• Басты
  • >
  • Қытайда улап, соққыға жықты

Қытайда улап, соққыға жықты

20.02.2025

«Қытайға барған Қазақстан азаматын улап, жергілікті сақшылар соққыға жықты» деп дабыл қаққан «Атажұрт» тіркелмеген партиясының мүшелері баспасөз мәслихатын өткізді.

Оқиғаның мән жайын белсенді Бекзат Мақсұтхан былай деп түсіндірді:

«Бүгін Қытайда уланып, сол елдің сақшыларынан қатігездік көрген Жанат Жеңістің мәселесін айтуға келдік. Жанат Қытайға жеке шаруаларымен барған, сол жерде аяқ асты уланып, кейін оны полиция учаскесінде ұрып соққан.

Видео материалдарды көрдік. Онда Қытайдың бірнеше азаматымен тамақ ішіп отырғаны байқалады. Артынан жағдайы күрт нашарлап кетті. Бірден туыстарына хабарласып, «мені улады» деп хабарын берген. Кейін біз шу көтерген соң Қытай шенділері оны шекараға алып келіп, Қазақстанға шығарып жіберген. Жағдайы өте ауыр еді. Бірнеше адам болып, туыстарына көмектесу үшін оны Талдықорған жақтан күтіп алдық. Алматыға әкеліп, бірнеше аураханаға апардық.

Профессор тексеріп, Жанатқа у берілген дегенді ашық айтты. Соның ішінде, жыланның уы берілген тәрізді, соған ұқсас деді. Дәл қазір облыстық ауруханада емделіп жатыр. Жанаттың қазіргі жағдайы солай. Отбасымен ақылдаса отырып, оны шетелде емдетсек деген ойымыз бар. Бірақ, ол үшін халықтан қолдау сұраймыз.

Отбасы мүшелері түгел Қазақстан азаматтары. Өзі де осы елдің азаматы. Оның Қытайға барып, осындай улануға тап болуы – оның құқығының өрескел бұзылуын көрсетеді. Қазақстан сыртқы істер министрлігіне де хабарласамыз. Ол видеоны жіберместен бұрын оның ақыл есі дұрыс болды. Жедел жәрдем шақырыңдар деп қонақ үй қызметкеріне айтып жатты. Бұл асқан қатігездік деп санаймыз.

Қытайдың геноцидтік саясат жүргізіп жатқанын бұған дейін тала айттық. Жанаттың жағдайын көтерген соң бізге тағы да біраз адам хабарласты. Қытайда мәселесін айтып, әкімшілікке барған адамдардың есі ауысып кеткен жағдайлары болған. Қаншама бауырларымыздың құқығы тапталып жатыр.

Жанаттың анасы да Қытайда зардап шеккен. Оны ұрып соғып, бүйрегінен зақым келген. Жерлерін тартып алмақ бұл кісілердің. Жанат осы мәселені айту үшін, әділдікке жету үшін Қытайға барған. Бірақ, қылмысты дәлелдеудің орнына оның өзін улап жіберді.

Жанатты елге әкеле жатқанда оның туыстарына хабарласып, «неге бұл мәселені көтересіңдер?» Деп қорқытты. Олардың кейбірінің аты жөнін де білеміз, аудио жазбалары да сақтаулы. Қытай өздерінің жансыздары арқылы Жанаттың туыстарына қоқан лоқы көрсетті».

Одан кейін сөз алған «Атажұрт» партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ мүшесі Тұрарбек Асылбеков мынаны айтты:

«Қытайға шаруаларымен барып, уланып қалған Жанаттың мәселесін айтуға келдік. Оны әдейі улаған. Жанат не үшін барған Қытайға? Оның сол жақта жер учаскелері болған. Соны бермей жатқан. Жанат «егер жерімді қайтармасаңдар, Пекинге барып, мәселе көтеремін» деп айтқан. Содан кейін оған азаматтық киімдегі бірнеше адам келген. Тамақ ішуге шақырған. Олармен ас ішкен соң бірден жағдайы нашарлаған. Артынан оны полиция учаскесіне әкетіп, сол жерде ұрып соққан. Біз мәселені көтерген соң Қытай билігі оны шекарадан өткізіп, Қазақстанға қоя берген. Туыстары Жанатты Зайсаннан Алматыға әрең дегенде алып келді. Алматыға келген соң оны ауруханаларға апардық, дәрігерлер оның уланғанын растап отыр. «Кобра» жыланының уына ұқсас деп отыр. Жағдайы қазір мәз емес. Шетелге әкетіп емдемесе, оның халі нашар. Консулдық қызметкерлері қайда қарап отқан? Неге тергеу жұмыстары жүрмейді? Неге тексеріс жасалмай жатыр? Қазақстан азаматын улап тастады. Бұл қылмысты тергеуді неге талап етпейді біздің билік? Облыстық аураханада қысқаша сұрақ жауап алды. Басқа ешқандай да тергеу жұмыстары жүріп жатқан жоқ.

Жанаттың анасы да Қытайға барып, жерімді неге тартып алдыңдар деген мәселе көтерген. Оны ұрып соғып, бүйрегінен айырған. Қаншама азапқа ұшыратқан. Бір отбасыдан екі адам азапталып отыр».

Гіміңгүл Жұмәділқызы:

«Баламның жағдайы өте ауыр. Қазір сіздерден қолдау сұраймыз. Адам төзгісіз азаптау деген сұмдық емес пе. Қытайдың құйтырқы саясатынан қаншама адам жапа шегіп отыр. Аяусыз жаныштауға бола ма адамды осылай? Екі елдің достығы дейді. Қайда сол «достығы»?

Бұлардың ойы менің баламның көзін жоймақ болған. Сол жердегі биліктің біраз былығын ашпақ еді. Соны айтпасын деп, өзара сыбайласып, баламды улап тастады».

Туыстарының сөзінше, Жанат Жеңіс Қытайға барып, өздерінен заңсыз тартып алған жер мәселесін, анасын соққыға жыққан адамдардың қылмысын ашпақ болған. Алайда, өзі де аяқ астынан кеселге ұшырап, қазір ауыр жағдайда жатыр.

Жанатқа не болғанын естіген кезде қарындасы Алматыда болған. Ағасының ауыр халге түскенін білгенде, Сыртқы істер министрлігіне хабарласқан. Ішкі істер министрлігіне, президент әкімшілігіне де арыз жазған. Заң жүзінде барлық мүмкіндікті пайдаланып, жан жаққа хат жазған. Тек қана Сыртқы істер министрлігінен хабарласып, мән жайды сұрастырған. Басқалары үнсіз қалды. Жанат Жеңістің төлқұжатын да жыртып тастаған Қытай аумағында.

Жанаттың отбасы мүшелері 2017 жылы Қазақстанға көшіп келіп, бір жылдан соң толыққанды азаматтық алған.