• Главная
  • >
  • Регрессниктер де өтемақысын көтеруді сұрайды

Регрессниктер де өтемақысын көтеруді сұрайды

25.04.2018

ЕҢБЕК МҮГЕДЕГІ

28 жыл бойы шахтаның көмір оятын бөлігінде қара жұмыс істеген Евгений Архипов – еңбек мүгедегі. Ол үшінші топ мүгедегі әрі комиссия оның жұмысқа жарамдылығы 50 пайызға кеміген деп тапқан. Зейнет демалысына шығуына әлі ерте. Өндірісте жарақат алған шахтерлердің көбі жұмыс істей алмайды, көбі зейнет жасына әлі жетпеген. Олар өздерін “регрессниктер” деп атайды. Енді олар жалақы емес, өндірісте денсаулығынан айырылғаны және келтірілген зиян үшін төленетін өтемақыға күн көріп отыр. Архипов – 100 мың теңгеден көбірек алатын регрессниктердің бірі. Ол “бұл сома кәсіби дертке шалдығып, мүгедектікке шықпай тұрғанда, яғни жұмыс істеп жүрген кезде алып жүрген жалақымнан әлдеқайда аз” дейді.

– Дискриминация болмауы керек қой. Алып жүрген өтемақымыздың көлемін қайта есептеулері тиіс. Біз мұны азаматтық кодекстерге, президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған мүгедектердің құқығы туралы халықаралық конвенцияға сүйеніп талап етеміз. Заңды жақсартып, өзгертуді ұсынамыз, – дейді еңбек мүгедегі Евгений Архипов Азаттық тілшісіне.

Мүгедек шахтерлердің өтемақысы жұмысқа жарамдылығын жоғалту дәрежесі мен жалақы мөлшеріне қарай белгіленеді. Архиповке және өзгелерге қарағанда көбірек өтемақы алатын регрессниктер де бар. Қарағанды аймағында “АрселорМиттал Теміртау” компаниясы шахталарында денсаулығынан айырылған үш мыңдай регрессник шахтер бар. Регрессниктер өтемақыны көбейтуді талап етуге негіз бар деп санайды.

ТЕЗ ШЕШІЛЕТІН МӘСЕЛЕ ЕМЕС

Регрессник шахтерлердің бір бөлігі өтемақыны қазіргідей, яғни инфляция деңгейінде көбейтпей, одан көбірек қосуды сұрайды. Ертеректе олар көміршілердің “Қорғау” кәсіподағына осындай өтінішпен жүгінген болатын.

– Желтоқсандағы ереуілден соң және шахтерлеріміз жалақысын көбейту талабына қол жеткізгеннен кейін регрессниктер де бұған еңбек мүгедектерінің өтемақысы неге ілінбей қалды деп сұрай бастады. Олар өз еркімен регрессник болған жоқ қой. Кәсіподаққа регрессниктерден ауызша өтініштер түскен. Бұл мәселені қараусыз қалдырмау үшін онымен айналысуды ұйғардық. Олардың тілегі орынды деп санаймын. Біз бұрынғыдай болса деп сұраймыз, яғни шахтерлердің жалақысы әлдебір пайызға көбейсе, еңбек мүгедектерінің өтемақысы да дәл сондай мөлшерге көбеюі тиіс. Біздің позициямыз – осы. Еңбек министрлігіне жүгінгенбіз, енді бастамашыл топпен бірге депутаттарға барып жолықпақпыз. Бірақ бұл тез шешілетін мәселе емес екенін түсінген жөн, – дейді шахтерлердің “Қорғау” кәсіподағының төрағасы Марат Миргаязов Азаттыққа.

Қарағанды облысында кей регрессник шахтерлер бастамашыл топ құрған. Бірнеше адамнан тұратын топ мүшелерінің айтуынша, олар еңбек мүгедектерінің жағдайын жақсартуға тырысып жүр. Олар сақтандыру туралы заң мен азаматтық кодекске 2015 жылы енгізілген өзгерістер (өтемақы көлемін инфляция деңгейіне қарай төлеу қарастырылған) регрессниктердің жағдайын нашарлатып жіберді деп санайды.

Шахтерлердің жалақысын көбейткен сайын регрессниктердің де өтемақысы дәл сондай сомаға өсіп отыруы тиіс деп санаймыз, біраз бұрын солай болған, – дейді регрессниктердің бастамашыл тобының мүшесі Иван Штрек Азаттық тілшісіне.

Регрессниктердің ішінде “тәуір” өтемақы алып жүргендерін айтқан, бірақ сомасын жарияламауды сұрағандар да бар. Бірақ заң деңгейінде қабылданып жатса, өтемақы көлемін ұлғайтудан регрессниктердің ешқайсысы бас тартпайтынын олар да мойындайды.

– Шахтерлердің жалақысы 30 пайызға көбейді. Төлем көлемі ұлғайса, бұдан регрессниктердің ешқайсысы бас тартпас еді, әрине. Жалақының өскені жақсы ғой, бірақ заң қабылданып қойды, сондықтан 2-3 жылдан бері бізге инфляция деңгейінде қосып жүр, ал заңның кері күші жоқ қой. Тырысып көруге болады, бірақ бұл ұзаққа созылатын шаруа. Мұны даңғаза қылмай, сабырмен шешу керек. Өтемақы мөлшерін көбейту мәселесін үкімет қана шеше алады, заңға өзгеріс енгізуді сұрап сөйлесуге болады, – дейді шахтада көмір оятын жерде 30 жыл істеп, жұмысқа 30 пайыз ғана жарамды болып қалған 68 жастағы регрессник Борис Жуков Азаттыққа.

РЕГРЕССНИКТЕРДІҢ ХАТЫНА РЕАКЦИЯ

Регрессниктердің бастамашыл тобы мүшелерінің пікірінше, төлемдерге қатысты 2015 жылы заңдарға енгізілген өзгерістер Қазақстан Конституциясына, азаматтық кодекске сәйкес емес. Ал оларды қолдану БҰҰ-ның мүгедектер құқығы туралы конвенциясы мен халықаралық келісім шарттарына қайшы. Регрессниктер өтініштерін Қарағанды облысы әкіміне, бас прокуратураға және еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдаған.

“Шын мәнінде, жаңа түзетулер 2011 жылы қабылданған түзетулерді жойды, бұл азаматтарды жоқшылыққа ұрындырып, бұл әлеуметтік шиеленіске ұласуы мүмкін. Қабылданған түзетулер өз азаматтарының, демек мемлекеттің де мүддесін емес, шетелдік компаниялардың мүддесін қорғайды. Түзетулерді қабылдаған кезде министрлік мүгедек жандарға келетін зиянды есептемеген деп санаймыз” делінген бастамашыл топтың хатында.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіподақ пен регрессниктер тобының хатына жауап берген. Ресми құжатта “төлем көзіне қарамастан өтемақы сомаларын индекстеу инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне пропорционалды жүргізіледі” делінген. Министрлік жауабында “өндірісте жүріп денсаулығынан айырылып, жоғалтқан жалақының орнына төленетін өтемақы көлемін орташа айлық жалақының ұлғаюына қарай қайта есептеуге жұмыс беруші міндетті емес” деп көрсетілген.

“Жұмысшыны еңбек (қызмет) міндеттерін орындау кезіндегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру аясындағы шығындар мен тарифтерді актуарлық бағалау (сақтандырушы мен сақтанушының қаржылық қарым-қатынасын реттейтін ережелер жиынтығы – ред.)” техникалық спецификациясының жобасы қазір Қазақстан ұлттық экономика министрлігі жанындағы ведомствоаралық комиссия қарауында жатыр. Комиссия қарағаннан кейін ол республикалық бюджет комиссиясына жолданатын болады” деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Наурыздың аяғында Қарағанды облысы әкімі Ерлан Қошановтың қабылдауында болған регрессник Евгений Архиповтің айтуынша, еңбек мүгедектерінің бастамашыл тобына билік өтемақыны көбейту нұсқаларын жазбаша түрде баяндап, негіздеп әкелуді ұсынған. Қазір бұл шаруамен бірнеше регрессник айналысып жатыр, олар бұл мәліметтерді облыстық әкімдік пен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шенеуніктерінен құрылған арнайы комиссияға беруді жоспарлайды.


Добавить комментарий