Саяси тұтқын деп танылған Думан Мұхамедкәрім бір жылдан астам уақыт жалғыз адамдық камерада отыр
Бұрынғы оппозиционер, мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қызылорда қаласындағы абақтыда жеті жылдық жазасын өтеп жатқан саяси тұтқын, журналист Думан Мұхамедкәріммен кездескенін хабарлады.
«Қызылордаға барып, абақтыда отырған Думан Мұхамедкәріммен кездесіп қайттым. Облыстағы жігіттер дайындап берген күздік соғымнан сыбаға апардым. Колония әкімшілігіне рақмет: басқа да тәтті-мәтті сәлем-сауқатты таразыламай өткізді. Екеуара екі сағатқа жуық әңгімелестік. Сол баяғы Думан: бірбеткей, тікмінез, турашыл. Сот үкімімен таңылған жазаны мойындамайды» деді Бапи.
Депутаттың айтуынша, Думан Мұхамедкәрім алдыңғы кездесуге қарағанда, әлдеқайда жүдеген. «Бұдан бір жарым жыл бұрын Талдықорған “СИЗО”-сында кездескен кезге қарағанда, біраз жүдеу тартқан. Мен келерден бір күн бұрын (20.11.25) кезекті аштықтан шығыпты. “Сухой аштық па?” десем:
“Жоғ-ә, сұйық ішпесең, үш-төрт күннен кейін крышаң кетіп қалады” деп күледі. Бостандықта жүрген кезіндей, әзілден кенде емес».
Сонымен бірге, Мұхамедкәрім денсаулығының нашарлағанын да жеткізген. «Анығында денсаулығы біраз сыр бергені рас екен. “Еттің қашуынан екі бүйрегім төмен түсіп кетті. Белім ол сырқырайды. Асқазаным да ауырады…” дейді Думан. “ДУИС-тегілер бәріне өзі кінәлі, аштыққа бармаса, бұлай болмас еді деп отыр ғой…” деймін мен Думанға. “Менде наразылық білдірудің басқа қандай амалы бар? Өзімнің қарсылығымды осылай аштық жариялаумен ғана білдіре алам” дейді Думан», деп хабарлады Бапи.
Одан бөлек, Думан Мұхамедкәрім жазасын өтеу мекемесін Алматы облысына ауыстыруды да сұраған еді. Бұл мәселе ақпарат құралдары сан рет айтылды. Бұған қатысты Бапи былай деді: «Думанның маған жазған өтінішінде өзінің тұрғылықты жері Алматының төңірегіне немесе таяудағы Талдықорғанға ауыстыруды сұрайды. Түрмеден – түрменің жорғасы жоқ, Алматыға ауыстыру жөніндегі өтінішін өтеу қаншалықты қиын?” деген сұрағыма ДУИС-тен: “Мұхамедкәрімнің 13 ішкі жазасы (вызыскание) бар, сондықтан мекемеге сәйкес тәртіпті бұзған сотталушылардың мұндай өтініші орындалуға жатпайды” дейді мекеме басшылығы. Думанның бұл өтініші орындалса, біраз дабыраның дауы басылар ма еді…” деген сұрағыма ДУИС-тен: “Ондайда жазасын өтеу орынын ауыстыруды сұраған, ішкі тәртіпті бұзбаған басқалардың құқығына әділетсіздік жасаған
боламыз. Ондай өтініш аз емес” деген жауап алдым».
Соған қарағанда, Мұхамедкәрімнің өзін Алматы облысындағы түрмеге ауыстыру мәселесі әзірге оң шешілмейтін тәрізді.
Думан Мұхамедкәрімді халықаралық ұйымдар «саяси тұтқын» деп танып, оны қудалауды «саяси астары бар қылмыстық іс» атады. Сонымен бірге, Қазақстан билігінен оны дереу босатуды сұрады. Алайда, билік бұған үн қатпай отыр. Депутатқа айтқан сөзінде Думан Мұхамедкәрім Қызылордаға жазасын өтеуге келгеннен бері жалғыз адамдық камерада отыр. Мұның өзі адамды азаптаудың бір түрі емес пе?
