Қазақстан: жалған айыптарды алып тастау, оппозиция қайраткерін босату

13.06.2022

Бүгін Адам құқықтары және заң үстемдігі жөніндегі Қазақстандағы халықаралық бюро, Адам құқықтары жөніндегі Хельсинки қоры және Норвегиялық Хельсинки комитеті Қазақстан билігі оппозиция қайраткері Жанболат Мамайды бейбіт саяси қызметі үшін қудалауды тоқтатуы керек, деп мәлімдеді. Осы төрт ұйым Мамайға тағылған бірқатар қылмыстық айыптарды алып тастауды және оны дереу босатуды талап етті. Олар Мамайға тағылған айыптар мен оның партиясына жасалып жатқан қысым президент жариялаған саяси реформа туралы күн тәртібіне нұқсан келтіретінін айтып, азаматтардың заңды оппозициялық қызметін еркін жүргізуіне мүмкіндік бермейінше, нақты демократиялық өзгерістер болмайтынын атап өтті.

Өткен аптада Қазақстандағы 2022 жылғы қаңтар оқиғасына байланысты,  тіркелмеген оппозициялық Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамайға қарсы жаңа қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Бұл оқиғалар кезінде жаппай бейбіт наразылықтарды зорлықшыл топтар пайдаланып кетті және билік шамадан тыс күш қолданды да, нәтижесінде жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған адам жарақат алды. Мамайға тағылған айыптар Демократиялық партияның 2022 жылы 4 қаңтарда Қазақстанның Маңғыстау облысындағы жанармай бағасының күрт өсуіне наразылық танытып, көшеге шыққан наразы халыққа ынтымақтастық білдіру мақсатында,  «Алматы Арена» маңында өткізген бейбіт шеруіне қатысты. Айыптау бойынша, Мамай осы жерге жиналған көпшіліктің «көңіл-күйіне әсер етіп», «әлеуметтік шиеленіс тудыруға» және «халықты билікке қарсы қоюға» ұмтылып, мемлекеттік және саяси реформалар қажеттігін айтып, оны таратуға шақырған. Парламентті ашық және әділ сайлауды және саяси партияларды тіркеуді талап еткен .

«Мамайға қарсы қозғалған қылмыстық істердің сипаты мен мән-жәйы оның оппозициялық әрекеті мен билікті сынағаны үшін кек алу мақсатында қозғалғанын анық көрсетеді. Бейбіт түрде оппозициялық көзқарасын білдіргеннің және өзгерістер үшін үгіт-насихат жүргізгеннің  қылмыс боларлықтай ештеңесі жоқ – билік оны бұл үшін жазаламауы керек, керісінше оның Қазақстандағы әлеуметтік әділеттілік пен демократиялық басқаруды жақсарту жолындағы күш-жігерін құрметтеп, қолдап, құптауы керек», – деді Адам құқықтары жөніндегі халықаралық серіктестік (IPHR) директоры Бриджит Дюфур.

Мамайға тағылған жаңа айыптар Қылмыстық кодекстің «Жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға» (272-баптың 1-бабы) және «Қасақана жалған ақпарат таратуға» (274-баптың 4-тармағы) тыйым салатын нормаларына негізделген. Мамайдың кінәсі дәлелденсе, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тек бірінші қылмыс үшін он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

2022 жылдың 8 маусымында жарияланған мәлімдемесінде Мамай өзіне тағылған жаңа айыптауларды абсурд және қате деп атады. Ол өзін тәртіпсіздіктер ұйымдастырды,  4 қаңтарда «Алматы Арена» маңындағы наразылық акциясына қатысушыларды Республиканың орталық алаңына шығып, саяси өзгерістерді талап етуге шақырды деген айыппен келіспейді, өйткені  оның сол жерде сөйлеген сөзі көпшілікке қолжетімді бейнероликте анық көрініп тұр. Ол шерушілерді ешқайда баруға шақырмағанын айтты. Керісінше, оларды орнында қалуға, айналасына зиян келтірмеуге және полицияға қарсылық көрсетпеугеа шақырды. Ол, сондай-ақ, сөйлеген сөзінен кейін, көп ұзамай ұсталғандықтан, демонстранттарды Республика алаңына физикалық түрде бастап баруы мүмкін емес екенін айтады. Бұған қоса, ол тергеушілердің өзі басқарды деген тәртіпсіздіктерге қатысушылардың бірде-бір тобын анықтай алмағанын атап өтеді. Сондай-ақ, Мамай жалған ақпарат таратты деген айыптың қисынсыздығына  назар аударып, онда аталған адам санының  дәл болмауы қисынсыздығын көрсетеді. Мамай 4 қаңтарда сөйлеген сөзінде өзі  айтқан «Жаңаөзенде 10 мың наразылық білдіруші жиналып тұр» деген ақпараттың сол күндері жария болған БАҚ мәліметтеріне негізделгенін айтады. Алайда, прокуратура бұны Қылмыстық кодекстің,  сөз бостандығын тұншықтыру үшін жиі қолданылатын, «жалған екені белгілі ақпаратты тарату» деген мағынасы бұлыңғыр бабына сәйкес бағалап отыр.

«Билік 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаны маңызды мәселелер бойынша өз пікірін білдіру мақсатында негізгі бостандықтарын бейбіт түрде пайдаланған Мамай сияқты ыңғайсыз адамдарды нысанаға алу үшін сылтау ретінде пайдаланбауы керек. Керісінше, олар осы қайғылы оқиғалар кезінде зорлық-зомбылық көріп, адами құқықтары бұзылған  құрбандар үшін әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге баса назар аударуы керек», – деді Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының (KIBHR) директоры Евгений Жовтис.

Мамайдан басқа бірқатар оппозиция өкілдері, азаматтық қоғам және құқық қорғаушылар заңды азаматтық белсенділігі үшін,  кек алу мақсатында,  2022 жылғы қаңтардағы оқиғаға қатысты айыпталып отыр. Қаңтардағы наразылықтар кезінде шектен тыс күш қолдану, наразылық білдірушілерді негізсіз ұстау, осы оқиғалар кезінде ұсталғандарды азаптау, зорлық-зомбылық көрсету және тиісті процедураларды бұзу фактілері бойынша билік органдары бүгінгі күнге дейін әділ, тиімді және жан-жақты тергеуді бастамай отыр. Қаңтар оқиғасына байланысты құқы  бұзылған  құрбандарға құжаттарын дайындап, басқа да көмек көрсетумен айналысатын азаматтық белсенділер билік тарапынан ашықтықтың жоқтығы, жәбірленушілердің  қуғын-сүргіннен қорқып, бастан өткендерін айтуға батпайтыны, өздеріне қоқан-лоқы жасалып, қорқытқан сынды  түрлі кедергілерге тап болды.

«2022 жылғы қаңтардағы оқиға халықтың заңды талаптарын елемеу қаншалықты қауіпті екенін көрсетті. Билік халықтың сыни үнін тұншықтырудың орнына, Қазақстандағы қазіргі  қиындықтарды азаматтық қоғаммен және саяси оппозициямен біріге отырып, шешуге тырысуы керек», – деді Норвегиялық Хельсинки комитетінің (NHC) Бас хатшысы Берит Линдеман.

Мамай 2022 жылғы қаңтар оқиғасына қатысты айып тағылған кезде басқа да қылмыстық істер бойынша қамауда болған. 2022 жылдың 14 наурызында Алматы қаласының соты, 2021 жылы орын алған екі бөлек оқиғаға байланысты, «құқық қорғау органдары қызметкерлерін қорлады» және «көпе-көрнеу жалған ақпарат таратты» (Қылмыстық кодекстің 378 және 274,2-баптары бойынша) деген айыппен оны уақытша қамауға алуды санкциялады. Ішкі заңнамада мұндай қылмыстық істер бойынша бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу қарастырылмағанымен, Мамай уақытша ұстау изоляторына қамалды. 2022 жылдың 6 мамырында оның уақытша қамау мерзімі 2022 жылдың 12 маусымына дейін ұзартылды. Бұған дейін ол Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қабылданған заң бойынша, өзінің күнәсін мойындау рақымшылық жасаудың шарты болмайтынына қарамастан,  «күнәні мойындаудан» бас тартқаны үшін оған рақымшылық жасалмады. 2022 жылдың 10 маусымында Мамайдың уақытша қамау мерзімі 2022 жылдың 9 шілдесіне дейін ұзартылды.

«Құқық қорғау органдары қызметкерлерін қорлады» деген айып Мамайдың 2021 жылдың 18 қыркүйегінде полиция оның партиясының бейбіт наразылығын күштеп таратып, оны ұстауға әрекеттенген кездегі сынына байланысты. Атап айтқанда, ол осы әрекеттерге барған полицейлерге қаратып «сатқындар» деген болатын. Осылайша, ол құқық қорғау органдары қолданатын қиянат жасау тактикасын сынағаны үшін жауапқа тартылып жатыр. Екінші айыптау оның қаржылық қиындықтарға тап болған тұрғындар атынан несиелік амнистия деп аталатын науқанына қатысты. 2021 жылдың 9 желтоқсанында Алматыдағы Мамайдың Facebook желісіндегі ресми парақшасында қаржылық қарыздарды жоюға шақырған қоғамдық акция туралы жарияланды. Осыдан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі оны «қарыздың барлық түріне несиелік амнистия жарияланды» деп жалған ақпарат таратып, «өз саяси мақсаттары үшін» «азаматтарды адастырды» деп айыптады. Мамай бұл айыптауды жоққа шығарып, әлеуметтік желілер арқылы қолданыстағы бағдарламалар бойынша қиын қарызға көмек алу үшін Агенттікке қалай хабарласу керектігі туралы ақпаратты тарату үшін ғана пайдаланғанын айтты.

2019 жылы Демократиялық партия құрылғаннан бері Мамай мен осы партияның басқа белсенділері үнемі қудалауға ұшырап келеді. Қысым салдарынан партия 2020 жылы құрылтай съезін өткізуден бас тартуға мәжбүр болып, билік  органдарында тіркеле алмады. 2022 жылдың наурыз айында Мамай тұтқындалған уақыттан бері оның партиясының мүшелері Мамайды босатуды талап етіп, бейбіт шеру өткізгені үшін бірнеше рет  қамауға алынып, әкімшілік жазаға тартылды. Осының негізінде Мамайдың әйелі әрі қолдаушысы Инга Иманбайға бірнеше рет айыппұл салынып, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы бойынша қосымша тергеуге шақыртылып, оның өзін қамап тастауға тырысқан. Қылмыстық іс бойынша ұсталғанға дейін, Мамай 2022 жылғы қаңтар оқиғасы құрбандарын еске алуға арналған бейбіт акция ұйымдастырғаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Одан осы оқиғалардың куәгері ретінде жауап алынған.

«Қазақстан билігі сөз бостандығына, бірлестіктер мен бейбіт жиналыстарға қатысты халықаралық міндеттемелерін орындауы керек және осы еркіндіктерді елдегі жағдайға наразылығын білдіру үшін пайдаланатын оппозиция белсенділері мен басқа да азаматтарды қудалауды тоқтатуы керек», – деді халықаралық бағдарламалар директоры Ленур Керимов,  Хельсинки адам құқықтары қорында (HFHR).

Мамайға қарсы қылмыстық айыптар, сондай-ақ,  оның партиясының басқа мүшелеріне қарсы қайтадан күшейген науқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси модернизацияға, адам құқықтарын қорғауды күшейтуге және азаматтардың шешім қабылдауға қатысуын арттыруға уәде берген кезде басталды. 2022 жылғы 5 маусымда осы бастама аясында   ұсынылған бірқатар конституциялық түзетулер бойынша референдум өтті. Бұл мәлімдемені жариялаған ұйымдар егер Қазақстан билігі демократиялық еркіндік пен саяси плюрализмді жақсартуға шындап кірісетін болса, шынайы оппозициялық партиялардың тіркелуіне мүмкіндік беріп, мұндай партиялардың мүшелеріне қоқан-лоқы жасалып,  қудалауға ұшырамауын қамтамасыз етуі керек деп көрсетті.

Бұл тұрғыда биліктің тыйым салынған оппозициялық қозғалыстарға, Қазақстанның демократиялық таңдауы (DVK) және Көше партиясына (Көше партиясы) қатысы бар деген болжам бойынша,  бейбіт белсенділерді қудалауын жалғастыруы да қатты алаңдатады. Бұл қозғалыстарға, олардың бейбіт мақсаттарына қарамастан, сот «экстремистік» деп тыйым салды. Әдейі әзірленген схеманы қолдана отырып, белсенділерді осы екі бейбіт саяси қозғалысқа қосылғаны, бейбіт қарсылық акцияларына қатысқандары үшін, өздерінің ой-пікірлерін әлеуметтік желілерде  бейбіт мағынада таратқандары үшін  сот арқылы қудалады. Осындай айыптар тағылған кейбір белсенділер қазіргі күндері қамауда отыр. Осы мәлімдемені жасап отырған ұйымдар Қазақстан билігін демокартияны қолдау мақсатындағы бейбіт оппозициялық іс-әрекеті үшін осы уақыттары түрмеде отырған барлық адамды босатуға шақырады.