Кеше Қарағанды облыстық апеляциялық сот Балқаш қаласының тұрғыны, жемқор шенділердің үстінен арыз жазамын деп өзі істі болған Санат Бүкеновты қамауда қалдыру туралы шешім шығарды. Санат Бүкенов 3 наурыз 2016 жылы «жалған жала жабу» бабымен айыпты деп табылып, төрт жылға бас бостандығынан айрылған еді.
Осыған ұқсас бап бойынша Шығыс Қазақстан облысында фермер Едіге Батыров та жазасын өтеуде. Оны сот шешімімен үш жылға бас бостандығнан айырған еді. Ең қызығы, Батыровты түрмеге жапқанмен, оның арыздары бойынша 18 іс қозғалып, біраз шенділер айыпты деп табылып, түрлі шартты жаза алған.
Ал, бүгін біздің сайттың әлеуметтік желідегі парақшасына тағы сол Қарағанды қаласынан видео үндеу түскен еді. Ол жерде азаматша Гүлзира Әбдікәрімова өзі істейтін мекемедегі жемқорлық жайлы хабарлағаннан кейін, дәл қазір өзіне қылмыстық іс қозғалғанын айтады.
– Мен бір жыл облыстық сараптама орталығының қойма меңгерушісі қызметін атқардым. Сол жыл ішінде көптеген жемқорлық фактісінің куәгері болдым. Басшылар өздерінің жемқорлыққа қатысты жоспарларын талқылағанда мені жас балаша дәлізге шығарып жіберетін. Бас бугалтермен ауызжаласқан басқа да басшылар қоймаға түспеген тауардың құқынын белгісіз Жеке кәсіпкерлердің есепшотына аударып отырды. Ал қоймаға ол тауарлардың бірі де түскен жоқ. Менің қолымда олардың жасаған құжаттарының бәрінің көшірмесі бар. Оның барлығы да мемлекеттік тапсырыстың ақшасы болатын.
Мәселен, зертханалардың бірінің шатырын ауыстырамыз деп қыруар қаржыны жазып, шатырдың орнына ең арзан қалыңтырды алды.
Ал бір күні бугалтерлік құжаттарда жоқ тауардың барлығы қоймаға түскендей, мен қабылдап алғандай есеп жасалғанын көрдім. Бірден шу шығардым. Менің қатысымның жоқ екенін, ондай заңсыз іске өзімді араластыруға жол бермейтінімді айттым.
Сол кезде мені жұмыстан кетірудің барлық амалын жасады. Ең соңында, бір жылдық контрактімнің біткенін сылтауратып, жұмыстан шуғарды.
Мен еңбек инспекциясына және жемқорлыққа қарсы бюроға арыз жазып, барлық білгенімді айттым. Мені тергеуге шақырып, енді мекемеде тексеру басталатынын айтты.
Ал енді іс бойынша қылмыстық іс менің үстімнен қозғалғанын білдім, – дейді Гүлзира Әбдікәрімова.