2017 жылғы 10 ақпанда Алматы қаласындағы «Трибуна.Саяси қалам» тәуелсіз газетінің редакция кеңсесінде, оның редакторы Жанболат Мамайдың, редактордың міндетін атқарушы Инга Иманбайдың және олардың туыстарының, газет бухгалтерінің, компания құрылтайшысының, газет шығарушының, саясаткер Төлеген Жүкеевтің пәтерлерінде тергеу әрекеттері шеңберінде тінту жасалды. Оған себеп: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы БТА банктегі ақшаны жымқыруға қатысы бар-мыс дегенді сылтау етіп іс қозғаған.
Дәл сол күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросы кінәсіздік презумпциясы ұстанымына, соттың айыптау үкімінің күшіне кіруіне қарамастан Ж.Мамайды шетелде эмиграцияда жүрген саясаткер әрі банкир Мұхтар Әблязовтің «көмекшісі» деп атады. «Ол «Саяси қалам.Трибуна» газеті арқылы заңды түрде қаржылық операция жүргізген болып, БТА банкінен ұрланған ақша қаражатының бір бөлігінің ізін жасырды»,- делінген Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюроның көптеген БАҚ арқылы таратқан хабарламаларында.
Оны ҚР Қылмыстық кодексінің (1997 жылғы редакциясы бойынша)193 бабының 3-бөлігінің «б», «в» тармақтарында көрсетілген заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлікті заңдастыру қылмыстық құқық бұзушылық әрекетін жасады деген күдікке ілген, ол бойынша ірі көлемде айыппұл төлету немесе үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жаза тағайындау көзделген. Жанболат Мамай өзін айыптауды мүлде жоққа шығарды, 11 ақпанда жасаған мәлімдемесінде өзін қудалаудың саяси астары бар екендігін ашық мәлімдеді.
11 ақпан күні түнде тергеу судьясы А.Байдаулетова журналисті тергеу жүргізілетін кезеңде екі айға қамақта ұстауға шешім шығарғанын жария етті, ал 20 ақпанда Алматы қалалық сот алқасы бұл шешімді күшінде қалдырды. Ж.Мамай Алматы қаласы маңындағы ЛА 155/18 тергеу изоляторына қамалды.
21 ақпанда Мамайдың адвокаты онымен кездескеннен кейін, 17 ақпанда себебін түсіндірместен, оны тергеу изоляторындағы карантиннен, бірінші рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар ұсталатын №81 камерадан жасаған аса ауыр қылмыстары үшін жазаларын өтеп жатқандар қамалған № 197 камераға ауыстырғаны белгілі болды. Бұл камерада, оның айтуы бойынша, Жанболатты ұрып есінен тандырған, оған денесінің көгерген жерлері мен жарақаты дәлел, қамауда ұстау орындарындағы жағдайды қадағалайтын арнайы прокурор барған кезде анықталған жайт бұл; 2 000 000 теңге бопсалағандар оны кейін 200 000 теңгеге түсіріп, камерадан Мамайдың жұбайы Инга Иманбайға телефон соғып сес көрсеткен; өлтіреміз деп қорқытқан. Бопсалаушылар Мамайдан «саясаттан» бастартуды талап еткен.
Жанболат Мамайды қылмыстық қудалаудың саяси астары бар екендігіне және оның белсенді қоғамдық ұстанымы, өзі бас редакторы болған газеттің ақиқатты жазған бірбеткей турашылдығы үшін осылайша қысым көрсеткеніне біз ешқандай шүбәланбаймыз. Біз сондай-ақ бұрын сотталмаған Ж.Мамайды ауыр қылмыстар жасап, жазасын өтеушілер жатқан камераға заңсыз апарғанын оған қысым жасау, оның жеке басының қауіпсіздігіне қатер төндіру үшін істелгеніне сенімдіміз. Ж.Мамайдың өзінің жазған арызына, адвокатының арызына, сонымен қатар жұбайының оның жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрап тергеу изоляторының бастығына және арнайы прокурорға шағымдануына, қылмыстық- атқару жүйесі басшылығын хабардар етуіне қарамастан, 22 ақпанның екінші жартысына дейін оның әліде 8 адамдық сол камерада екендігі, тек ол арадан екі сотталушыны басқа жаққа әкеткені осы пікірімізді қуаттай түседі.
Жоғарыда баяндалғандарға байланысты біз мынаны талап етеміз:
- Жанболат Мамайды саяси астары бар қылмыстық қудалауды тоқтатуды және Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сәйкес оның қылмыстық процестің барлық кезеңдерінде оның әділетті сотқа құқығын толық қамтамасыз етуді;
- Мамайды ұрып-соғу жағдайын және оның тергеу изоляторындағы құқығының бұзылғандығын мұқият тексеруді, сондай-ақ барлық кінәлілерді, соның ішінде №197 камераға ауыстыруға бұйрық берушілерді, сол арқылы оның қауіпсіздігіне қатер төндірткен лауазым иелерін жауапқа тартуды;
- Биліктің тікелей міндеті болғандықтан да Ж.Мамайдың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуді.
Анықтамалық ақпараттар
2007 жылы Жанболат Мамай «Рух пен тіл» клубын ұйымдастырды. «Жас Алаш» газетінде қызмет етті, билікті сынаған көптеген өткір мақалаларын сонда жариялады.
2012 жылы маусымда Жаңаөзеннің ереуілдеген мұнайшыларына оқ атылған қанды оқиғадан кейін, Жаңаөзенге ереуіл кезінде бірнеше рет барғаны үшін, «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айыптаумен тұтқындалды. 2012 жылы 13 шілдеде босатылды.
2012 жылғы қыркүйектен «Трибуна» газетіне басшылық жасады, басылым қазіргі билікке және бірқатар шенеуніктерге қатысты өткір сыни материалдар жариялады. Басылым басынан жарияланған материалдардың кейіпкерлерінің арызы бойынша сотқа тартылу жағдайлары өтті. Газет бірнеше рет сот талабы бойынша айып төлеуге мүмкіндігі болмағандықтан жабылып қалып, басқа атаулармен шыға берді, бастапқы бағытын өзгертпеді.
Соңғы рет сот газетті «Алматыжарнама» муниципалдық жарнама компаниясының директоры Сұлтанбек Сыздықовқа 5 миллион теңге моралдық залалды өтеуге міндеттеді, газеттің тағы да шықпай қалу қаупін туғызды.