Бір жарым жылдан бері Бақытжан Әбдікәрімовтың туыстары мен құқыққорғаушылар істің сотқа жетіп, қылмыскерлердің жазаланауын күткен. Енді сот іс бойынша айыпты деп танылған колония қызметкерлеріне шартты жаза ғана бергені белгілі болды. Адам құқығы жөніндегі бюро орынбасары Роза Ақылбекованың айтуынша, қылмыскерлердің жазадан құтылып кетуі түрмедегі жағдайды ушықтыруы мүмкін. Себебі, өздерінің жауапсыздығын сезген түрме қызметкерлері азаптауды жалғатыруы мүмкін.
«Өкінішке орай Қазақстанның түрмелерінде адам төзгісіз қинау фактілері тоқтар емес. Әсіресе осы жағдай орын алған Павлодар қаласындағы колония туралы бір жарым жыл бұрын біз айтқан едік. Сол бір жарым жыл бұрыңғы баспасөз мәжілісінде адвокаттар айтқандай, тіпті сексуалды зорлау фактілері орын алған. Ол ер адам үшін қандай қиын екенін бәріміз жақсы білеміз. Ал Әбдікәрімовтерге келетін болсақ, біз осы уақыт ішінде бұл жанұяға әділеттілікке қол жеткізуге көмектескен едік. Сотта азаптау фактісі дәлелденгенімен, қылмыскерлер жазадан құтылып кетті. Ал ондай жауыздықтың жазасыз қалуы жаңа қылмыстарға жол ашуы мүмкін. Азаптауға барған адамдардың жазасыз қалмайтынын көрсетуге тиіспіз. Ондай сұмдық қылмыстар қайталанбау керек және адамдар ондайға бармауы тиіс.
2015 жылы ол колонилардан адамдар көмек сұрап шыңғырған еді. Мұны басқаша атау мүмкін емес. Олар көмек сұрады. Біздің азаптауға қарсы коалиция мүшесі Елена Семенова ол жерде сұмдық жағдайлар орын алып жатқанын дәлелдемек болды. Өкінішке орай 2015 жылы коалицияға ешкім құлақ аспады. Ал 2016 жылы сол колонияда Әбдікәрімов өледі», – дейді ол.
Бақытжан Әбдікәрімовтың әпкесі бауырларын өлтірген адамдарды жазасыз қалдырмаудың барлық амалдарын жасайтындарын айтады.
«Мен әділетсіз сот жүйесі туралы айтқым келеді. Екі жыл болды біз бауырымызды өлтірген адамдарды жазалай алмай келеміз. Ал қылмыскерлерге көмектесіп отырған біздің қылмыстық атқару органдары. Қылмыскерлерді жазалауға тиіс орган керісінше оларды қорғаштап отыр.
Менің бауырым өз кәсібі бар, бақытты өмір сүру үшін барлық жағдайы бар азамат болды. Бірақ, Қазақстанда егер кәсіпкер болсаң кез-келген уақытта барыңды тартып алу үшін сенен қылмыскер жасай салады екен. Біз оған анық көз жеткіздік.
Мысалы біздің бауырымызға істемеген қылмысты іліп, түрмеге жапты. Жапқаны былай тұрсын, ұрып-соғып қинады. Ол сап-сау күйінде түрмеге түсті, ол сол күйі шығуы тиіс еді. Бірақ, біз одан айрылып қалдық.
Мен осы жерге қоғамнан көмек сұрауға келіп отырмын. Себебі басқа жерден әділеттілік таппадым. Олар менің бауырымды өлтіргені аздай, түк болмағандай жарты жылдан кейін тағы бір адамды, іс бойынша куәгерді өлтірді.
Түрме қызметкерлері өздерін тура қожайын сияқты ұстайды екен. Кез-келгенін ұрады. Қинайды, қалағанын істейді.
Ең болмаса түрме дәрігерлерінің адамгершілігі болса менің бауырым өлмес пе еді. Себебі ол таңғы бес жарым шамасында жараланған, ал жедел-жәрдем тек сағат сегізде шақырылған. Олар оның қаны түгел ағып кеткенге дейін көмек көрсетпеген.
Інім дзюдодан бірнеше мәрте чемпион, ол өзін өлтіруге бармайды. Физикалық дайындығы жақсы болатын. Сараптама да өлместен бұрын төбелес, арпалыс болғанын дәлелдеді.
Сотта біздің аузымызды жапты. Судья егер әлеуметтік желі, журналистерге хабарлассақ қылмыстық іс қозғайтынын, сотқа қысым деп бағалайтынын айтып қорқытты. Енді сот бітті. Біз бәрін де айта аламыз.
Турасын айтқанда прокуратура істі тергегісі, әділетіне жеткісі келмеді», – дейді ол.
Ал Бақытжан Әбдікәрімовтың інісі соттың әуелден тергеу орындарымен бірігіп, қылмысты жасыру әрекетін айтады. Оның айтуынша, ағасы кісі қолынан өлген. Сотта оны дәлелдейтін фактілер жеткілікті айтылған.
«Неге біз ағамды өлтіргеніне сенімдіміз. Себебі, ресми сараптама оны анық көрсетті. Соттың, тергеу орындарының айтуынша ағам әйнекке құлап жарақат алған. Бірақ, сараптамаға сай жарақат әйнектен емес, алюминий затпен салынған. Яғни тергеу мен сот сараптаманы елемей, қылмыстың ашылуына тосқауыл болып отыр.
Біздің сараптама қорытындысынан түсінгеніміз, оны жаралағандары аздай, бір сағаттан астам уақыт оның аяқ-қолын байлап, басып отырған. Енді өлтірді деген сол емес пе?
Сонымен қатар, сол түні колония қызметкерлерінің бірі және екі белсендінің ағама жабылып жатқанын көрген куәгер де бар. Сот оның сөзіне де мән берген жоқ. Егер ол әйнекпен өзін өлтірсе қолында ізі қалмай ма? Ондай жоқ. Сосын оған алюминий затпен 14 рет жарақат салынған. Адам өзін 14 рет жарақаттауы мүмкін емес қой?! Бір реттен кейін-ақ өзіне қайта қол жұмсай алмайды. Енді жазықты деп танылған екі адам шартты мерзімге ғана сотталды. Бұл әділетті ме?», – дейді марқұмның інісі.
Құқыққорғаушы Роза Ақылбекова әділеттілік іздеген жәбірленушілерге көмек жалғасатынын айтты.
«Қазақстанның ішінен әділеттілік таба алмағаннан кейін бұл кісілер халықаралық сотқа жүгінгісі келеді. Біз өз тарапымыздан БҰҰ-ның комитеттеріне арыз жазуға, заңгерлік көмек көрсетуге дайынбыз», – дейді ол.