• Басты
  • >
  • Қаңтарда 44 адамды «азаптады» деген полицейлердің соты басталды

Қаңтарда 44 адамды «азаптады» деген полицейлердің соты басталды

02.09.2024

Алматы облысының Қарасай аудандық сотында Қаңтар оқиғасы кезінде Қошмамбет ауылындағы абақтыда адамдарды азаптады деген полиция қызметкерлерінің соты басталды. Іс бойынша 44 адам жәбірленуші деп танылған. Олардың арасында Өзбекстан және Қырғызстан азаматтары бар. Алты полиция қызметкері күдікті деп танылған. Арасында Алматы полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Берік Әбілбеков те бар. 

3 қыркүйекте өткен алдын ала сот тыңдауына жәбірленушілердің ешқайсысы келмеді. Олардың адвокаттары соттан істі қайта тергеуге жіберуді сұрады. Сөздерінше, күдіктілерге жеңіл айып тағылған және ашылмаған мән-жайлар бар.

— Бұл жаппай азаптау. Бұл жай ғана бір адамды ұрып-соғу емес. Жаппай азаптау – өте ауыр қылмыс. Сондықтан бұл қылмыстық квалификациямен келіспейміз. Яғни, 146-баптың 1-тамағымен мүмкін сот үкімімен тек ғана айыппұл төлеп құтыла салуы мүмкін, – дейді құқық қорғаушы Айна Шорманбаева.  

Жәбірленуші тараптың өтінішхатына күдіктілердің адвокаттары мен прокурор қарсылық білдірді. Олар істі қайта тергеуге негіз жоғын айтты.  

Күдікті полиция қызметкерлері мен олардың адвокаттары өздерін видео-фотоға түсіруге қарсылық білдірді. Берік Әбілбековтің қорғаушысы Ильясова күдіктінің кінәсі дәлелденбеді деп, оған қатысты істі тоқтатуды сұрады. Прокурор оған қарсы шықты. 

Істе жәбірленуші деп танылған 44 адамның бірі қырғыз музыканты – Викрам Рузахунов. Қаңтар дүрбелеңі кезінде Қазақстанның мемлекеттік телеарнасынан «бүлікке қатысқаны үшін ақша алған мойындаған» жігіттің видеосы тараған. Кейіннен оның Қырғызстан музыканты Викрам Рузахунов екені, полиция оны азаптап, істемеген қылмысын мойындауға мәжбүрлегені белгілі болған.