• Басты
  • >
  • Amnesty International: Қазақстан адам құқығын шектейді

Amnesty International: Қазақстан адам құқығын шектейді

22.02.2018

Жұмысшылар құқығы

2017 жылы Қазақстандағы Тәуелсіз Кәсіподақтар конфедерациясы жойылып, кәсіподақ көшбасшылары сотталды.

Лариса Харькованың бас бостандығы шектелсе, Нұрбек Құшақбаев пен Әмин Елеусінов түрмеде жазасын өтеуде.

«Ар-ұждан тұтқындары»

Атырау облысының соты құқыққорғаушы және «ар-ұждан тұтқындары» Макс Боқаев пен Талғат Аянға қатысты сот шешімін күшінде қалдырды. Олар жер мәселесіне байланысты бейбіт митинг ұйымдастырғаны үшін қудаланып, 5 жылға бас бостандығынан айрылған еді. 2017 жылдың қаңтар айында оларды өз қаласынан 1500 км. жерде орналасқан Петропавл қаласындағы колонияға ауыстырған еді. 13-сәуір күні Жоғарғы сот оларға қатысты сот шешімін қайта қараудан бас тартқан еді.  

Азаптау

 Қазақстанда соңғы бес жылда түрмедегі азаптау үшін 158 қызметкер сотталған. Тек бір жылдың өзінде 700 шағым болған. Маусым айында БҰҰ азаптауға қарсы комитеті Қазақстан азаматы Алексей Ушениннің түрмеде азапталғанын, ал үкімет ол мәселе бойынша жан-жақты, тәуелсіз тергеу мен сот өткізбегенін анықтаған. Алексей Ушенин 2011 жылы өзін полиция қызметкерлері істемеген қылмысты мойындату үшін екі күн қатар азаптап, зорлағанын мәлімдеген.

Жазасыздық

Алты жыл өткенімен үкімет Жаңаөзен оқиғасы бойынша жан-жақты, сенім ұялататын тергеу жүргізбеген. Полицияның өз қызметін асыра пайдалануы салдарынан ең аз дегенде 15 адам қаза тауып, 100 адам жараланған.

Сөз бостандығы

Қыркүйек айында заңсыз ақша ізін жасырды деген желеумен, билікті өткір сынаушы «Саяси Қалам.Трибуна» газетінің редакторы Жанболат Мамайға қатысты үш жылға бас бостандығын шектейтін үкім шықты. Жанболат Мамай ақпан айынан қыркүйек айына дейін қамауда болды. Мамыр айында «Журналистер қауіпте» ұйымының жетекшісі Рамазан Есіркеповке шабуыл жасалды. Оның айтуынша, шабуыл Жанболат Мамай қамауда отырған шақта оның ісі бойынша демократиялық елдер елшіліктерімен сөйлесуге бара жатқан жолда орын алған.

Бейбіт жиын бостандығы

Қоғамдық ұйымдарға заңсыз шектеулер жасалды. 2017 жылдың қаңтар айында «Халықаралық құқықтық бастамалар» және «Либерти» құқыққорғаушы ұйымдарына салық органдары үлкен көлемдегі айыппұлдар салды.  

Қазақстанда заңсыз митинг ұйымдастырды деген желеумен  кез-келген азамат ірі көлемдегі айыппұлға немесе 75 күнге дейін әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. Шілде айында БҰҰ адам құқығы бойынша комитеті журналист Андрей Свиридовтың 2009 жылы бейбіт жиын бостандығына деген құқығы бұзылып, оған заңсыз айыппұл салынғанын айыптап, Қазақстанға ұсыныстар жіберді.

Тамыз айында Жанболат Мамай және басқа да саяси тұтқындарды қолдап бейбіт шеруге шыққан Асхат Берсалимов пен Халелхан Ыбрайымұлын 5 күнге әкімшілік жазаға тартты.

Әйелдер құқығы

Қоғамдық ұйым өкілдерінің айтуы бойынша әйелдерге қатысты зорлық, қорлық фактілері азаяр емес. Ең өкініштісі олардың көп бөлігінің тіпті сотқа жетпей, ашылмай қалытыны.

Билік 2015 жылғы БҰҰ шешіміне қарамастан Анна Белоусованы жыныстық бопсалау құрбаны ретінде танудан бас тартты. Үкімет әлі де оған тиесілі ақшалай өтемақыны төлеген жоқ.

Халықаралық қауымдастық назары

Сәуір айында белсенділер мен құқыққорғаушылардың қауіпсіздігі бойынша коалция Қазақстан президентіне ашық хат жолдады. Ол жерде БҰҰ шешімдерін орындау механизмін табу, заңдастыру мәселесі айтылады. Коалицияның айтуынша, 2011 жылдан бері Қазақстан бойынша шыққан БҰҰ-ның 25 шешімінің бірі де орындалмаған. Себебі, тиесілі мәндеттеуші заң жоқ.

Қыркүйек айында Қазақстанға мүмкіндігі шектеулі жандар бойынша БҰҰ Арнайы есепшісі келді. Арнайы есепші Қазақстаннан адам құқығы тұрғысынан заңды реттеуді талап етті. Ол қазіргі заң мүмкіндігі шектеулі азаматтарды өз еркінен тыс жабық мекемелерде емдеуге мүмкіндік беретінін сынады.


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз