«Балаларға немқұрайлы қарауға болмайды»

16.01.2018

Білім және ғылым министрлігі жанындағы Балаларды қорғау жөніндегі комитеттің келтірген деректеріне сай жасөспірімдер арасындағы заң бұзушылық өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. 2017 жылы ондай заңбұзушылық 3148 тіркелген, ол өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға аз. Алайда, өткен жылы 443 жасөсіпірім сотталған болып шықты, ол 2016 жылмен салыстырғанда 17 пайызға артық. Сонымен қатар 82 жас азамат, сот шешімімен түрмеге қамалған. Ал 2016 жылы 57 болған. Сондықтан, бұл бағытта әлі де жүзеге асырылуы тиіс жұмыс көп.

Жобаның алғашқы жылдағы жетістіктері мен барысы жайында «Дағдарыс орталықтары одағы» ұйымының жетекшісі Зульфия Байсакова айтып берді. Оның айтуынша, жыл қорытындысы көңіл толарлықтай. Айта кетерлік жағдай, осы жолы қоғамдық ұйымдарға серіктес ретінде Білім және ғылым министрлігі жанындағы балалар құқығын қорғау комитеті, адам құқығы жөніндегі амбудсмен офисі, Жоғарғы сот, ауданаралық соттар мен бірқатар БАҚ кіргені. Жобаның алға қойған мақсаттарының бірі балалар мен шалғай аудандағы азаматтардың ақпарат пен кеңес алуға мүмкіндігін арттыру.

– Біз өңірлерден 20 қоғамдық қабылдау орталықтарын ашудың кеңес алу мүмкіндіктерін арттырғанына көзіміз жетті,  – дейді Зульфия Байсакова.

Ал сол 20 орталыққа жетуге мүмкіндігі жоқтарға «150» нөмірлі шұғыл телефон желісі жұмыс істеді. Байсакованың айтуынша, бір жылда қоғамдық қабылдауларға 1268 адам келген, шұғыл қоңырау жүйесіне 261039 адам хабарласқан, оның 8452-сі балалардың құқығына қатысты болған. Сонымен қатар, жасөспірімдерге қатысты 273 сот отырысына қатысып, ҚР бойынша сот жүйесінің жұмысына қатысты мониторингті аяқтауға мүмкіндік болған.

Ювиналды сот жүйесіне қатысты күрделі мәселені «Қазақстан балалар қоры» жетекшісі Эльвира Ватлина көтерді.

– Бізде көпшілігі ювиналды әділет дегеннің не екенін білмейді. Кейде тіпті кей журналистердің Ресейдегі әріптестеріне еріп, ювиналды әділет деген дұрыс емес деген пікірін көріп жүрміз. Олардың айтуынша, бұл баланы отбасынан тартып алуға бағытталған. Бұл дұрыс емес пікір және оны журналистердің тарататыны өкінішті, – дейді Э.Ватлина.

«Луч надежды» қорының өкілі Любовь Рубеженская да тағы бір өзекті тақырыпты көтерді. Оның айтуынша, олардың өңірде балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы ювиналды прокурор мен тергеуші жоқ. Бірақ, дәл сондай мәселе бүкіл Қазақстанға тән болып шықты. Сонымен қатар, пробациялық бақылау мекемелерінде арнайы психолог та жоқ болып шықты. Сондықтан, психология факультетінің студенттерінің көмегіне жүгінуге тура келеді.

Оның бұл сөздерін Алматы облысы бойынша қабылдау орталығының жетекшісі Жанар Жармұханова да қолдады. Оның айтуынша, балаларды тәртіпке шақыру орталықтарына, мектепке орналастырар кезде ата-анасы адвокаттың көмегіне жүгінуіне болады. Алайда, оны ешкім түсіндірмегендіктен, ешкім бұл құқығын қолданбайды.

Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша азаптауға қарсы ұлттық механизм өкілі Игорь Мирошниченко әлі күнге дейін өздерінің интернаттар мен әлеуметтік үйлерге кіру құқығы жоқ екенін айтты. Оған жиында болған адам құқығы жөніндегі амбудсмен кеңсесі өкілі Серік Оспанов тиісті заң жобасының парламентке түскенін айтып жауап қатты.

Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро өкілі Мария Расулова бастапқы кезде ювиналды соттарға қатысуға қатысты қиындықтар болған, бірақ, қазір барлық тарап келісімге келгенін айтады.

Кездесу соңында Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро директорының орынбасары Роза Ақылбекова жобаның болашақтағы жоспарлары жөнінде жеткізді.

– Ювиналды адвокат, прокурор, тергеуші, ол тергеуші түрмедегі қысым мәселесімен де айналысса, сондай жүйенің болуы өте маңызды. Балаларға немқұрайлы қарауға болмайд, – дейді Р.Ақылбекова.

Құқыққорғаушы көп жылдан бері жүйені жақсартуда қоғамдық ұйымдардың мемлекетке көмекші болып келгенін, сондықтан ендігі істер әріптестік негізде, бір мақсатты көздеп жасалса деген пікір айтты.

Жобаны Еуропалық одақ 2019 жылға дейін қаржыландырады. Қоғамдық ұйым өкілдері балалардың құқығына байланысты мәселеде мемлекеттік органдар ары қарай да белсенді әріптес болады деген үміт білдіреді.


Добавить комментарий