Жаңаөзен қаласында ұсталған азаматтық белсенді Әбішевті 2025 жылы мамыр айында түрменің алдына барғаны үшін жауапқа тартты
Азаматтық белсенді Әсет Әбішев Жаңаөзен қаласында ұсталып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Белсендіге 2025 жылдың мамыр айында Степногорск қаласына барып, түрменің алдында Марат Жыланбаевқа қолдау көрсетті, яғни заңсыз митингіге қатысты деген құқықбұзушылық тағылды.
Әсет Әбішев Жаңаөзен қаласының азаматтық белсендісі Шолпан Өтекееваның үйінде отырған жерінде ұсталды. «Учаскелік полиция инспекторын» деп таныстырған қызметкер белсендіге «сіздің үстіңізден әкімшілік хаттама толтырылды, бізбен бірге бөлімшеге баруыңыз керек деп ескертті. Полиция қызметкерлері электронды шақырту қағазымен таныстырған соң Әбішевті өздерімен бірге әкеткені белгілі болды.
Әкімшілік сот бес жарым сағатқа созылды. Нәтижесі әдеттегідей – белсенді 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Бұл Әсет Әбішевтің әкімшілік жауапкершілікке бірінші рет тартылуы емес. Азаматтық белсендіні полиция қызметкерлері жиі жиі «құқықбұзушылық» жасадың деп митингтер алдында жауапқа тартып тұрады. Осыдан бірнеше жыл бұрын ол қылмыстық жауапкершілікке де тартылып, төрт жылға бас бостандығынан айрылған да еді.
Әсет Әбішевтің Жаңаөзенде бұл жолы не себепті қамауға алынғаны беймәлім. Мұнайшылармен кездеседі, наразылық шарасын өткізеді деді ме, ол жағы да белгісіз әзірше.
Халықаралық ұйымдар азаматтық белсенділерді негізсіз әкімшілік қамауға алатын Қазақстан билігінің әрекетін сынға алады. Алайда, билік органдары әдеттегідей белсенділерді қамап жатады.
