МӘЛІМДЕМЕСІ

09.02.2020

Ресми ақпарат бойынша 2020 жылдың 7-8 ақпан күндері Қордай ауданында тұрмыстық кикілжің салдарынан ұлтаралық қақтығыс туындап, адам өліміне, үйлердің өртенуі мен жеке мүліктің жойылуына алып келген.

Қырғызтандағы әріптестеріміздің хабарлауынша, дәл қазір қазақ-қырғыз шекарасында жүздеген босқын, негізінен әйелдер мен балалар қақтығыстан қашып, пана іздеп, Қырғызстан аумағына босқын ретінде өтуді көздеген. 

Мұндай ауыр қасіретке алып келген қақтығыстың түп-тамырында жәй ғана тұрмыстық кикілжіңнен тереңірек мәселелердің жатқаны айдан анық.

Әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі, жұмыссыздық, әлеуметтік теңсіздік, билік органдарына деген сенімсіздік және олардың қандай да мәселелерді дер кезінде әрі дұрыс шеше алмауы, қоғамның көңіл күйін дұрыс бағалап, қақтығыстардың алдын ала алмауы дәл осындай радикализмнің, зорлыққа негізделген экстремизимнің өршуіне ең оңтайлы жағдай жасап, ашық арандатуға жол беріп отыр.

Өкінішке орай, бұл оқиға біздің күштік құрылымдардың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ішікі істер министрлігі қызметкерлерінің қандай да қақтығысты алдын алу, шиеленіс ошақтарын анықтау, жаппай тәртіпсіздікті дер кезінде тоқтатуға еш қауқары жоқ екенін анық көрсетті. Бір тәулік ішінде жағдай тынышталып, қақтығыс тоқтатылды дегенмен, оның салдарының соншалықты ауыр болуы күштік құрылымдар жұмысы мен ұстанған бағыты, бағдары жөнінде терең талдау жасап, болашақта мұндай жағдайлар қайталанбауын саралауға негіз бар.

Билік органдары, оның ішінде күштік құрылымдар, басқа да мемлекеттік аппаратты өз салығымен ұстап отырған  Қазақстан азаматтары қауіпсіздік пен қорғанға кепілдік алуға толық құқылы. 

Ашылған қылмыстық іс терең зерттеліп, кінәлі азаматтар анықталып, заңмен көрсетілген жазаға тартылуы тиіс. Қаза тапқан адамдарды қайтара алмағанмен, зардап шеккендерге материалды және моральды шығын өтеліп берілуі тиіс.

Бұл оқиға биліктің барлық органдары деңгейінде терең бағалауды, талдауды талап етеді. ҚР Парламенті, ҚР Қауіпсіздік кеңесі, ҚР Бас прокуратурасы және Қазақстан халқы ассамблеясы, Ұлттық сенім кеңесі сынды қоғамдық құрылымдар да бұл істен шетте қалмауы тиіс. 

Құрылған үкіметтік комиссияға қоғамда моральдық беделі бар қайраткерлер, дін басылар, өнер қайраткерлері кіруі тиіс. Қоғамда бұл мәселені ашық әрі жан-жақты талқылауға мүмкіндік беріліп, мейлінше анық әрі ашық ақпарат тарауына мүмкіндік жасау керек. Сонда ғана жалған ақпараттың тарауына тосқауыл болып, арандатудың алдын алуға мүмкіндік болады.

Алматы қаласы, 9 ақпан, 2020 жыл


Добавить комментарий