«Тіпті мәйітімді де олар ала алмасын»: Алматы изоляторында шешен белсендісі өзі-өзіне қол салмақ болды
  • Басты
  • >
  • «Тіпті мәйітімді де олар ала алмасын»: Алматы изоляторында шешен белсендісі өзі-өзіне қол салмақ болды

«Тіпті мәйітімді де олар ала алмасын»: Алматы изоляторында шешен белсендісі өзі-өзіне қол салмақ болды

16.09.2026

Қыркүйектің 14-інен 15-іне қараған түні Алматының тергеу изоляторында Ресейдің сұрауымен Қазақстанда ұсталып, қамауда отырған, кез келген сәтте Ресейге экстрадициялануы мүмкін шешен азаматы Мансур Мовлаев өзіне қол салуға әрекет жасаған. Мұны оның мүддесін қорғаушы заңгер Вадим Дроздов хабарлады.

Өзіне қол салмақ болғаннан кейін Мовлаев медициналық көмек алған. Қазір өміріне қазір қауіп төніп тұр. Өзіне қол жұмсамас бұрын жазып қалдырған хатында Мовлаев «әділетсіздіктен қажығанын» айтқан.

Мансур Мовлаев қайтыс болған жағдайда өзін Қазақстанда жерлеуді сұрап, «тіпті менің мәйітімді де олар ала алмасын» деген.

«Сот та, прокуратура да біздің үнімізді естімейді! Олар [Рамзан Қадыровтың адамдары] мені азаптап, қорлап, өлтіреді және соны өзім жасағандай етіп айтады. Енді өзімді азаптауға жол бермеймін! 16 ай бойы мен экстрадицияланудан қорқып, үміт үзбей өмір сүрдім… Енді тек қорқыныш қалды!», – деп жазған Мовлаев хатында.

Ол сондай-ақ ресейлік белсенді, марқұм Алексей Навальныйдың Санкт-Петербургтегі штаб-пәтерінің бұрынғы қызметкері, қазір Қазақстанда тергеу абақтысында отырған Юлия Емельянованы Ресейге экстрадицияланудан құтқаруды сұраған.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың авторитарлық режимін сынаушылардың бірі болған Мансур Мовлаев 2019–2020 жылдары шешен оппозициялық «Адат» қозғалысына республикадағы азаптаулар, адамдарды ұрлау және қылмыстық істерді қолдан жасау туралы ақпаратты жасырын түрде беріп отырған. Оның оппозициямен байланысы бар деген күдік есірткіге қатысты қылмыстық істің қозғалуына себеп болуы мүмкін. Осы іс бойынша ол үш жылға бас бостандығынан айырылған.

Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғаннан кейін көп ұзамай Мовлаевты шешен қауіпсіздік күштері ұрлап әкетіп, құпия түрмелердің біріне қамаған. Онда ол азаптауға ұшыраған. Соған қарамастан, Мовлаев қашып шығып, құжатсыз Қырғызстанға жеткен. Ол жерде де ұсталып, шекараны заңсыз кесіп өткені үшін жазасын өтегеннен кейін Қазақстан аумағына заңсыз кірген.

Осыдан соң 2025 жылдың мамырында Алматыда қайтадан ұсталды. Сол уақытта Шешенстанда оның үстінен «бопсалау» айыбымен жаңа қылмыстық іс қозғалды. Бұдан бөлек, Ресейде оған экстремизмге қатысты іс бойынша іздеу жарияланған.

Мовлаев экстрадициялық қамауда бір жарым жылға жуық уақыт өткізді, дегенмен заң бойынша рұқсат етілетін ең ұзақ мерзім — бір жыл. Бұл құқықтық тұрғыдан алғанда негізсіз қамауға алуға жатады. Осы уақыт бойы қазақстандық құқық қорғаушылары мен адвокаттардың көмегімен ол Қазақстаннан босқын мәртебесін алуға тырысты. Алайда Қазақстан билігі оның өтінішін мақұлдаудан бас тартты. Сот босқын мәртебесін беруге негіз жоқ деген шешім шығарды.

10 қыркүйекте соңғы, кассациялық инстанция босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы шешімді күшінде қалдырды. Сот бұл шешіміне ешқандай түсініктеме де берген жоқ.

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстан билігін Мовлаевты экстрадициялауды оның мәселесі түпкілікті қаралғанға дейін тоқтата тұруға шақырды. Сондай-ақ БҰҰ-ның Ресей Федерациясындағы адам құқықтарының жағдайы жөніндегі арнайы баяндамашысы Мариана Кацарова белсенді Ресейге қайтарылған жағдайда «азаптау мен қатыгез қарым-қатынастың нақты әрі сөзсіз қаупіне, сондай-ақ соттан тыс өлім жазасына ұшырайтынын» ескертті.

Бұған дейін Қазақстан билігі босқындар мәртебесіне қатысты халықаралық конвенцияны, сондай-ақ БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитетінің талаптарын бірнеше рет бұзған. Саяси немесе діни себептермен қуғынға ұшыраған адамдарды кері қайтарған жағдайлар болған. Ол адамдардың әрі қарайғы тағдыры көп жағдайда белгісіз күйде қалады.