Қамаудағы Иаков Воронцов медициналық көмек ала алмай отырғанына шағымданды
  • Басты
  • >
  • Қамаудағы Иаков Воронцов медициналық көмек ала алмай отырғанына шағымданды

Қамаудағы Иаков Воронцов медициналық көмек ала алмай отырғанына шағымданды

25.08.2026

Алматы тергеу изоляторында қамауда отырған дін қызметкері Иаков (Владимир) Воронцов медициналық көмек ала алмай отырғанын айтып, шағымданды. Бұл жөнінде ол 17 тамызда досы Геният Исинге жазған хатында айтқан.

«Мен туралы әлі де жазбалар жариялап жүрсің бе? Маған мүлдем медициналық көмек көрсетілмей жатқанын жазшы. Аяғымдағы созылмалы ауруым — трофикалық жара мен посттромбофлебит — әлдеқашан асқынып кетті. Аяғым қатты ауырады, ауырсынудан ұйықтай алмай жүрмін. Дәрігерлерге жүгініп жатырмын. Ешқандай реакция жоқ. Ешқандай көмек көрсетілмейді. Осыған байланысты шағым жаздым. Бірақ еш нәтиже болмады. Маған флебологтың шұғыл тексеруі және ем қажет», — делінген хатта.

Иаков Воронцов 13 ақпаннан бері қамауда отыр. Оған Қылмыстық кодекстің 302-бабы (“есірткі притонын ұйымдастыру”) және 296-бабы (“есірткі сақтау”) бойынша айыптар тағылып, 72 сағатқа қамауға алынған. Кейін сот оны екі айға тергеу изоляторына қамау туралы шешім шығарды.

Наурыз айында (православ священнигі мәртебесінен айырылған) Воронцовты АҚШ-тың Халықаралық діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) сенім-нанымы үшін қудаланған адамдар тізіміне қосқан (Frank R. Wolf Freedom of Religion or Belief Victims List).

Шілдеде Иаков Воронцов Ақтастағы психиатриялық ауруханадан қайтадан Алматыдағы тергеу изоляторына ауыстырылды. Оған дейін ол адвокатына ескертпестен ауруханаға жіберілген.

Дәрігерлер Воронцовтың денсаулығынан ешқандай психикалық ауытқу анықтамаған және оны мәжбүрлі емдеуге негіз жоқ деген қорытынды жасаған.

Воронцов ашық саяси мәлімдемелерінен кейін қудалауға ұшыраған. Ол Ресейдің Украинаға басып кіруін сынға алып, Қазақстанда тәуелсіз православ шіркеуін құру бастамасын көтерген.

Иаков Воронцовтың өзі тағылған айыппен келіспейді. Ол абақтыдан жазған хатында тағылған айып пен өзінің қамалуын саяси ұстанымымен байланыстырған.

«Менің үйімде ешқашан да, еш уақытта да қандай да бір притон болған емес. Маған рухани жұбаныш пен ізгі сөз іздеп әртүрлі адамдар келетін. Олар әңгімелесу, бірге дұға ету үшін, менің пікірлес, сенімдес жандарым ретінде келетін. Үйімнен табылды делінген ұнтақ маған тиесілі емес. Менің ойымша, ол әдейі тасталған. Мұның бәрі — мені жазалау және абыройымды түсіру мақсатында жасалған әрекет», — деген ол хатында.

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, тергеу аяқталған, іс материалдары сотқа берілуі тиіс.