Ержановтың ісі бойынша сот басталды
  • Басты
  • >
  • Ержановтың ісі бойынша сот басталды

Ержановтың ісі бойынша сот басталды

27.04.2026

Белгілі қоғам қайраткерін сот үйқамақтан босатудан бас тартты

Белгілі қоғам қайраткері, экономист Оразалы Ержановтың ісі бойынша сот тыңдауы басталды. 

22 сәуір күні Алматы қаласындағы Алмалы аудандық сотында заңгер, «Elge Qaitaru» активтерді қайтару қорының директоры Оразалы Ержановқа қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. 

Қоғам қайраткеріне қылмыстық кодекстің 150-бабы бойынша  (“Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергi жасау”) айыпталып отыр.

Оразалы Ержановтың қорғаушысы Виталий Воронов қылмыстық істі қарауды тоқтатып, процессуалды кемшіліктерді жою үшін оны қайта прокурорға жолдауды сұрады. 

Прокуратура әрине, бұл өтінішті қанағаттандырмауды өтінді. 

Істі қарап жатқан судья Руслан Мұратбеков қорғаушы Вороновтың өтінішін қанағаттандырусыз қалдыру керек деп шешіп, соттың негізгі отырысын 28 сәуірге қалдырды. 

Бұдан бөлек қорғаушы Оразалы Ержановқа кесілген бұлтартпау шарасы – үйқамақтан оны босатуды да сұрады. Судья мұны да қанағаттандырусыз қалдырды.

Естеріңізге сала кетсек, Оразалы Ержанов жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум қарсаңында қамалып, қылмыстық қудалауға ұшыраған еді. Ержанов алдымен Конституцияны талқылау жөнінде Түркістан Құрылтай өткізуді ұсынды. Оған белгілі қоғам қайраткерлері қолдауын да білдірген болатын. 

Кейін бірқатар себептерге байланысты Ержанов құрылтай өткізу идеясынан бас тартты. Оның орнына қоғам қайраткері референдумға белсенді бойкот жариялап, Конституцияның қабылдануына қарсы қол жинауды да ұсынды. Көп ұзамай Оразалы Ержанов істі болып, тергеу изоялторына қамалды. 

Оразалы Ержанов – белгілі қоғам қайраткері, Қаңтар оқиғасынан кейін «Елге қайтару» қорын құрып, Назарбаевтардың дүние мүлкін мемлекет қазынасына тәркілеуді ұсынған болатын. Оған дейін Ержанов «Наурыз банкты» басқарып, оның қаржылық институты белгілі себептерге байланысты жабылған болатын. 

Қоғам қайраткері пайымды экономикалық мәселелерді көтеріп, елдің қазынасын толтыру жолдарын ұсынуымен кеңінен танылғаны мәлім. Қазақстандық құқық қорғаушылар Оразалы Ержановты қудалаудың астарында саяси себеп бар деп санайды.