алуға және әділ тергеу жүргізуге ықпал етуіңізді сұраймын.

Сіздің «Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды» деген сөзіңізге мен толықтай сенемін. Енді осы сөздер нақты іспен дәлелденеді деп үміт артып отырмын.

Мен тек қызым үшін емес, барлық аналар мен болашақ ұрпақ үшін әділет сұрап отырмын. Қызымның өмірі жай ғана сан қатарда жазылған статистика болмауы керек. Ол – тірі жан еді. Арманы бар, болашағы бар, сүйікті балам еді. Сол баланың әділдікке лайық екенін дәлелдеуге көмектесуіңізді сұраймын».

Бұл үндеудің мәтіні ақпарат құралдарында жарияланды. Президент бұл істі бақылауына алып, жазықты адамдар жауапқа тартылады деп үміттенеміз.