Мирболат Мырзатайұлы төрт жылға сотталды
  • Басты
  • >
  • Мирболат Мырзатайұлы төрт жылға сотталды

Мирболат Мырзатайұлы төрт жылға сотталды

14.11.2025

Қоғам белсендісі «ұлтаралық араздықты қоздырды» деп айыпталып, қыркүйек айында қамауға алынған еді. Медеу аудандық соты оны түрме жазасына кесті

Алматының Медеу аудандық №2 соты қоғам белсендісі әрі «Журналистік зерттеу орталығының» жетекшісі Мирболат Мырзатайұлының ісін қарап, оны төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. 

Мирболат Мырзатайұлы қыркүйек айында қамауға алынған болатын. Оған 174-баппен, яғни «ұлтаралық араздықты қоздыру» ісі бойынша айып тағылды. Алматы қалалық полиция департаменті Мырзатайұлының бір видеосында «араздық қоздыру» белгілері бар деп танып, үстінен іс қозғады. Алматы қалалық ауданаралық тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Сот қазан айында басталды. Қысқа уақытта қаралған қылмыстық істің соңғы нүктесі қойылып, Мырзатайұлы төрт жылға бас бостандығынан айрылды. 

«Азаттыққа» сұхбат берген блогердің қорғаушысы Жанар Балғабаева бұл үікмді негізсіз деп санайды. «Мұндай үкім болады деп күткен жоқпыз. Бәріміз шок болып отырмыз. Міндетті түрде апелляцияға береміз. Әділетсіз, заңсыз, негізсіз үкім деп санаймыз” деді ол Азаттыққа.

Айыптау актісінде блогердің биыл сәуір айында Алматыдағы мекеменің кеңсесіне барып, “мекеме басшысымен жанжал барысында” “ұлттық араздықты қасақана қоздыруға кіріскені” жазылған. Актіге сүйенсек, блогер мен мекеме басшысы арасында келіспеушілік тілге қатысты туындаған. Актіде мекеме басшысымен болған диалогтан да үзінді келтіріледі. Онда “басшылық қызметте отырып мемлекеттік тілді сыйламайсыз”, “дереу орныңызды босатуды талап етеміз” деген сияқты тіркестер кездеседі. Блогердің бұл видеосы Instagram желісінде шыққан.

Қоғам белсендісі өзіне тағылған айыптарды мойындамады. 

Үкім шығатын күні Медеу аудандық сотының алдына белсенділер жиналды. Соттың үкімі оқылған соң олар наразылық білдіріп, мұны әділетсіздік деп бағалады. 

“Мирболаттың бар жазығы қоқысты тазалайтын мекеме қызметкерлеріне “қазақша сөйлеңіз” деген талап қойған. Халыққа қызмет көрсету орындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері қазақ тілін білуі шарт. Жалпы Қазақстанның әрбір азаматы ұлтына қарамастан, қазақ тілін білуі шарт. Қазақстан азаматы ретінде бұл оның парызы. Ал сол үшін қазақ тілінде мемлекеттік қызмет көрсетуді талап еткені үшін төрт жылға соттау мемлекеттің жоқтығын көрсетеді” деді қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы.

Мирболат Мырзатайұлының қорғаушылары Алматы қалалық сотына апелляциялық шағым жолдайтынын мәлімдеді. Атап өтерлігі, қоғам белсендісінің өзі сот залына әкелінбеді. Ол барлық процестерге тек онлайн режимде қатыстырылды. Мырзатайұлы бұған наразылық білдіргенімен, сот мұны қаперге алмады.