• Басты
  • >
  • Белсенді көлігін өртеген адам бейнекамераға түсіп қалған

Белсенді көлігін өртеген адам бейнекамераға түсіп қалған

14.12.2020

Алматылық ғалым, азаматтық белсенді Есенғазы Қуандықтың көлігін белгісіз біреулер өртеп жіберді.

Оқиға желтоқсанның 13-інен 14-іне қараған түні болған. Есенғазы Қуандықтың сөзінше, ол көлігінің жанып жатқанын түнгі сағат 2-лер шамасында көріп, бірден оны сөндіруге ұмытылған.

«Түнгі екіде сигнализация берді, терезеден қарасам, жанып жатыр. Сөйтсем, артқы дөңгелегіне бензин құйған, үйден жалаң аяқ шығып, көршілермен бірге әзер дегенде өшіріп алдық. Көліктің салоны, жүксалғышы барлығы жанып кетті», – дейді белсенді.

Есенғазы Қуандықтың айтуынша, машинасын өртеген адам бейнекамераға түсіп қалған, қазір полиция жұмыс істеуде.

«Мен бұны полицияның өздерінен көрдім. Айттым, сендер кісі жіберіп, өздерің өртедіңдер деп. Бұны мен ашуланып тұрып айта салдым ғой. Осыдан кейін олар 15 адам жіберді. Бөлім басшысының өзі келіп іздеп жүр. Өрт қойған адам видеоға түсіпті. Біздің үйді айналып үш рет жүріпті. Бірақ түрін танымайды. Табамыз деп кетті, білмеймін енді… Мен бұны ешкімнен көрмеймін. Саяси белсенділікке байланысты менің ауызымды жабу керек болып тұр ғой. Әйтпесе аулада үш-төрт машина тұр. Бірақ менің ғана көлігімді өртеген. Бұл тапсырыс екені анық», – дейді Қуандық.

Аталмыш оқиғаға байланысты Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы 202 бап (Бөтеннің мүлкін қасақаны бүлдіру немесе жою) бойынша қылмыстық іс қозғаған.