8 қазанда Қостанай соты «Время» газетінің аймақтық тілшісі Стас Киселевтің үстінен қозғалған әкімшілік істі тоқтату туралы шешім шығарды. Журналистің үстінен «Онлайн-платформа пайдаланушыларының жалған ақпаратты орналастыруы және таратуы» туралы ӘҚБтК-нің 456-2-бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғалған болатын.
Tobolinfo.kz сайтының жазуынша, сот істе журналистің кінәсін дәлелдейтін айғақ жеткіліксіз деген қорытындыға келген. Сол себепті істі тоқтатуға шешім шығарған.
«Дәлелдемелерді жинау уәкілетті органға жүктеледі. Алайда ол қажетті дәлелдерді ұсынған жоқ», – деген істі қараған судья Азамат Айтқұжинов.
Стас Киселевтың үстінен іс қозғалуға негіз болған мақала 2026 жылы маусымның соңында «Наша газета» сайтында жарияланған. Онда журналист Қостанай қалалық білім бөлімінің бұрынғы басшысы Гүлсім Оразбаеваның қамауға алынуына не себеп болуы мүмкін екенін зерттеген.
Гүлсім Оразбаеваның ұсталғаны туралы ақпарат биыл маусымның басында тараған. Ол 2021 жылдан бері бөлім басшысы қызметін атқарған. Сол уақытта құқық қорғау органдары шенеунікті бюджет қаражатына қатысты ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікке ілінгенін хабарлаған.
Стас Киселев өз мақаласында Оразбаева мен кәсіпкер арасында іскерлік әрі достық байланыстар болуы мүмкін екеніне назар аударған. Бұған білім бөлімі мен аталған кәсіпкер арасында конкурстық рәсімдерсіз, бір көзден алу тәсілімен көптеген мемлекеттік сатып алу шарттарының жасалғаны дәлел ретінде келтірілген.
Алайда Оразбаеваның адвокаты Қуандық Мұхамедьяров мақалаға қатысты прокуратура мен полиция департаментіне шағым түсірген. Ол журналисті Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша жауапқа тартуды сұраған. Атап айтқанда, «сотқа дейінгі тергеу деректерін жария ету» және «көрінеу жалған ақпарат тарату» баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап еткен.
23 шілдеде полиция департаменті адвокатқа жауап беріп, Стас Киселевтің әрекетінен қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық құрамы анықталмағанын хабарлаған. Осындай мазмұндағы жауапты журналистің үстінен әкімшілік іс қозғаған полиция қызметкеріне де жолданған.
Алайда соған қарамастан, ол журналистке Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы 3-бөлігі бойынша хаттама толтырып, істі сотқа жіберген.
Сотта журналистің өзі және қорғау тарапы тағылған айыппен келіспеген. Олар мақаланың негізгі бөлігінде жазылған ақпараттардың барлығы бұған дейін құқық қорғау органдары жариялаған мәліметтерге сүйене отырып жазылғанын алға тартқан.