ЕҚЫҰ: Қазақстандағы сайлауда шынайы оппозиция жоқ, азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ қысымға ұшырауда
  • Басты
  • >
  • ЕҚЫҰ: Қазақстандағы сайлауда шынайы оппозиция жоқ, азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ қысымға ұшырауда

ЕҚЫҰ: Қазақстандағы сайлауда шынайы оппозиция жоқ, азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ қысымға ұшырауда

13.08.2026

ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ) Қазақстандағы 23 тамызға белгіленген Құрылтай сайлауы қарсаңындағы саяси ахуалға алаңдаушылық білдірді. Ұйымның аралық есебінде елдегі саяси бәсекелестіктің шектеулі екені, шынайы оппозициялық партиялардың жоқтығы, тәуелсіз азаматтық қоғам ұйымдарының қысым мен стигматизацияға тап болып отырғанын және тәуелсіз журналистердің қудалануы мен БАҚ-қа мемлекет ықпалы артқаны туралы көрсетілген.

ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды бақылау миссиясының 7 тамызда жарияланған аралық есебі  бойынша, Қазақстандағы кезектен тыс парламенттік сайлаудың формалды ұйымдастырылуынан гөрі оның саяси контекстіне назар аударуға мәжбүр етеді. Сайлау жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін өтеді және оның нәтижесінде бұрынғы екі палаталы Парламенттің орнына 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай қалыптасады. Алайда жаңа жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі – тәуелсіз кандидаттардың сайлауға қатысу мүмкіндігінен айырылуы.

2026 жылғы заңнамалық өзгерістерге сәйкес, Құрылтай депутаттығына кандидаттарды тек тіркелген саяси партиялар ұсына алады. Тәуелсіз кандидаттар үшін бұрынғыдай мүмкіндік қарастырылмаған. ДИАҚБ мұны халықаралық стандарттар мен өзінің бұған дейінгі ұсынымдарына қайшы деп көрсетеді: азаматтарға партияға кірмей-ақ сайлауға түсу мүмкіндігі берілуі тиіс.

Бұл шектеудің саяси салмағы өте маңызды, өйткені Қазақстанда қазірдің өзінде нақты оппозициялық партия жоқ.

ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясымен сөйлескен көптеген сұхбаттасушылар 2023 жылдан бері негізгі бостандықтар мен құқық үстемдігі айтарлықтай нашарлағанын айтқан. Олардың сөзінше, бұған ең алдымен нақты оппозициялық партиялардың тіркелмеуі әсер еткен.

«Бірде-бір шынайы оппозициялық партия тіркелмеген» жағдайда азаматтардың саяси өмірге қатысу мүмкіндігі шектеліп отыр. Сонымен бірге тәуелсіз азаматтық қоғам ұйымдары, әсіресе шетелден қаржы алатын ұйымдар қысымға, стигматизацияға және өз қаражатына қол жеткізу проблемаларына тап болады», – деп жазады ДИАҚБ.

Бұл жағдай сайлау науқанының мазмұнына да тікелей әсер етіп отыр. ДИАҚБ есебіне сәйкес, сайлауға қатысып отырған барлық партиялар Президенттің саяси бағытын қолдайды. Науқанда «Әділет» партиясы басымдыққа ие, ал қалған партиялардың науқаны әлдеқайда шағын ауқымда өтуде.

ДИАҚБ сұхбаттасқан сарапшылар нақты оппозициялық партиялар мен тәуелсіз кандидаттардың болмауы саясатқа қатысу және плюрализмді төмендететінін айтқан. Бұдан бөлек, балама пікір білдірушілерге қысым көрсету адамдардың өзін-өзі цензуралауына әкеліп соқтыратынын ескерткен.

Яғни сайлаушыға партиялар арасында таңдау ұсынылғанымен, бұл таңдау биліктің негізгі саяси бағытына балама ұсынатын күштерді қамтымайды.

Саяси кеңістіктегі билік басымдығы жаңа «Әділет» партиясының құрылуы мен оның бұрынғы билеуші «Аманат» партиясымен бірігуінен кейін одан әрі айқындала түскен. ДИАҚБ бұл процестің «Әділетті» алдағы сайлаудағы басты кандидатқа айналдырғанын атап көрсетеді.

Сайлаудың тағы бір маңызды мәселесі – тәуелсіз азаматтық бақылаудың мүмкіндіктері.

Заң азаматтық ұйымдарға сайлауды бақылауға мүмкіндік бергенімен, іс жүзінде тәуелсіз бақылау кеңістігі тарылып бара жатқаны туралы алаңдаушылық бар. ДИАҚБ респонденттері бірлесу еркіндігіне қойылған шектеулерді, қаржыландырудың шектеулі болуын, билік тарапынан қысымды және 2026 жылғы заңнамалық өзгерістерге байланысты құқықтық белгісіздікті атап көрсеткен.

Әсіресе шетелдік қаржыландыру алатын ұйымдардың сайлауды бақылау құқығына қатысты ережелердің әртүрлі түсіндірілуі азаматтық қоғам ұйымдарының сайлауға бақылаушы ретінде қатысу мүмкіндігін төмендеткен.

Бұл жерде мәселе тек сайлау күні бақылаушылардың учаскелерде болуында емес. Тәуелсіз азаматтық бақылау – сайлау процесінің заңдылығын, ашықтығын және билік органдарының есептілігін қамтамасыз ететін негізгі тетіктердің бірі. Егер азаматтық ұйымдар өздерінің мәртебесіне, қаржыландыруына немесе қызметінің заңдылығына байланысты қысымнан қауіптенсе, олардың бақылау функциясы әлсірейді.

ДИАҚБ есебінде азаматтық қоғам ұйымдарына жасалып жатқан қысым контексті де көрсетілген. БҰҰ арнайы баяндамашылары мен сарапшылары бұған дейін Қазақстандағы белсенділерді қылмыстық қудалау мен соттауға, ұстауға, бақылауға және басқа да санкцияларға қатысты алаңдаушылық білдірген.

Сайлау жағдайын бағалаған ДИАҚБ тәуелсіз ақпарат құралдарының проблемаларына да жеке тоқталған.

Миссия БАҚ нарығының тікелей меншік және айқын емес субсидиялар арқылы мемлекет бақылауында екенін, бұл көптеген ақпарат құралдарының болуына қарамастан медиалық плюрализмді шектейтінін көрсеткен. Қазақстанда шынайы қоғамдық хабар тарату жүйесі жоқ, ал медиа нарығын Мәдениет және ақпарат министрлігі реттейді.

Ұйым ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан бірқатар проблемаларды атап өтеді. Олардың қатарында редакциялық саясатке мемлекеттің ықпал етуі, тәуелсіз журналистерді қамауға алу және қысым көрсету, журналистерге қарсы стратегиялық сот талаптары (SLAPP), интернеттегі контентті өшіру және журналистерді аккредиттеудегі кідірістер бар.

Есепте 2026 жылғы мемлекеттік бюджетте «мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге» 67 млрд теңге, яғни шамамен 123 млн еуро қарастырылғаны да көрсетілген. Сонымен бірге Астананың әкімшілік соты «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қорының БАҚ-қа бөлінетін мемлекеттік субсидиялар туралы ақпаратты ашуды талап еткен шағымын қанағаттандырмаған.

Сөз бостандығына қатысты құқықтық шектеулер де ДИАҚБ назарынан тыс қалмаған. Конституция сөз және БАҚ бостандығына кепілдік бергенімен, жала жабу әкімшілік қамауға дейін апаратын жауапкершілікке, ал Президент пен мемлекеттік қызметшілерді қорлау және көрінеу жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. ДИАҚБ респонденттері бұл нормалардың сөз бостандығына елеулі әсер ететінін айтқан.

Саяси пікірталастың маңызды бөлігі әлеуметтік желілерге ауысқанымен, бұл кеңістік те қысымнан тыс қалмаған.

ДИАҚБ мәліметінше, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мониторинг және талдау орталығы интернет кеңістігін, соның ішінде сайлау заңнамасының ықтимал бұзушылықтарын бақылайды. Миссияның кейбір респонденттері онлайн-контентке қойылатын кең ауқымды шектеулер мен контентті жаппай өшіру саяси пікір білдіруді және сыни дауыстарды басуға ықпал етуі мүмкін деп алаңдайды.

Есепте бұған дейінгі кезеңде онлайн ресурстарды бұғаттау ауқымы да көрсетіледі: 2024 жылы министрлік 26 500 онлайн ресурс пен сілтеменің таралуын шектеген. Сонымен бірге журналистерді қамауға алу, сайттарды бұғаттау, аккредитациядан бас тарту және басқа да қысым түрлерінің тәуелсіз БАҚ-қа әсері туралы халықаралық ұйымдар бірнеше рет мәлімдеген.

Сондықтан сайлау кезінде әлеуметтік желілердің еркін саяси пікірталас алаңы ретіндегі рөлі де шектеулі болып қалуы мүмкін.

ДИАҚБ аралық есебі сайлауды ұйымдастырудың техникалық аспектілерінде бірқатар оң тұстардың бар екенін де мойындайды. Орталық сайлау комиссиясы отырыстар өткізіп, шешімдерін жариялап отыр, барлық жеті тіркелген партияның кандидаттар тізімі қабылданған. Барлығы 545 кандидат тіркелген, олардың 172-сі әйелдер.

Алайда демократиялық сайлаудың сапасы тек бюллетеньдегі кандидаттар саны арқылы өлшенбейді.

Сайлау – азаматтардың билікке балама ұсынатын саяси күштер арасынан таңдау мүмкіндігі. Егер тәуелсіз кандидаттар сайлауға қатыса алмаса, нақты оппозициялық партиялар тіркелмесе, азаматтық қоғам бақылау кезінде қысым мен құқықтық белгісіздікке тап болса, ал тәуелсіз журналистер қудалау мен цензура қаупінде жұмыс істесе, онда формалды бәсекелестік пен шынайы саяси плюрализм арасында үлкен айырмашылық пайда болады.

ЕҚЫҰ ДИАҚБ-ның Қазақстан бойынша аралық есебі дәл осы қайшылықты көрсетіп отыр. Сайлау рәсімдері жұмыс істеп тұрғанымен, азаматтардың саяси өмірге толыққанды қатысуына мүмкіндік беретін орта әлі қалыптаспаған. Ұйым респонденттерінің бағалауынша, негізгі бостандықтардың – бірлесу, бейбіт жиналыстар және пікір білдіру еркіндігінің – шектелуі Қазақстандағы саяси процестің маңызды проблемасы болып қала береді.

23 тамызда Қазақстан азаматтары Құрылтайдың 145 депутатын сайлайды. Бірақ бұл сайлаудың басты мәселесі бюллетеньде қанша фамилия немесе партия атауы болатынында емес. Негізгі мәселе – азаматтардың биліктің саяси бағытына нақты балама ұсынатын кандидатты таңдай алуында.

Ал ЕҚЫҰ ДИАҚБ есебіне қарағанда, қазіргі уақытта мұндай мүмкіндік шектеулі.

ФОТО: tabula.ge