Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген Жанат Увалиева жантүршігерлік оқиға туралы баяндады.
Жанат Увалиева – жоғары білімді заңгер, медиатор болып қызмет атқарған. Екі баласы бар. Осыдан екі жыл бұрын сұмдық оқиға болып, бүгін сол жағдай оны баспасөз мәслихатын өткізуге итермеледі.
Ол бұрынғы күйеуі алдымен өзін зорлап, кейіннен екеуінің ортақ алты жасар қызын зорламақ болды деп айыптайды.
Оқиға былай болған. Жанат Увалиева мен оның бұрынғы күйеуі Амангелді екеуі ажырасқан. Оған себеп болған жағдай – Шымкентте тұрып жатқанда Амангелді Жанаттың бірінші некеден туған ұлын зорламақ болды-мыс. Мұны білген Жанат құқық қорғау органдарына арыз жазады. Тексеріс жүргізіледі. Жанаттың айтуынша, сот сараптамасын жүргізетін адам Амангелдінің танысы болып шыққан. Ол зорлау фактісі болмағанын, бірақ, соған әрекет жасалды дегенді айтқан. Десек те, Жанаттың мәлімдеуінше, қылмыстық іс одан әрі жылжымай, тергеу аяқталған. Осыдан кейін Жанат Амангелдімен ажырасып, Алматыға көшіп келген.
Мегаполиске келген соң Жанат бұрынғы күйеуімен араласуды тоқтатады. Бірақ, Амангелді қайта қайта үйге келгісі келіп, бұрынғы әйелін мазалап жүреді. Оған қоса, екеуінің ортақ қызы «әкемді көргім келеді, үйге шақыр» деп сұрайды. Осылайша, Амангелді тағы да хабарласқан кезде Увалиева оған үйге кіруге рұқсат береді. Бұрынғы күйеуі сол күні арақ ішіп келген дейді Жанаттың өзі. Сүйтіп, бұрынғы әйелін зорлайды. Артынша екеуінің алты жасар қызына бас салып, оны зорламақ болады. Жанат қызын құтқарып қалу үшін экс-күйеуін орындықпен ұрады. Бірақ, сонда да оны орнына тұрғыза алмайды. Амалын таусылған соң, Жанаттың сөзінше, ол асүйден пышақ әкеліп, күйеуіне оны сұғып алады. Тек сол кезде ғана күйеуі орнына атып тұрып, бұрынғы әйелін жұдырықтың астына алады. Тек балаларының көмегімен ғана әйел тірі қалдым, дейді.
Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, Жанат Увалиеваның өзі сотты болады. Оған қасақана адам денсаулығына ауыр зардап келтіру бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол 3,5 жылға бас бостандығынан айрылу жазасына кесіледі. Бірақ, кәмелеттік жасқа толмаған балаларды жалғыз өзі асырап отырғандықтан, оның жазасын өтеу кейінге қалдырылды. Бұл да қылмыстық кодексте көрсетілген бап бойынша.
Жанаттың айтуынша, тергеу кезінде ол бұл жағдайды тергеушілерге қанша айтқанымен, оның сөзіне ешкім мән бермеген. Тергеуші «Жанат, сенің сөзіңе сенбейміз» деп тергеуді өз бағытымен жүргізген. Баспасөз мәслихатына Жанат сол кезде күйеуінің ішіп отырған ішімдік бөтелкесін, қызының ішкиімін де ала келген. «Осы заттарға сараптама жүргізуге болады, одан Амангелдінің саусақ іздері табылады» деп мәлімдеді Жанат.
Жанаттың сөздерін тергеу кезінде оның екі баласы да растаған. Олар болған жағдайды айтып, шынында да, Амангелдінің мас болғанын, анасына қорлық көрсеткенін және өз қызын жыныстық зорлық жасауға әрекеттенгенін айтқан. Сараптама балалардың өтірік айтпағанын толық растап отыр. Осы жағдайдан кейін Жанаттың қызы дертке шалдыққаны да мәлім болды.
Айтпақшы, баспасөз мәслихатына Жанаттың келіні де келіп, көрген білгенімен бөлісті. Ол болған оқиғадан кейін бірден сол үйге келіп, кішкентай қыздың ауыр жағдайда болғанын айтты. Сонымен бірге, Амангелді ішімдікке әуес деп те мәлімдеді.
Қорғаушы Инга Иманбайдың айтуынша, қылмыстық іс тіркеліп, Бостандық аудандық полиция қызметкерлері алдымен жұмысты бастағанымен, қазір тергеу тоқтап тұр. Амангелдінің өзінен Шымкент қаласында жауап алынған. Бірақ, оны әлі күнге дейін Алматыға жеткізбей отыр. Болжалды қылмыс Алматыда орын алған жоқ па? Сонымен бірге, Амангелдінің бұрынғы әйелімен беттесуден бас тартқаны да мәлім болды. Неге беттеспейді? Полиция оны Алматыға әкеліп, Жанатпен беттестіруге не кедергі? Одан бөлек, Жақыповтың қазіргі процессуалдық мәртебесі де белгісіз: ол жай ғана куәгер ме, әлде күдікті ретінде танылды ма? Оны да тергеушілер жасырып отыр.
Жанат Увалиеваның айтуынша, оның күні бүгінге дейін бармаған құзырлы органы қалмаған. Президентке де хат жазылған. Бірақ, әлі күнге дейін әділдікке жете алмағанын айтып, налыды.
Шынында да, әділетті түрде тергеу жүргізіп, оқиғаның ақ қарасын анықтауға болмай ма? Оған ешқандай кедергі жоқ емес пе? Жақыповтан толық жауап алып, оны Жанатпен беттестіріп, сараптамаларды тағайындап, барлық мән жайды анықтауға болады емес пе? Соңғы кездері қоғамда балаға көрсетілген зорлық туралы жиі айтады ақпарат құралдарында. Сондай жағдай болуы мүмкін еді деген қылмысты неге әділ тексермеске? Егер шынында да қылмыс болмаса, ол басқа әңгіме. Ал қылмыс орын алса, жауаптыны жазаға тартуға болады емес пе? Болып қана қоймай, бұл полицияның міндеті ғой.
Міне, осы жағдайлар Алматыдағы баспасөз мәслихатында ашық айтылды. Құқық қорғаушылар бұл жағдайды бақылауда ұстамақ.