Екі күн бұрын Астанада журналист, КазТАГ ақпарат агенттігінің бас редакторы Амир Касенов ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалған еді.
Оған «көрінеу жалған ақпарат тарату» айыбы тағылып (Қылмыстық кодекстің 274-бабы), полиция оны қамауға алуды жөн көрген.
Касеновтың ұсталуына қатысты КазТАГ агенттігінің басшысы Әсет Матаев бұл жағдайды құқықтық бассыздық деп атап, журналистің кәсіби қызметі үшін қудаланып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, егер Қазақстанда әділдік болса, Амирге тағылған айыптар алынып, ол бостандықта жүруі тиіс.
Журналистің қорғаушысы Рена Керимова да қамауға алуға ешқандай заңды негіз болмағанын айтты. Оның сөзінше, ҚК-нің 274-бабы ауыр қылмыстар санатына жатпайды, ал Амир Касеновтың тұрақты тұрғылықты жері, жұмыс орны бар. Мұндай жағдайда қамауға алу емес, балама бұлтартпау шаралары қолданылуы керек еді.
Осы аралықта Амир Касенов уақытша қамау изоляторында аштық жариялағаны белгілі болды. Алайда изолятор әкімшілігі бұл туралы оның адвокаттарына да, отбасы мүшелеріне де дер кезінде хабарламаған.
Касеновтың қамауға алынуы журналистік ортада және құқық қорғау ұйымдары арасында үлкен резонанс тудырды. Халықаралық «Әділ сөз» ұйымы Бас прокурорға үндеу жолдап, журналисті дереу босатуды талап етті.
Белгілі болғандай, Амир Касеновқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту мәселесі түнгі уақытта өткен сот отырысында қаралған. Тергеу сотының шешімімен журналист қамаудан босатылып, үйқамаққа жіберілді.
Қоғамда бұл оқиға «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабын журналистерге қарсы қолданудың қауіпті прецеденті ретінде бағаланып отыр.
