Астанада ЛГБТ белсенділерін жаппай ұстады
  • Басты
  • >
  • Астанада ЛГБТ белсенділерін жаппай ұстады

Астанада ЛГБТ белсенділерін жаппай ұстады

24.11.2025

Дөңгелек ұстел өткізуге келген ЛГБТ белсенділері «ұсақ бұзақылық» жасады деген айыппен әкімшілік сотқа тартылды

Астанада ЛГБТ белсенділерін жаппай ұстау басталды. Алдымен, феминистік ұйымның белсендісі, сарапшы Ардж Турсынкан ұсталды. 21 қараша, жұма күні елордада Education Community жүргізген зерттеудің таныстырылымы және ЛГБТКИА+ қауымдастығына қатысты дискриминацияның Қазақстанның дамуы мен халықаралық имиджіне қалай әсер ететіні жөніндегі дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында полиция және ЛГБТКИА+ қауымдастығына қарсы көзқарастағы әйелдер келіп, кездесуді тоқтатуға әрекеттенген. Туындаған жанжалдың нәтижесінде зерттеуші Ардж Тұрсынқан ұсталды. Оған «ұсақ бұзақылық» жасады деп әкімшілік хаттама толтырылып, белсендіні полиция бөлімшесінде түнімен ұстады. Оның қандай тәртіпті бұзғаны, не себепті ұсталғаны айтылмады. Қорғаушысы оған кіре алмағанына да шағымданды. Нәтижесінде, Тұрсынканды сот әкімшілік құқық бұзушылық жасады деп танып, оған 78 640 теңге көлемінде айыппұл салды. 

Сенбі күні «Феминита» қозғалысының жетекшісі Жанар Секербаева мен Queer ұйымының белсендісі Темірлан Баймашты Астана полиция қызметкерлері алып кетті. Оқиға былай басталды. Секербаева, Баймаш және басқа да белсенділер Астана кафелерінің бірінде ауқаттанып отырады. Бұл уақытта оларға Зиуар Жұманова атты әйел келіп, кафе ішінде ұрыс шығарады. 

«Зиуар мен өзге де әйелдер кафе ішіне баса-көктеп кіріп, оның ішінде даяшыларға да физикалық күш қолданған. Олар кафе ішінде балағат сөздер айтып, бейберекет айғайлаған. Одан кейін Зиуар Темірлан Баймаштың үстінен арыз жазу үшін полиция шақырған. Алайда қолда бар бейнежазбаларда тәртіпсіздік жасап, жанжал шығарғандардың нақ осы әйелдер екені анық көрінеді. Соған қарамастан, полицияның белсенділерді ұстағаны айтылған», — делінген QUEER KZ хабарламасында.

Видеода Жанар Секербаева мен оның жақтастарының тамақ ішіп отырғаны байқалады. Ешқандай тәртіп бұзбаған. Алайда, Зиуар Жұманова мен оқиғаны видеоға түсіріп тұрған бір әйел олардың кетуін талап етіп, сол жерде жанжан бастайды. Артынша полиция қызметкерлері келеді. Секербаева оқиға орнынан кетіп қалғанымен, оны полиция бәрібір ұстады. Журналист Лұқпан Ахмедьяровтың «не үшін әкетіп жатырсыз» деген сұрағына құқық қорғау қызметкерлері мардымды жауап бермеді.

Біршама уақыттан кейін Секербаеваның босатылғаны мәлім болды. Оған Астана тұрғындарының бірі арыз жазды. Белсенді өзін қудалаған әйелге қарсы «сталкерлік» жасады деген айыппен арызданатынын мәлімдеді.

Жақында мәжіліс депутаттары ЛГБТ насихатына қарсы заңға өзгертулер енгізді. Бұдан былай ЛГБТ насихатын жасады деп танылған азамат жауапкершілікке тартылатын болады. Халықаралық ұйымдар бұл өзгертулерді қабылдамауға шақыруда. Ендігі сөз – сенатта. Одан кейін президент оған қол қоя ма, жоқ па, -белгісіз. Алайда, заң күшіне енбей жатып, қудалау басталғанын көріп отырмыз.