Сонымен қатар қамаудағы кәсіпкердің анасы ұлына түрмеде көрсетілген қысымды толық сипаттап берді. Оның айтуынша, Ерімбетов тергеумен жұмыс істеуден бас тартып, кінәсін мойындамаған уақыттан бастап оның түрмедегі өмірі тозаққа айналған. Бір апта бойы «карцерге» (жазалау камерасына) қамалған, бес күн бойы камераластары ұрып-соғып, қоқан-лоқы көрсеткен. Өзін ҰҚК өкілдері деп таныстырған белгісіз адамдар түрме жертөлесіне түсіріп, егер кінәсін мойындап, қарындасы Ботагөз Жәрдемәлінің елге оралуына ықпал етпесе, оның әкесі мен ұлын қамауға алатындарын айтқан.
Туыстары Ерімбетовтың еш қысымға қарамастан, кінәсін мойындамайтынын және өзін ұрып-соғу, қысым көрсету фактісі бойынша арыздануды жалғастыратынын айтты. Қорғаушылардың айтуынша, дәл қазір оған түрмеде көсетілген қысым бойынша ешбір арызға дұрыс жауап ала алмаған. Ұрып-соғу фактісі бойынша іс қозғалмаған.
Кәсіпкердің ата-анасы аталған іс бойынша Еуропарламент депутаттары мәлімдеме жасағанын, ендігі халықаралық заңгерлер арқылы қорғанатындарын айтты.
Сонымен қатар, түрмедегі қысымға қатысы бар адамдарды АҚШ-та қабылданған Магнитскидің санкциялық тізіміне қосу әрекеттері жасалуда екенін жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, Ескендір Ерімбетовке – 2005-2013 жылдар аралы-ғында Мұхтар Әблязовтан қаржы алды, ол әркетімен БТА банктен ұрланған қаржының ізін жасырды деген, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 193 бабы бойынша айып тағылған.
Бұл іс бойынша Ерімбетовпен бірге жұмыс істеген Дмитрий Пестов, Василина Соколенко және Михаил Зоров та тұтқынға алынған.
Кәсіпкердің әкесі, Мырзахан Ерімбетовтың айтуынша, дәл қазір бұл азаматтарға қысым көрсетіліп, өзіне және ұлына қатысты куәлік беру талап етілуде. Ол осының барлығы қызы Ботагөз Жәрдемәліні елге қайтару мақсатында жасалған бопсалау әрекеті екенін айтады.
Ботагөз Жәрдемәлі Мұхтар Әблязовтың заңгерлік қорғауын басқарған. 2013 жылы Қазақстан билігі Әблязов ісі аясында оған да іс қозғап, Интерполдың іздеуіне салған. Сол жылы Белгия билігі оған саяси босқын мәртебесін беріп, 2016 жылы Интерпол Б.Жәрдемәліні өз тізімінен алып тастаған.
15 қараша күні сот Ерімбетовты 2 айға уақытша ұстау изоляторына қамау туралы шешім шығарып, мемлекеттік айыптаушы оның және туыстарының мүлкін тәркілеуді сұраған.
Іспен жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро тергеушісі С.Н.Перов жетекшілігіндегі ведомство- аралық топ айналысады.