• Главная
  • >
  • Владимир Козлов: «Жаңаөзен - ол мәңгі, оны ұмыту мүмкін емес»

Владимир Козлов: «Жаңаөзен – ол мәңгі, оны ұмыту мүмкін емес»

15.12.2017

– 6 жыл бұрын Жаңаөзен оқиғасы орын алды. Неге мұнайшылардың бейбіт қарсылығы қанды қырғынға айналды? Бұл мәселені бейбіт шешудің жолы болды ма? Меніңше бұл сауал дәл қазір, кеншілердің мәселесіне орай бұрыңғыдан да актуалды.

– Меніңше, Жаңаөзеннің басты сабағы, қалайда сананы өзгертті. Қарсылықты қанды жолмен басуға болмайтынын анық көрсетті. Сондықтан, кеншілердің мәселесі бейбіт жолмен шешілеріне сенімдімін.

Ал жұмысшылардың наразылығы қашан да заңды. Алты жыл бұрын Жаңаөзенде болсын, дәл қазір кеншілерде болсын. Себебі, капиталистік заманда жұмыс беруші ұсынған жағдайға көңілі толмаса, жұмысшы бейбіт наразылық танытуға әбден құқығы бар. Оның барлығы да заңды, қалыпты жағдай. Бұл жерде ешқандай алауыздық тудырудың ізі де жоқ. Капилатистік қоғам болғандықтан, әрине жұмыс беруші көбірек табыс тауып, азырақ жалақы төлегісі келеді. Ал жұмысшы әрине мұнымен келіспей, өз талаптарын қояды.

Кеншілер бәрібір талаптарының бір бөлігін орындатады және бейбіт жолмен. Меніңше бұл Жаңаөзен оқиғасының сабағының нәтижесі. Әсіресе билік үшін сабақ болды деп ойлаймын.

– Сізді Жаңаөзеннің құрбандарының бірі деп айтуға болады, меніңше. Ол оқиға үшін ең көп түрмеде отырған сіз. Осымен 6 жыл уақыт өтті. Ол оқиғаларды, үстіңізден болған сотты қазір қалай қабылдайсыз, сезімдер өзгерді ме?

– Меніңше көзқарас пен қабылдау өзгерген жоқ. Әсіресе сотқа деген көзқарас өзгерген жоқ. Мен жарыссөзде екі күн қатар сөйледім. Ол бір өзімді көрсету немесе қызыл тіл үшін емес. Маған тағылған айыптың әр бөлігіне жауап беруге тырыстым. Мың беттен астам беті бар айыптауға жауап бергім келді. Айыптаудың әр сөйлеміне қарсылық айттым, өз қарсылығымды заңмен дәлелдедім. Әрине, сол үшін кінәсіз деп таппайтынын білдім, оның барлығын да тарих үшін істедім. Тарихта барлығы қалады, ешкім өшіре алмайды.

Ал түрмеден шыққаннан кейін мүлде бөлек сезімде болады адам, ол сіздерге де таныс деп ойлаймын. Жанболат та біраз уақыт сондай сезімде болған шығар. Тура сені қаптан төгіп тастағандай күйде боласың. Жан-жағыңа жатырқау қарайсың. Өмірге деген бейімділігің жоғалған күйде шығасың. Мен алғашқыда дүкенге кіргенде ақшаны істеу керек екенін ұмытып қалғанымды түсіндім.

Алғаш шыққанда күтпеген қуаныш болады. Бірақ, кейін бәрі қайтып есіңе түседі, қалыпқа келеді. Ал Жаңаөзен – ол мәңгі, оны ұмыту мүмкін емес. Жаңаөзен де 1986 жылғы оқиғамен тең қасірет. Әуелі 1986 жылғы оқиға, одан кейін Жаңаөзен. Бұл енді өзгермейді. Тарихта солай қалады.

Сол кезде зардап шеккен, әлі де тиісті көмекті алмаған адамдар жеткілікті. Сол Жаңаөзенде жараланған, асыраушыларынан айрылған адамдар әлі де тиісті көмегін алмады.

Не құқықтық, не моральды, не этикалық, не мемлекеттік бағасын Жаңаөзен оқиғасы әлі алған жоқ. Бірін отырғызды, бірін атты, бірін орнынан алып тастады. Барлығын осылай ғана жауып тастады. Нағыз мемлекеттік тұрғыдан бағасын алатын уақыт әлі де келген жоқ.

– Жаңаөзеннің сабағы жайлы сіз жоғарыда айттыңыз. Қалай ойлайсыз, содан бері халық пен билікті қарым-қатынасы өзгерді ме?

– Меніңше, ешбір оқиға ізсіз кетпейді. Өзгеріс алып келеді. Ал Жаңаөзен билікті әбден сілкіп алды. «16 адам өлді, бұл не сұмдық болды» деген сілку емес. Олар адам өміріне суыққанды. Билікті Жңаөзен басқа тұрғыдан сілкіді. Әлемдік мәні бар халықаралық жиындарда Жаңаөзен атала береді. Одан ешқайда қашып құтыла алмайды. Тиісті баға берілмегені, еуропалық беделді ұйымдар тарапынан теріс баға берілгені өз салдарын көрсетіп жатыр. Өз деңгейіндегі тергеу мен соттың болмағаны керісінше биліктің алдынан шығады да тұрады.

Тіпті Жаңаөзен оқиғасынан кейін түрмеге түскен тұтқындарға ол оқиға көмектісті деп анық айта аламын. Себебі батыста Жаңаөзен сотынан кейін Қазақстанның әділеттілінгіе деген күмән үлкен.

Кеншілерге де ол жағдай көмектесіп тұр. Меніңше, билік ендігі кімге қатысты да ондай күш қолдануға бармайды.

Қылмыстық істер, түрмеге тоғыту болуы мүмкін. Ал адамдарға оқ ату енді қайталанбайды деп сенемін.

– Андижан оқиғасынан кейін Ислам Каримов ұзақ уақыт әлемдік оқшаулауға түсті. Оның қолын алыспайтын президент қатарына қосылды. Неге Қазақстан билігі дәл мұндай негативтен құтылып кетті?

– Меніңше Өзбекстан әлемдік қауымдастықтан бұрыннан да жабық мемлекет. Оның саясаты мен ішкі жағдайы сол жабықтықтың кесірінен бұрыннан да күдік тудыратын.

Ал Қазақстан бұрыннан «демократия көрінісін» жасауға әбден үйренген. ЕҚЫҰ-ға жетекшілік, саммит сияқты жиындарды жасап тұрады. Сондықтан, шетелдіктермен жұмыс істейтін мемлекеттік органдар іште демократиялық өзгеріс жасамай-ақ, сыртқа басқаша көрініс жасауға әбден машықтанған. Ана жерде өтірік айтады, мына жерде жалған айтады, мында шындықты жасырып қалады, дәл солай нәтижелерге қол жеткізеді. Ал әлемдік қауымдастық Қазақстан туралы көмескі ғана біледі, сондықтан сол өтірікпен қандай да пікір қалдыруда Қазақстан Өзбекстанға қарағанда көп жұмыс істейді. Болу емес, көріну үшін Қазақстан жақсы жұмыс істейді. Халық үшін, ұлт үшін, демократиялық қоғам үшін жұмыс істеу емес. Тек көріну. Ал көріну үшін барлығы да жасалады. Ақшаны да аяп қалмайды. Меніңше бәрі тек соның әсері.

– Жаңаөзен болашақта тиісті бағасын ала ма? Оған кінәлі адамдар тарихи жазасын алатын күн бола ма?

– Мен Жаңаөзенді1986 жылғы желтоқсан оқиғасымен салыстыра аламын. Ол жағдай тек 1991 жылы өзінің тиісті бағасын алды. Оған дейін, «алаңға шыққандар ішкіштер мен бұзақылар, ұлтшылдық пиғылдағы надандар, милициямен қақтығысқа өздері барып, тиісті жазаға тартылды, сол үшін сотталды» деген . Бұл баға ең жоғарыдан келген еді.

Тіпті «Дружба народов» журналына да дәл осы баға шыққанын білеміз.

Бірақ, 1991 жылы барлығы өзгерді, желтоқсанға қатысқандар ақталды.

1986 жылғы оқиға қаһармандарына қазір көшелер аты берілуде. Яғни, бағалау түбегейлі өзгерді.

Меніңше Жаңаөзен дәл сондай бағасын алады. Жаңаөзенді тарихи тұрғыдан бағалау міндетті түрде болады. Бірақ, ол үшін қоғамда, билікте өзгеріс керек. Ал әділетті бағаны беру үшін соттың жазбалары, дәлел жеткілікті. Соның барлығын көрген, оқыған адамның объективті баға бермеске амалы жоқ. Ол баға қазіргі бағадан түбейгелі өзгеше болады.

– Сұхбатыңызға рахмет!


Добавить комментарий