Азаматтық белсендірлерге қатысты әкімшілік және азаматтық істерді жүздеп санауға болады. Қазір кез-келген мәселеге көңілі толмай, пікірін айтқан азаматтың 10-15 күнге әкімшілік абақтыға отырып шығуы қалыпты жағдайға айналды. Қандай да сыни пікір немесе кез-келген шенеунік туралы ақпаратты жариялаған БАҚ немесе журналист, блогер, белсендінің мойнына «ар-ұжданды» сылтауратып миллиондаған өтемақы іле салу да сәнге айналды.
Ал ең сорақысы дәл жоғарыдағы себептермен белсенділерді қылмыстық жауапкершілікке тарту. Төменде 2017 жылы қылмыстық бап бойынша сот үкімі шыққан, қоғам және халықаралық ұйымдар «саяси астары бар» деп бағалаған азаматтық белсенділерге қатысты сот үкімдерін ұсынамыз.
Сонымен қатар, түрлі жылдары сот шешімі шыққан Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Вадим Курамшин, Макс Боқаев пен Талғат Аян сынды саяси тұтқындардың әлі де түрмеде екенін естеріңізге саламыз.
07.04.2017: Астана соты тәуелсіз кәсіподақ жетекшілері Нұрбек Құшақбаевқа “заңсыз ереуілді жалғастыруға арандату” айыбымен екі жарым жыл, Әмин Елеусіновке – “кәсіподақтың сеніп тапсырған қаржысын жымқыру” және “полицейлерге тіл тигізу, бағынбау және оларға күш қолдану” айыптарымен екі жыл түрме жазасын кесті.
07.06.2017: Сот оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовті “қылмыс жасауға оқталу”, “қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау”, “сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету”, “БТА банк қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру”, “банк қаржысын заңсыз пайдалану” және “өкілеттіктерін теріс пайдалану” баптары бойынша кінәлі деп танып, сыртынан 20 жылға соттады. Үкім бойынша, Әблязовтің дүние-мүлкі тәркіленіп, банкте кәсіби қызмет атқару құқығынан 3 жылға айырылады және 300 айлық есептік көрсеткіш (680700 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
25.07.2017: Шымкент қаласының Еңбекші аудандық соты 55 жастағы кәсіподақ жетекшісі Лариса Харькованың бас бостандығын төрт жылға шектеу және мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарды.
01.08.2017: Сот азаматтық белсенді Олеся Халабузарьді “ұлтаралық араздық қоздырды” деген айыппен екі жылға бас еркіндігінен айыру туралы шешім шығарды.
07.09.2017: Алматының Медеу аудандық соты «Трибуна» газетінің бас редакторы Жанболат Мамайды кінәлі деп танып, оның бостандығын үш жылға шектеу, дүние-мүлкін тәркілеу және үш жылға журналистік қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы үкім шығарды.
18.09.2017: Ақтөбеде кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына «жала жапты» деп танылған құқық қорғаушы Әлима Әбдірованың бас бостандығы екі жылға шектелді.
02.11.2017: 2 қараша Астанада азаматтық белсенді Айдын Егеубаевтың бас еркіндігін екі жылға шектейтін және 100 мың теңге “моральдық өтемақы” төлеуге міндеттейтін үкім шықты. Сарыарқа аудандық №2 соты оны “Бәтуа” компаниясының құрылтайшысы Нұрлан Биялдиловтің абыройы мен қадыр-қасиетіне және оның бизнесінің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жала жабу сипатындағы мәлімет таратты” деп таныды.
27.11.2017: Астананың Сарыарқа аудандық №2 соты азаматтық белсенді Махамбет Әбжанды үш жарым жылға бас еркіндігінен айырып, мүлкін тәркілеу және жәбірленуші Азамат Жетпібаевтің пайдасына 2,5 миллион теңге өндіріп беру туралы үкім шығарды.