Алматының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты адвокат Гүлнар Жуаспаеваны ақтады. Қорғаушының үстінен Наурызбай аудандық полициясы 667-бап «полиция қызметкеріне бағынбау» бойынша әкімшілік іс қозғаған.
14 қазанда өткен сот отырысында істі қараған судья Мұрат Әлімбек адвокат Гүлнар Жуаспаеваны ақтап, оның үстінен хаттама толтырып, іс қозғаған полиция қызметкерлерінің өздеріне жеке ұйғарым шығарды. Сот полицияның іс-әрекетін заңсыз деп таныды.
Гүлнар Жуаспаеваның үстінен іс қозғалуына 23-ші қыркүейекте Наурызбай аудандық полиция басқармасы ғимаратында орын алған жағдай себеп болған.
Полиция адвокат азаматтарды қабылдау бөлімінде полиция қызметкерінің жұмысына кедергі жасап, оны видеоға түсіріп, Facebook желісіне жариялады деген желеумен 667-бап бойынша іс қозғап, сотқа жолдаған.
Алайда Гүлнар Жуаспаева өзіне тағылған айыппен келіспеген. Ол полиция басқармасында болған жағдайды адвокаттық қызметке кедергі келтіру деп бағалаған. Сөзінше, сол күні ол полиция басқармасына қызмет бабымен барған. Алайда кіреберісте тұрған полиция қызметкері оның сөмкесін тексермек болған. Сөмкесін тексертуге қарсылық білдіріп, заң бойынша адвокаттарды тексермейтінін, қажет болса рапискан «арнайы құрал арқылы» өтуге дайын екенін айтқан. Болған жағдайда видеоға түсіріп, Facebook желісіне жариялаған.
«Мен мұны өзімнің адвокаттық қызметіммен байланыстырамын. Атап айтқанда, Ресей азаматтары Анастасия Степашкина мен оның төрт жасар ұлының биологиялық әкесі Рустам Гуняшевке қарсы құқықтарын қорғауға бағытталған кәсіби адвокаттық қызметіммен байланысты деп ойлаймын», – дейді Гүлнар Жуаспаева.
Сотта Жуаспаеваның үстінен іс қозғаған инспектор не үшін хаттама толтырғанын нақты дәлелдеп бере алмады. Ал оқиға болған күні кезекші болған полиция қызметкері Әмір Айдосұлы адвокаттың қандай тәртіп бұзғанын түсіндіре алмады. Ол заң бойынша қорғаушылардың сөмкесі тексерілмейтінін біле тұра не үшін оны тексермек болғанын да айта алмады.
Гүлнар Жуаспаева ұзақ жылдан бері адвокаттық қызметпен айналысып келеді. Әр жылдары елде болған ірілі-ұсақты қоғамдық-саяси оқиғаларға қатысты болған резонансты процестерде адвокат болды.
2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін сотқа тартылған мұнайшылар мен белсенділердің құқығын қорғады. Соның ішінде Роза Төлетаева мен Мақсат Досмағамбетовтің мүддесін қорғады. Сот барысында сотталушыларға тең жағдай жасауды, олардың құқықтарының бұзылмауын және істің әділ қаралуын талап етті. Ол мұнайшылар мен сотталушыларды тергеу кезінде ұрып-соғып, азаптағанын мәлімдеп, бұл бойынша қылмыстық іс қозғауды талап етіп арыздар жазды. Алайда жергілікті құқық қорғау және сот органдары бұл шағымдарды қанағаттандырудан бас тартты.
2018 жылы Алматы қаласында өткен, қоғамда үлкен резонанс тудырған «Жиһадшылар ісінде» саяси белсенді Кенжебек Әбішевтің адвокаты болды. Сот процесінің ашық әрі әділ өтуін талап етіп, тергеу мен сот барысындағы көптеген заң бұзушылықтарды ашық көрсетті. Ол істе мемлекеттік құпияның жоқтығын айтып, сотты жабық өткізуге қарсы шықты.
Осы істегі белсенді қорғау әрекеті мен турашылдығы үшін судья Г. Жуаспаеваның үстінен Әділет министрлігіне «кәсіби этиканы бұзды» деген айыппен жеке қаулы жолдап, оны адвокаттық лицензиясынан айыруға әрекет жасаған. Алайда адвокат өз іс-әрекетінің тек заң шеңберінде болғанын дәлелдеді.
Гүлнар Жуаспаева 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін болған даулы істерге де қатысты. Оқиға кезінде Алматы әуежайы маңында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) қызметкерлері ұстап, «себепсіз азапталған» 10-нан астам жәбірленушінің мүддесін қорғады. 2023 жылдың желтоқсанында бұл іс бойынша ҰҚК-нің 11 қызметкеріне қатысты сот үкімі шығып, олардың бір бөлігі 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, алайда Жуаспаева сот шешімінің тым жеңіл болғанына наразылық білдірді.