Құқыққорғаушы деген кім және ол қаншалықты халыққа жақын?

08.01.2018

«Грантжегіштің» тағдыры

Бір ғасырдың төрттен бір бөлігін құқықорғау саласына арнаған адам ретінде, жағдайды ашып айтып, сұрақтарға жауап беретін уақыт келгенін түсіндім.

Сонымен, барлық авторитарлы және диктаторлы режимдердің ықпалымен қалыптасқан құқықорғаушылардың ортақ портретін жасап көрсек. Бұл посткеңестік елдердегі жағдайға да қатысты.

Ол – жасы мен жынысы белгісіз, басқа мамандық атаулыдан жұрдай адам. Мен адам құқығын қорғаймын деген кезде таныстарымның бірінің қойған: «Сонда жұмыссызсың ба?», – деген көпшіліктің біз туралы ойын дөп басып тұрғандай. Бұл екі жоғары білімі бар, 20-дан астам авторлық патент иесі, техника ғылымдарының кандидатына қойылған сұрақ еді.

Ол сорлының басқа айналысар ісі, отбасына жасар жақсылығы (бизнеспен айналысу, жақсы жалақылы жұмысқа кіру) болмағасын қоғамдық жұмысқа бел шеше кірісіп, өзінің наны мен майын шетелдік гранттардан тауып, өз грантын тып-тыныш бір бұрышта өзі немесе тобымен жейді де отырады. Сол үшін де оны ресейлік саяси технологтар «грантжегіш» деп атап кетті.
Басқа мамандықтың жоқтығынан ол өзіне жаңа мамандық ойлап тапты – «адам құқығы бойынша қоғамдық белсенді». Осы сәттен бастап ол барлық азаматқа бірдей қарыз болып шыға келді.

Әсіресе заңгерлік білімі бар құқыққорғаушыларға қиын түседі. Олар жәй ғана тегін заңгерлік кеңес беруге міндетті. Ал сұрақтар сан алуан: көршімен ұрыстан бастап, құлаған қоршау, құқыққорғау органдары мен сот, прокуратура өкілдерімен болған мәселелер. Жалпы мемлекетпен және оның өкілдерімен, азаматтармен болған кез-келген мәселеде кеңес беруге міндетті.

Желге ұшқан ақша

Егер көмек беруден бас тартсаң бәлеге қалғаның: «Сонда сендер неге керексіңдер және сендерге не үшін төлейді?», деген сынның астында қаласың. Кім не үшін, кімге, қалай төйлейді деген сұрақты ашық күйінде қалдыра тұрайын. Бірақ бұл маған жол полициясы туралы жақсы бір анекдотты еске салады.

Қаладан шыға берістегі тұрақты постында ГАИ қызметкері тұрған еді. Әр таңда оның қасынан терезесін түгел қараңғылаған «мерс» мінген, қала сыртында тұратын, күнде осы жолмен жұмысқа барып қайтатын кәсіпкер өтеді. Жолпол әрине оны тоқтатады, ол болса көліктен шықпастан жүз «жасыл қағазбен» мәселені шешіп кете барады.
Ал бір күні «мерс» жоқ. Бір күн, екі күн, он күннен бері жоқ. Екі аптадан кейін ол қайта пайда болып, инспектордың қасынан зу ете түседі. Тоқтатады, жүз долларды алады, бірақ оны жіберместен сұрайды: «Қайда болдыңыз? Мен уайымдадым», деп.
Жауап: «Мен жолы болған кәсіпкермін, Канарға барып демалдым». Жолполдың ренішінде шек болмайды: «Сонда менің ақшама демалып қайттың ба?».

Мата Хари қызғаныштан жылар еді

Енді тақырыпқа оралайық. Сонымен қатар, қалыптасқан пікір бойынша құқыққорғаушы билікке және халықаралық ұйымдарға, басқа мемлекеттердің билігіне, тіпті өзге елдің барлау қызметтеріне жұмыс істейді. Қандай да жобасы ол ұйымдармен немесе мемлекеттермен қаржыланған болса бітті, дәлелдің өзі болып шыға келеді. Ал біраз жағдайда осының барлығына бірдей қызмет істейді деген пікір бар. Мынаны көрсе Мата Хари қызғаныштан шашын жұлып, еңіреп сала берер еді.

Facebook және басқа да әлеуметтік желі қолданушыларының пікірінше, құқыққорғаушы бәрін де қате әрі дұрыс емес жасайды. Кейбір постарды оқып, Михаил ЖВАНЕЦКИДІҢ сөздерінің анықтығына көзім жетеді. Ол ұсыныс жасап, белсенділік білдіргендер туралы былай деген еді: «Сен ойлап табасың, жасайсың, сосын нашар жасадың деп өзіңді жазалайды».

Тағы бір қалыптасқан қағида құқыққорғаушы бір кабинетте отырып ақпараттарды жинап, қайдағы конференциялар мен семинарларда, шетелде уақыт өткізеді. Шетелдік серіктестерге есеп бермегенде не істейді сонда? Осының барлығын адамдарға жақын болып, қорғап, қоршаудың орнына істейді. Қысқасы, қоғам мен халықтың қамын түк ойламайтын жиіркенішті біреу.

Сосын, құқыққорғаушы жасырын мазохист. Ол артынан аңдудың болғанын, интернет трольдердің өзі туралы жамандықты жазғанын, троль еместердің сынап, мінегенін, әсіресе биліктің өзін жақсы көрмегенін ұнатады.
Ештеңе ұмытпадым ба? Меніңше, осы.

Әркімнің де құқыққорғауға һақы бар

Енді барлығына жеке тоқталсақ. Құқыққорғаушы – ол мамандық емес, кәсіп те, жұмыс та емес. Ол біртұтас бағдар, бағыт алу. Ол өмір салты және сол өмірдегі өз орның туралы түсінік.

Естеріңізге сала кетейін, 1998-жылы, Адам құқығы жөніндегі ортақ декларация қабылданғанына 50 жыл толған шақта, басқа маңызды құжат қабылданған еді – ол жеке тұлғалардың, топтардың немесе ұйымдардың адам құқығын қорғаудағы құқығы мен міндеті туралы декларация немесе Құқыққорғаушылар декларациясы.

Сонымен, ол жерде ешқандай да құқыққорғаушы деген ұғым жоқ. Ал 1-бабында: «Әр адам, өзі немесе басқалармен бірігіп ұлттық және халықаралық деңгейде адам құқығын қорғауға құқылы».
Қаласаң, бұл құқығыңды пайдаланасың, қаламасаң, пайдаланбайсың. Жан-жағыңда болған құбылыс ұнамай ма, еркіндік, әділеттілік, адам құқығының сақталуы қағидаларын маңызды деп санайсың ба, онда өзгеріске ықпал етуге тырысасың. Қолыңнан келгенше, шамаң жеткенше.

Ал енді, мүмкін сынға ұшырар пікірді айтармын, бірақ, басқа амал жоқ: құқыққорғаушы ешкімге де қарыз емес. 1993 жылы біз адам құқығы жөніндегі бюроны құрғанда біз біреу үшін емес, өзіміз үшін құрдық. Мемлекет пен қоғамның болашақта біз және ұрпағымыз үшін қандай болғанын қалаймыз, сол идеалдарға сүйене құрдық.

Ол тура оппозициялық саяси партия құрғандай. Партия қоғамдық-саяси қалып туралы өз бағдарламасына сүйеніп, билікке келіп соны жүзеге асыруды қалайды емес пе? Біз де тура сол сияқты.

Айырмашылығы бізге биліктің қажеті жоқ, біз билікке таласпаймыз. Біз адам құқығы мен бостандығы сақталу үшін сол билікке ықпал етуді ғана көздейміз. Көп жағдайда билікті сынап, оның оппоненті болуға тура келгенмен, біз оппозиция емеспіз.

Өзіңнен сұра

Адам құқығын қорғау – ол ең әуелі белгілі бір қағидаларды, құндылықтарды қорғау және дамыту. Егер ондай принциптер барлық азаматта бірдей болмаса да, көпшілігінде болмаса, түбегейлі бір өзгерістерге жету қиын. Жеке азамат үшін.
Құқыққорғаушылар қанша болғанмен, олар жүйе тұрғысынан жемқорлыққа батқан, заңды сақтай бермейтін құқыққорғау органдарын, әділетсіз соттар мен әділеттілік пен бостандықтың жоқтығын толтыра алмайды.

Құқыққорғау – азаматтық белсенділіктің бір түрі. Яғни, кейбір азаматтар елдегі адам құқығы мен бостандығының жағдайына көңілі толмайтынын түсініп, әрекетке көшті. Былайша айтқанда, қоғамдық белсенділікке көшті.

Осы тұрғыда мені өзі еш белсенділік көрсетпеген азаматтардың: «Ал қане, мен үшін не істедің, есеп бер. Қоғам сенің ісіңнен хабардар болуы тиіс», – деген сауалы таң қалдырады.

Қоғамдық мүддені жамылып мемлекеттік органдар да сол сұрақты қояды.

Менің құрметті отандасым, диванда отырып әлеуметтік желіге пост жазатын мен де тура сен сияқты азаматпын. Айырмашылығым, өз өмірлік ұстанымдарыма орай бір өзгеріс жасауға, әрекетке бет бұрдым. Сондықтан, «Сен не істеп жүрсің? Не бітірдің?» деп сұрасам логикаға жақынырақ болар еді.

Мен нені, қалай істеп жүргенім ұнамай ма? Қолыңа – ту! Қоғамдық өмірге аралас, өз тобыңды, ұйымыңды құр және нені, қалай дұрыс деп санайсың, солай жаса.

Ол тағы да сол оппозиция сияқты: «Бізде оппозиция жоқ, оппозиция нашар, оның көшбасшылары маған ұнамайды, олар ештеңе жасамайды…». Бүкіл интернет осындай сынға толы. Ал өзің ше? Өзің не істеп жүрсің?

Дұрыс оппозицияны жаса, жақтастарыңды жина, партия тірке, билік үшін күрес. Қиын ба? Істегің келмей ме? Билік кедергі жасай ма? Тыныш өмірді өзгерту керек пе? Онда қазіргі оппозицияға қандай сын артасың? Олар саған еш қарыз емес. Қалай бар, солай бар.

Таңдау жасайтын уақыт

Құқыққорғаушылармен де тура сондай жағдай. Олардың кейбірі өз ұстанымдарын кәсіби тұрғыдан жеткізуге бет бұрды. Ұйым құрып, оны тіркеді. Адами, қаржылық, интеллектуалды мүмкіндіктер тапты. Сізге дәл солай жасауға кім кедергі?
Саяси және азаматты құқықпен айналысқысы келетіндерге бәрінен де қиын. Билік ондай өздері үшін ауыр тақырыптардың көп көтерілгенін қаламайды, бизнес қолдауға қорқады. Бизнес қайырымдылықты қолдайды, бірақ азаматтық белсенділікке қатысы жоқ болса ғана.

Шетелден қолдаудың барына рахмет. Бірікке Ұлттар Ұйымы, Еуропалық қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы, Еуропалық одақ, демократиялы мемлекеттердің үкіметтері, кейбір жеке қорлар мен ұйымдар адам құқығы саласындағы жобалар мен бағдарламаларға көмек береді. Тағы қайталап айтайын, олар бізге тапсырма бермейді, біз дұрыс деп тапқан істерге тек көмек береді.

Ал, ары қарай біз салық төлейміз, қаржылық органдар алдында есеп беріп, тіпті Азаматтық қоғам мен дін министрлігіне есеп жібереміз.
Бізден басқа да мыңдаған азаматтық біліммен, әлсіз топтармен айналысатын ұқсас ұйымдар бар. Олардың барлығы да дұрыс нәтиже көрсетіп жатыр ма? Меніңше, жоқ. Олардың арасында өз мүддесін ойлап жүрген адамдар бар ма? Бар да шығар. Барлық жерде де сол емес пе?

Атап өтерім, жұмыстан тыс уақытта бұл іспен кәсіби және нәтижелі жұмыс істеу мүмкін емес.

Таңдау жасау керек. Құқыққорғаумен айналысуды таңдадың ба – іске көш. Жақсырақ, нәтижелірек жаса, қоғамнан азаматтық қоғамға айнал.

Болашақта ол істен мемлекетке де, қоғамға да пайда көбірек болады деп ойлаймын.

 


Добавить комментарий