12 желтоқсан күні басым дауыспен Еуропалық парламент Қазақстан мен ЕО арасындағы кеңейтілген қарым-қатынас туралы құжатты қабылдады. Құжаттың өзіне осыдан 2 жыл бұрын екі жақты қол қойылған еді.
Келісімшарт 29 саланы қамтиды. Оның ішіне: экономикадан бастап, терроризм, климат ауысуы, мемлекеттік қаржыны басқаруға дейін кең форматтағы салалар кіреді.
Төменде біз ресми Астана келісімшартты кезекті жеңіс деп бағалап, көрсетуден ұялған тұстарын келтіреміз.
Қазақстан мен ЕО арасындағы кеңейтілген қарым-қатынас туралы келісім (резолюция)
Еуропалық парламенттің 12-желтоқсан 2017 жылғы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген келісімшартты қабылдау туралы резолюциясы.
Еуропалық одақ осыған дейінгі Қазақстанға қатысты қатаң резолюцияларын, оның ішінде Евгений Жовтиске қатыстыны, екі жақтың арасында бар «саяси, экономикалық және әлеуметтік айырмашылықтарды» ескере отырып қабылдаған. Сонымен қатар, ЕО жағы келісімге сай адам құқығының сақталуы, әділетті сот, демократиялы қоғам сынды мәселелерге баса назар аударып, олар бойынша жіті қадағалау боларын ескерткен.
Резолюцияның жалпы қағидаларында былай делінген:
ЕО мен Қазақстан арасындағы саяси, экономикалық және мәдени қарым-қатынастың нығаюы екі тараптың да жалпы ортақ құндылықтарға, демократияға, заңның үстемдігі, адам құқығына деген сыйластық пен оның сақталуына негізделуі тиіс.
ЕО бұл келісім екі тарапты да заңның үстемдігіне, барлық азаматтардың демократиялық қатысуына, саяси әралуандыққа деген төзімге, үкіметтің ашық әрі есепшіл болуына, еңбек туралы заңның жақсаруына, орта және шағын бизнеске қолайлы жағдай жасалуына, қоршаған ортаның тұрақты дамуына жағдай жасауға, су және басқа да ресуртарды басқаруға, энергияның және басқа да энергия көздерін тиімді пайдалануға шақырады деп сенеді.
ЕО Еуропалық парламенттің бұл келісімшарт негізінде екі тарап та адам құқығы сақтау бағытында нақты алға жылжу боларына сенімі болғанын еске салады. Еуропалық парламент Қазақстандағы сөз бостандығының, бейбіт жиындар мен ассоциациялар бостандығының шектеулі күйде екеніне алаңдаушылық білдіреді. Ол жөнінде Венециялық комиссияның БҰҰ-ға жазған, 2015 жылдың қаңтарында Қазақстанда болған сапары жөнінде есебінде де айтылған.
Өзінің резолюциясында Еуропалық парламент кезекті рет өзінің азиялық серіктесін жалпыға ортақ адам құқықтары мен бостандығын сақтауға шақырады.
Сонымен қатар ЕО Қазақстанды БҰҰ, ЕҚЫҰ және Еуропа кеңесі аясында алған демократиялық бағытқа бет бұру, заң шығарушы және атқарушы биліктің дербестігі сынды міндеттерін орындауға шақырды.
ЕО жуырда болған конституциялық және әкімшілік реформаларға оң баға беріп, 2015 жылы қабылданған заңдарға сай азаматтық қоғам өкілдері жұмыс үшін қауіп төндіретін Әкімшілік және Қылмыстық кодекстегі өзгерістерге терең алаңдаушылық білдіреді.
ЕО Қазақстан тарапын 2016 жылғы сайлау қорытындысы бойынша ЕҚЫҰ жасаған ескертулерді орындауға шақырды. Оған сай Қазақстанда әлі де сайлауды бұрмалау, әділ сайлау элементтеріне қиянат жасау факторы бар. Сонымен қатар, азаматтардың демократиялық жолмен өз таңдауын жасауға және сайлану құқығы бұзылатынына назар аударады.
Соңғы әкімшілік реформаларды қолдайды және әлі де жемқорлықпен күрестегі тәуелсіз сот пен нәтижелі жұмысты жақсартуды ұсынады.
Үкіметтік емес ұйымдарға атысты жаңа заңға қатысты алаңдаушылығын қайталап айтады.
Тәуелсіз журналистерді, азаматтық қоғам белсенділерін, кәсіподақ жетекшілерін, құқыққорғаушыларды, оппозициялық көзқарастағы саяси белсенділерді, тағы басқа өз пікірін жасырмайтын азаматтарды көзқарастары үшін түрмеге жауып, қудалау парктикасын тоқтатуға шақырады.
Жоғарыда аталған себеппен түрмеде отырған азаматтарды тез арада босатып, бостандықта бірақ құқықтық шектеудегілердің барлық заңды құқығын қайтаруға шақырады. Сонымен қатар, Интерполдың жұмысын асыра пайдаланып, шетелдегі оппозиция өкілдерін қудалауды тоқтатуға шақырады.
Сөз бостандығына қатысты қалыптасқан теріс тенденцияны жойып, тәуелсіз журналистерді қудалауды тоқтуға шақырады.
Жаңа қабылданған лаңкестік туралы заң бойынша азаматтықтан айыру жазасы оппозиция өкілдеріне қатысты қолданылуы мүмкін деген қауіп білдіреді.
ҚР Қылмыстық коексіндегі 174 бапқа (әлеуметтік, ұлттық және басқа да алауыздық туғызу) қатысты алаңдаушылық біліреді.
Осы баптар бойынша бейбіт митинг үшін қамауда отырған Макс Боқаев пен Талғат Аянды тез арада босатып, ақтауға шақырады.
2014 жылы қабылданған Кәсіподақтар туралы заңды және 2015 жылы қабылданған Еңбек кодексін қайта қарауға шақырады.
Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын қудалауды айыптап, оның президенті Лариса Харькованың сот шешімімен айыпты деп табылғанына өкініш білдіреді.
2017 жылдың сәуірінде кәсіподақ жетекшілері Нұрбек Құшақбаев пен Әмин Елеусіновтың сот шешімімен түрмеге жабылғанына өкініш білдреді.
Бұл сот шешімдерінің елдегі тәуелсіз кәсподақтың дамуына кедергі боларын ескертеді.
Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы жыл сайынғы адам құқығы бойынша келіссөздің сапасын арттырып, нәтижелі болуына ықпал етуге шақырады.
Сонымен қатар, Қазақстанның 2011 жылы Жаңаөзенде болған оқиғаға қатысты тәуелсіз халықаралық тергеуден қашуын айыптап, БҰҰ ұсынған Халықаралық соттың Римдік мәртебесін қабылдап, қол қойып, қосылуға, сол арқылы халықаралық тергеуге жол ашуға шақырады.