Митинг өтеді деген алаңға шыққан үш белсендіні полиция қызметкерлері Алмалы аудандық бөлімшесіне әкетті
Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум өтетін күні Алматыда наразылық танытқан белсенділер ұсталды.
Алматының «Астана» алаңына шыққан Алмат Жұмағұлов, Оралбек Өміров пен Сүйіндік Алдабергеновты полиция қызметкерлері ұстап, Алмалы аудандық бөлімшесіне әкетті. Белсенділердің айтуынша, күштік құрылым өкілдері оларды түскі сағат 2-ден кешкі сағат 7-ге дейін ұстап отырған.
«Бүгін бізді полиция қызметкерлері алаңнан күш көрсетіп, заңсыз ұстап әкетті. «Не себепті ұстап жатырсыңдар?» Деп сұрадық олардан. «Бөлімшеге барасыз, сол жерде түсіндіреді сізге» деді олар. Бірақ, бөлімшеге барған соң да ешкім түсіндірмеді. Бар болғаны, телефонымызды алып, одан видеоларымызды өшіруді ғана талап етті. Автокөлікке отырғызбастан бұрын аяқтан теуіп, қысым көрсетті. Ал полиция көлігінде мені қылқындыра бастады» деді бұған қатысты Алмат Жұмағұлов.
Алматының «Астана» алаңы алдын ала қоршалып, онда полиция қызметкерлері көп болғанын да айта кеткіміз келеді.
Айта кетерлігі, референдум қарсаңында бірқатар белсенділер ұсталып, бірнеше тәулікке әкімшілік қамауға алынған болатын.
Өскеменде белсенді Руслан Нұрханов 15 тәулікке қамалды деп хабарлады “Белсенділер экстремист емес” тобы. Сот шешімінде белсендінің 12 наурызда Ұлан ауданы Айыртау ауылында “басқа тұлғаға қатысты жедел іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны” жазылған.
Сотта белсенді өзіне тағылған айыпты мойындамаған.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, референдум қарсаңында 40-қа жуық белсенді мен журналиске түрлі деңгейде қысым көрсетілген. Біреулері әкімшілік қамауға алынса, енді біріне полиция қызметкерлері келіп, «профилактикалық әңгіме» жүргізгені айтылады.
Сонымен бірге, референдум өтетін күні сайлау учаскелеріне келген журналистердің де ұсталғаны мәлім болды. «Азаттық» тілшісі Жолдас Өрісбайды полиция қызметкерлері ай шай жоқ ұстап әкетіп, біршама уақыттан соң босатты. Сол сияқты тәуелсіз журналист Сәния Тойкен де сайлау учаскесіне келген бетте ұсталды. «Мен өзім таңертеңгі сағат 7-де Қазақстан президенті Қасым- Жомарт Тоқаев дауыс беретін N50 учаскеге барғанмен. Бірақ кіріп те үлгерген жоқпын, менің қолымды қайырып және қызымның қолын қайырып, оған қатты әлімжеттік көрсетіп, бізді осы басқармаға алып келді. Осы жерде төрт сағат ұстап отырып, бізді тергеді, бірақ қолымызға хаттама берген жоқ. Хаттаманы бермегеннен кейін қол да қойған жоқпын” деді Сәния Тойкен желіде жариялаған видеосында.
Бас прокуратура референдум күні қандай да заңбұзушылықтар тіркелмегенін, барлығы заң аясында өткенін хабарлағанын да айта кетуіміз керек. Соған қарағанда, кешегі ұстауларға қатысты қандай да шаралар қолданбайтын тәрізді.